Қазақша сценарий: Ұлт тілін ұлықтаған — Мұхтар Шаханов
(Ақын Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш)
Сценарий тақырыбы: Ұлт тілін ұлықтаған
Кештің мақсаты: Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашы лығы туралы мағлұмат бере отырып, жырларының құдіретін сезіну, тіл шұрайын таныту, тарихи шындықты, сөз өнерімен өрнектелген әсемдікті түйсіне білуге баулу; Адамгершілік, рухани қасиеттерді оқушылар бойына сіңіру, отансүйгіштік сезімдерін шыңдау;
Кештің көрнекілігі: ақын портреті, ақын туралы лебіздер
Кештің барысы: Музыка ойнап тұрады.
1– жүргізуші:
Даласындай дарқан халық ел,
Білгің келсе бізге досым, жақын кел,
Қазақ халқы – Мұхтарымен жазушы
Қазақ халқы – Мұхтарымен ақын ел.
2 – жүргізуші:
Кім еліне Мұқанша сыр ағытты,
Кім Мұқанша бағындырар бағытты
Қазақ халқы — Мұхтарымен Алатау
Қазақ халқы – Мұхтарымен бақытты.
1-жүргізуші: XX ғасырдың алпысыншы жылдарында қазақ поэзиясында өз болмысымен, өз үнімен жарқ етіп танылған М Шаханов –қазақтың біртуар көрнекті ақыны. Асқан талантымен, айбынды ақындығымен, асқақ азаматтығымен ерекшеленген ірі тұлғамызға арналған «Ұлт тілін ұлықтаған» атты кешімізге қош келдіңіздер.
2-жүргізуші: Өз елінің намысын ту қып ұстаған ақын өмірбаянына сөз берсек…
Туған жылы: 1942 жыл 2 шілде
Туған жері: Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылы
Қызмет жолы: – трактордың тіркеушісі;
Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер;
«Лениншіл жас» газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші;
1-жүргізуші: Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы;
Республикалық «Жалын» журналының бас редакторы;
КСРО халық депутаты, КСРО Жоғары Кеңесінің мүшесі, ҚР халық депутаты;
Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994ж.) Қазақстанның халық жазушысы (1996ж.)
2-жүргізуші: Мұхтар Шахановтың сынып жетекшісі болған Әбдіқұл Қошанов ақынның мектептегі кезеңін былай деп суреттейді: «Мұхтардың әкесінің аты Шахан еді, ауыл тұрғындары оны «Шахан молда» деп атайтын. Анасының есімі – Ұмсын. Мен ол кезде «Жұлдыз» орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтінмін. 1954 жылы Мұхтар біздің мектептің 4-ші сыныбына оқуға келді. Келесі жылы мен сынып жетекшісі болдым. Мұхтар сол кезде-ақ кітапқа құмар болып өсті. Әдебиетті көп оқитын, өлеңдерді жатқа айтатын. Сол кездегі атақты ақындардың кітабын қолынан тастамайтын. Сабағы жақсы, момын болатын, ешкіммен ұрысып-төбелескенін көрмеппін. Ол велосипедпен келе жатса да ойына өлең шумақтары түссе болды, дереу жерге отыра қалып, оны дереу қойын дәптеріне жазып алатын. Сондайда оны түсінбейтін кейбіреулер «Шаханның баласына бірдеңенің шалығы тиген бе?» десіп жататын».
1-жүргізуші: Ақын аға есімінің Мұқтар болуының да өзіндік сыры бар. Өз есімінің Мұхтар қойылуын ақын «Мені неге Мұхтар қойған» өлеңінде былай деп жырлайды…
«Мені неге Мұхтар қойған» Мұрат Әуезовке өлеңі оқылады.
2-жүргізуші: Я, өкінішке қарай ұлының Абай, Мұхтар бастаған ұлы көштің соңына ергендігін әкесі көре алмай кетті. Ақын әкесі туралы былай сыр шертеді.
