Өндірістік жарақат алу азайды

0

2018 жылдың жұмысын қоры­ты­ндылаған жиын елордада Тату­ласу орталығының ашылуымен бас­талды. Татуласу орталығы – ең­бек және басқа да дауларды сот жүйе­сіне жеткізбей, татуласу жо­лымен шешуді көздейтін алаң. «2018 жылғы 19 наурызда әлеу­мет­тік тұрақтылықты нығайту және қо­ғамдағы шиеленісушілікті азайту мақсатында Кәсіподақтар федера­циясы мен Жоғарғы сот арасын­да ынтымақтастық меморан­думы жасалды. Соған сай 17 ау­мақтық кәсіподақтар бірлестігі ме­диация жолымен еңбек, әлеу­меттік дауларды шешу үшін об­лыс­тық және қалалық соттармен ынтымақтастық туралы мемо­ран­думдарға қол қойып, барлығында Татуласу орталығын құрған болатын. Сөйтіп өткен жылы республика бойынша 2140 медиациялық рәсім өткізілді. 980 еңбек дауының 872-сі ме­диа­циялық жолмен, ал 108-і ке­лісім арқылы шешілді», деді Оқу орталығының директоры Жа­нар Үсіпбекова. Медиатордың ай­туынша, меморандум шеңберінде сот корпусы мен кәсіподақтардың бір­лескен жұмысы әлі де жал­ғасын табуда. Судьялар еңбек, әлеу­мет­тік, отбасылық дауларды ше­шу үшін азаматтарды Татуласу орта­лықтарына жіберуде.

Алқалы жиында федера­ция­ның бастамасымен жарық көр­ген «Кәсіп­одақтар: теория және практика» ат­ты ғылыми моно­гра­фияның тұсау­кесер рәсімі де өтті. Автор­лар бұл еңбектің еліміздегі кәсіп­одақ­тардың қызметі мен мәртебесіне монографиялық зерт­теу жүргізіп, ел­дегі және әлем­дегі кәсіподақ қозға­лы­сының құ­қық­тық негізі мен жағ­дайына талдау жасаған тұңғыш кітап екенін атап өтті. 

Федерацияның бас кеңесінің оты­рысында Бақытжан Әбдірайым еңбек ұжымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттырып, еңбек заңдылығын сақ­­тауға байланысты қоғамдық бақы­­лауды күшейтудің, сондай-ақ әлеу­меттік-еңбек қарым-қатынас­­тарын реттеудің маңызды­лығына тоқталды. «Қазір кәсіп­одақ мү­шелерінің қатары 2 мил­лионға жетіп, еліміздегі ең ірі қо­ғамдық ұйымға айналды. 22 сала­лық кәсіп­одақ, 16 аумақтық  кәсіп­одақтар бірлестігі, 18 мыңнан астам бастауыш ұйым бар. Өткен  жыл­дың өзінде 470 бастауыш кә­сіп­­одақ ұйымы құрылып, 35 мың­нан астам адам кәсіподақ қатар­ына қосылды», деді федерация төрағасы.

Б.Әбдірайым еңбек қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету мақсатында әлеу­меттік әріптестермен бірге Қазақ­станның барлық өңірінде «Қауіп­сіз еңбек» бағдарламасы жү­зеге асып, «Еңбекті қорғау сала­сында про­филактика мәде­­ниетін бірге көте­реміз!» рес­пуб­ликалық акциясы және «Кәсіп­одақтар федера­ция­сындағы ең­бек­ті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» конкурсы өткенін жеткізді. Оның айтуын­ша, әлеуметтік әріп­тес­термен бірлесе жүргізген жұмыс­тың нә­тижесінде 2017 жылмен салыс­­тырғанда былтыр өндірістік жа­рақат 1678-ден 1568-ге (6,6 пайыз­ға), жұмыс жағдайында қайтыс бол­­ғандар 244-тен 216-ға (11,5 пайызға) азайған.

Басқосуда еліміздегі ірі және орта кәсіпорындарда өндірістік кеңестерді арттыру қажеттігі де айтылды. «Жұмысшылардың ең­бек құқын тиімді қорғау үшін жасалатын ұжымдық келі­сімшарт  2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда 77 750-ден  92 645-ге (16,1 пайызға) артты. Де­генмен шағын бизнес саласында ұжымдық келісімшартпен қамту әлі де төмен. Былтыр 1 наурызда басталған «Еңбек шартын жаса!» республикалық акция­сы аясында еліміз бойынша 10 мыңнан астам жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек шартын жасасты. Федерация табысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жөнінде мониторинг жүр­гізетін республикалық және аумақ­тық штабтардың жұмысына белсене қатысады. Қазіргі уа­қыт­та ұжым­дық келісімшартта қарастырылған разрядаралық коэффициенттер мен тарифтік мөлшерлемеге өзге­рістер енгізу жөнінде жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­лігінің  алдына төменгі еңбек­ақы мөлшеріне байланысты крите­рийлерді айқындау қажеттігі туралы мәселе қойылды. Ауыр, зиянды және қауіпті еңбекпен айналысатын жұмысшылардың еңбекақысына байланысты бірыңғай жүйе қарас­тыру туралы да мәселе көтерілді. Үкіметке өндірісте зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесі жөнінде ұсыныс жасалды. Биыл Жастар жылының жариялануына орай Кәсіподақтар федерациясы еңбек жастарының әлеуметтік және басқа да көкейкесті мәсе­ле­лерін шешуге бағытталған  бір­не­ше республикалық іс-шара өт­кі­зуді жоспарлап отыр», деді Б.Әб­дірайым.

Сондай-ақ жиында әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комис­сияның жұмыс сапасы мен деңгейін көтеру, өңірлік  келісім­дерді табысты жүзеге асыру, бас­тауыш кәсіподақ ұйымдарының әле­уетін арттырып, лайықты ең­бек жағдайларын жасау үшін биыл­ғы жылды аймақтар жылы деп жариялауға ұсыныс айтылды.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/