Көкшетауда студенттер «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаевпен кездесті

0

Жастар жылына орай ұйымдастырылған кездесу барысында студенттер өздерін толғандырып жүрген бірқатар мәселеге қатысты сұрақтарға жауап іздеді. Сондай-ақ, «Жас Отан» Жастар қанатының тың жобаларымен танысып, өз ойларымен бөлісті.

– Биыл «Жас Отан» Жастар қанаты 2019 жылдың жоспарына сай жұмыс істеуге кірісіп кетті. Мәселен, «Жастар — ауылға» жобасын ұйымдастыру үстіндеміз. Біз бұл жоба арқылы ауылдарда іс-тәжірибеден өтетін  жастарды жинаймыз. Сонымен қатар,  Digital nation, English for jastar, «Білім орталықтары» жобалары жалғасын таппақ. Жас археологтар үшін «Құс жолы» жобасы әзірленуде. Сондықтан, 2019 жыл жастарға жаңа мүмкіндіктер беріп, өз ойлары мен мақсаттарын іске асыруда көп қолдау болмақ, – деді «Жас отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев.  

Жастар жылы жас қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер сыйламақ. Қызықты жобаларды іске асыруда барлық жағдайлар жасалады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр жасқа өз қырын жақсы жағынан көрсетіп, одан әрі ашылуға мүмкіндік беруде. Сондықтан, барша қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асырудың уақыты келді.

– Бұл жылдың біз үшін маңызы зор. Себебі, осы жыл «Жастар жылы» болып бекітілді. Сондықтан, тың жобаларды іске асырудың уақыты келді. Жастарға дұрыс бағыт беріп, тәрбиелейтін жобаларды көптеп ойластыру керек,–дейді университет студенті Ислам Байрамов.

«Мемлекеттің маған берері не?» емес, «Менің мемлекетке тигізер пайдам қандай?» деген сұрақ әр жасты толғандыруы керек-ақ. Осы мақсатты ұстанған облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Сұлтанбек Бекешев әлеуметті дамыту үшін жастарға қолайлы жағдай жасау аса қажет деп өз пікірін білдірді.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Көкшетау қаласы,

Ақмола облысы.

Дереккөз: http://egemen.kz/