Анам он үш құрсақ көтеріпті. Менен басқаларының барлығы көз жұмды. Мен үйдің он екінші баласымын. Анам 1912жылғы еді. Мені 1942 жылы, яғни 30 жасында дүниеге әкеліпті.Ал менен екі жас кіші інім Махамбет ата-анамның кенжесі болды. Мен мектепке барғанда ол да «барам» деп ұмтылды. Бірақ жасы жетпегенсоң қайдан алсын? Махамбет сол кездің өзінде өте ерекше қабілетті, мықты бала еді. 6 жасында абайсызда құлап, сан сүйегі жарылған екен. Ол уақытта ауылда дәрігер деген атымен жоқ. Кейін ауруы асқынып, ақыры содан о дүниелік боп кетті. Әкем Досболов Шахан 9 жасымда қайтыс болды. Арғы-бергі тарихтан үлкен деңгейде хабардар, білімді, ескіше оқыған, молдалығы бар адам еді. Небір дастандарды, ертегілерді құлағыма құйып отырды. Бастысы өте таза адам еді. Әкемнің де, менің де туған жерім – Отырар ауданы Шілік ауылы. Бірақ ол жерден біз ерте қоныс аударып кеттік. Кейін 11 жасыма дейін Төлеби ауданының Қасқасу ауылында өстім. Негізі менің бет-әлпетім әкеме келеді. Ол кезде біздің ауылда суретке түсіретін адам жоқ еді ғой. Әкемнің суреті де калмапты.
Ән «Әке туралы жыр». Орындайтын: Наурызғалиева Сымбат
1-жүргізуші : осы «Бақыт» деген не өзі ?
2-жүргізуші : Бақыт деген –сенің бала күндерің
Бақытсыз –ақ бақытты боп жүргенің
Бақытын да, басқасын да білмеуің
Бақытсыз-ақ ойнағаның-күлгенің- деп Мұқағали атамыз айтқандай, осы отырғанымыздың өзі бақыт емес пе ? Ал Мұхтар ағаның бақыты неде екен ? «Бақыт геометриясы» Әлішер,Бексұлтан
1-жүргізуші : «Достық- шын мәнінде махаббатпен тең тұратын талант.Ол ерекше қабілетті, ерекше талантты, ерекше жанкештілікті талап етеді. Өйткені досқа осалдық еткен адамдардың барлығы басқа мәселеде де осалдық етеді деп есептеген» ақын.
«Достық өлкесінің заңы» өлеңі Інжу, Әйгерім
2-жүргізуші: «Олжас Сүлейменов -біздің халқымыздың дара перзенті, ұлы ақыны. Кеңестік — тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде ол ядролық сынақтарға қарсы батыл үн қосып, «Невада- Семей» қозғалысын құрды. Оның алдында «АЗ и Я» ктабымен ұлтымыз дың рухын көтерді, ол еңбектерін ешкім де жоққа шығара алмайды.»-дейді Мұхтар Шаханов. Олжас Сүлейменовке арнаған мына өлең ақынның достықты қадірлей білетіндігіннің айғағы іспеттес.
«Біз қазақтың екі ақыны, әрқашанда біргеміз» өлеңі Жұлдызай
1- жүргізуші: Ақын поэзиясына алтын арқау болған тақырыптардың ізгі махаббат, шынайы сүйіспеншілік. Атақты «Қорлан» әнінің авторы Естай ақын 72-келіп, тіршілікпен қоштасар шағында аласұрып, жан досы Нұрлыбекті іздепті, екі күндік қашық жерде тұратын Нұрлыбек аттан құлап, аяғын сындырып алғанына қарамастан арбаға жамбастай жатып, досына жеткен екен. Сонда Естай әбден жұқарып тозуға айналған сұқ саусағындағы жүзігін көрсетіп: «Сүйегіме кіретін қарттарға ескерт. Мына жүзікті жарты ғасыр қолымнан тастамай келгенімді білесің. Ендеше, қалған ғасырларда да саусағымда жарқырап жатсын, ұлы сезімін кішкен жүзігіне сидырған қайран Қорланым-ай!» — деп ағыл-тегіл жылапты.
«Ғашықтық ғаламаты» өлеңі кезек берейік. Ақтентек, Тұрсынгүл, Нұрсәуле
2-жүргізуші: Мына ән шумақтары бәрімізге де таныс болар,
Өзің едім тірегім де,
Жыр боп тұндың жүрегімде
Мені сендей түсінетін
Кім бар екен бұл өмірде?
Бұл әннің өлеңін жазған Мұхтар Шаханов екенін көбіміз біле бермеуіміз мүмкін. Әр өлең жолынан сүйген жардың ерке назы мен сүйгеніне деген адал сезімі шуақ болып есіп тұрғандай….
