Бостандыққа шыққан Гауһар Әлімбекова халыққа видеоүндеу жасады
Қысқа сілтеме алу
Өнер жұлдызы сот үкімімен алаяқтық жасады деп танылып, алты жылға сотталған болатын
АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. Бүгін ғана қолхатпен түрмеден босап шыққан әнші Гауһар Әлімбекова өзіне қол ұшын созған барша жанға алғысын жаудырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Видеода әнші мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен өнердегі әріптестеріне ризашылығын білдіреді.
«Министр мырзадан бастап, баршаңызға үлкен алғыс айтамын. Мен мына жерде отырып, барлықтарыңыздың мен үшін уайымдағаныңызды, жүректеріңіздің менімен бірге болғанын сезіндім деп аузымды толтырып айта аламын», — дейді Әлімбекова видеода.
Айта кетсек, бүгін әнші сот үкімі күшіне енгенге дейін қолхатпен босатылды. Әзірге Әлімбекова үйқамақта болады.
30 қаңтарда Алматы қаласы Алмалы аудандық соты өнер жұлдызын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Әншімен қоса сот алдында 2016 жылы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған Феруза Ордабаева да жауап берді. Анықталғандай, айыпталушылар танысына ірі тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып беруді уәде етіп, ақшаны қайтармай қойған.
Тағы оқыңыз: Гауһар Әлімбекова түрмеден шықты
Феруза Ордабаева 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол бұған дейін де сотталғаны, жазасының бір бөлігін әлі өтемегені белгілі болды.
Тағы оқыңыз: «Алланың осы сынақты бергеніне шүкір» Әлімбекова түрмеден хат жолдады
Жуырда Гауһар Әлімбекова өзінің амандығын білдіріп, түрмеден хат жолдаған еді. Әнші хатында өзін сотқа берген жәбірленуші Бақыт Назароваға жамандық тілемейтінін, Алла разылығы үшін кешіргенін жазған болатын.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/