Ән «Айналайын» орындайтын Сүтеева Ақтентек
1-жүргізуші : Мұхтар Шаханов «Желтоқсан оқиғасына» орай азаматтық әрі парасаттылық көрсетті.
Өзі айтқандай:
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Ал, біреулер намысы жоқ, жігер, қауқар, қоры жоқ.
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп
Жоқ!!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған олар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылмаған тары боп. Мұхтар Шаханов жайлы қандай еңбек жазылса да, Желтоқсан оқиғасы мен ақын Мұхтар есімі қатар айтылары анық. Қазақ халқының басына түскен сол ауыр жылдары Мұхтар Шаханов етегі жасқа толған қазақ аналарының рухани демеушісі, жұбатушысы болды.
«Желтоқсан алаңы» Бекқожа
2-жүргізуші:
Безбүйрек нарықтың бәсейтіп даңғырын,
Зарланған, қорланған туған тіл тағдырын
Космополит басшылар шешпей ме, шеше ме?
Тіліміз қала бере ме панасыз адамдай көшеде?
Ұлт үшін қазір бұл – Нөмірі бірінші мәселе.
Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Ақын туған тілінің тағдырына алаңдайды. Оның бір топ өлеңдері осы тақырыпқа арналған. «Рух пен тіл» өлеңі
1-жүргізуші:
Өзендер мен көлдердің
Көлден шалғай шөлдердің,
Биіктер мен алыптардың
Жылулар мен жарықтардың арасын жалғап келген бір ән бар, — деп ақынның өзі жырлағандай, оның көп өлеңіне ән де шығарылған. Көпшілікке танымал бұл әңдердің сөзін жазған М.Шаханов екенін біле бермеуіміз де мүмкін. Бұл әндер: «Айналайын», «Гүлдәурен», «Өмір-өзен», «Кешікпей келем деп едің», «Ақ бантик» «Туған күн кешінде» және тағы басқа көпшілікке танымал әндер. Ендеше, әрбіріміздің туған күнімізде шырқалып, жақсы күндеріміздің куәсі болған әнді қабыл алыңыздар. «Туған күн кешінде» әні
2-жүргізуші Ақын болу дегеніміз – тек қана өлең құрастырушы емес, мүлде басқа міндет екен. Ақын болу дегеніміз – бірінші кезекте өзіңді туған халықтың парасат биігін меңгеру, оның жеңілісі мен жеңісін, ғасырдың жаңбыры шайып, күні қақтаған жалаулы дәстүрін, қалаулы әдеп-ибасын, алаулы достық-махаббатын өз жүрегіңнің елегінен өткізу. Өз халқыңның қайғы-қуанышын тек өз қайғы –қуанышым деп таныған шақтан бастап қана ақындық өнерге бет бұрады екенсің. Өйткені, « Кім қаншама шексіз сүйсе отанын, оның тартар азабы да соншама», -дейді ақын. Келесі сөзді ақын поэзиясына береміз.
«Жігерлендіру» Өзін бақытсызбын депесептеген жігітке жауап Рауан
«Төрт ана» өлеңі Әбиева А
«Жалын» өлеңі Аманжолов Ә
«Үнсіздік» Жақсылықова П
«Цемент»Рахатова Д
«Алтын, күміс және қалайы» Сермағанбетова Ж
1-жүргізуші: Мұхтар Шаханов — өз әріптестерінің арасында да өте жоғары бағаға ие болған ақын. Ол туралы лебіздердіі тыңдасақ
1-оқушы.
Мұхтар Шаханов — өзінің адасқақ дүлей дәуірінің белсенді ар-ожданы. Оны билік тұғырындағылар бағалай қояр мекен? Бірақ мен осындай азаматтың өзіме жақын дос екенін мақтан етемін.
Расул Ғамзатов
2-оқушы.
Ашық айтар болсақ, бүгінгі өз замандастары арасында Еуропада Шахановқа тең келер ақын жоқ.
Роберто Чиули
3-оқушы
Ол – жаңаша ойлау дүниесінің өрені. Менің пайымдауымша, мұндай өзгеше мән-мазмұнға ие ақын бүгінге дейін күллі Азия әдебиетінде болған жоқ… Нақ осындай заңғар деңгейдегі ақын XX ғасыр мен XXI ғасыр аралығында бой көрсетуі керек –ақ еді. Ол ақынның Мұхтар Шаханов екені даусыз.
Шыңғыс Айтматов
4-оқушы
Құдайым әр ақынға өз ұлтына осы Мұхтар Шахановтай еңбек етудi жазсын.
Джон ЭШБЕРИ
5-оқушы
Қалай десеңдер, олай деңдер, Мұхтар Шаханов — ұлт мүддесiн қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар, тұлғалы ұлы ақын. Кешегi Желтоқсан көтерiлiсi кезеңiнде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мәскеудегi қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенiң алпауыттарына басын бәйгеге тiге отырып қарсы шыққан, сөйтiп, ұлтымызды үлкен әдiлетсiздiктен қорғап қалған осы жiгiт […] Қасым ҚАЙСЕНОВ, Халық қаһарманы
2-жүргізуші:
Әр мұзбалақ өз әнін айта келер,
Айта білу ежелден байтақ өнер.
Тауға шығып ән салсаң,
О, керемет!
Жаңғырық боп дауысың қайта келер.
М.Шаханов –әрі ақын, әрі сазгер. Оның бірнеше өз әндері бар. Олай болса келесі кезекті әнге берейік. Ән «Гүлдәурен» орындайтын Оразалы
1-жүргізуші: «Бала кезімнен бастап әкем мені алдына алып отырып, Отырарды қорғаған ұлы бабалардың ерлігі,мен Шыңғыс ханның зобалаңы жайлы әңгімелейтін. Анамның «Бала әлі жас қой, түсіне қояр деймісің?» дегеніне әкем: «Жоқ, түсінуге тиіс, түсінбесе өзіне қиын. Тамырын тереңге жібере алмаған дарақтың ғұмыры келте» дейтін. Менің бірнеше дүркін Отырар жайлы жазуыма тура келсе, осының барлығы әке сөзінің маған берген әсері»- дейді ақын.
«Отырар» дастанынан үзінді Райымбек
Ақын өлеңіне жазылған Тақаева Айдананың орындауындағы «Отырардағы той» әні.
2-жүргізуші : Анам марқұм Ұмсын Айтбайқызы «Неше перзентіңіз бар?» — деп сұрағандарға: «Ұлым үшеу, үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – Мұхтар Шаханов» — дер еді.Бірде үйде қонақта отырғанда Дінмұхаммед Қонаев: «Жеңеше, қазақтың үш мықтысын дүниеге бір өзіңіз әкелген екенсіз ғой», — деп әзілдегенде, «Екеуінің мықты екені рас, ал үшіншісінің шынайы биікке көтерілуі үшін әлі көп тер төгуіне тура келеді», — деп жауап бергені есімде қалыпты. Анам Шәкеңді де, Төкеңді де өзгеше аналық парасатпен жақсы көрді. Ол екеуі де анам дегенде ішкен асын жерге қоярдай құрметінен танған емес.
1—жүргізуші: Я, ақынның көптеген әндерін қазақтың «Вальс королі» атанған Шәмшідей композиторсыз елестету мүмкін емес. Махаббат гимніне айналған «Арыс жағасында» әнін әу дейтін қазақтың бәрі біледі десем қателеспейтін болармын. Ендеше осы әнді бәріміз бірге орындайық.
2-жүргізуші:
Ән туады мұраттан,
Ой туады сұрақтан,
Небір үлкен өзендер басталады бұлақтан.
Бірақ соның барлығы жете алмайды теңізге,
Жоғалтады өзді-өзін, түседі де көп ізге.
Өмір кейде тым қатал, өмір кейде тұйықтау,
Кей өзеннің жолына бөгет болды биік тау.
Небір асау, асығыс, шулы өзендер ақ тарлан
Арып-арып барған да, құмға сіңіп жоқ болған.
Жолсыздық пен жөнсізді жалықты көз көруден,
Құтқар анау өзенді құмға сіңіп өлуден.
Құтқар анау аққуды сол өзеннен жеруден,
Ағын судан зерігіп, шалшық суға сенуден.
Өзен болу — үлкен сын,
Бақыт емес ол да аса
Теңізге ағып баруға мүмкіндігің болмаса.
1-жүргізуші: Өмірде өзімізді жоғалтып алмай, арманның биік асуларынан көріне берейік деген тілекпен бүгінгі М.Шаханов шығармашылығына арналған әдеби — сазды кешімізді аяқтаймыз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!