Жәнібек Әлімханұлы алдағы жоспары туралы маңызды мәлімдеме жасады
Қысқа сілтеме алу
Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы америкалық Стивен Мартинеске қарсы жекпе-жегінде айшықты жеңіске жетті
АСТАНА, 4 ақпан — Sputnik. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (5-0, 2 КО) әлем чемпионы белбеуі үшін қашан жұдырықтасатыны туралы айтты, деп хабарлады Sports.kz басылымы Boxing News журналының сайтына сілтеме жасап.
«Мықты қарсыласқа қарсы қалай жұдырықтаса алатынымды көрсеттім. Әлем чемпионы титулы үшін жекпе-жекке аз қалды. 2019 жыл мен үшін үлкен белестер жылы болмақ. Бұл — менің сапарымның басы ғана», — деді Әлімханұлы.
Естеріңізге сала кетсек, өткен демалыста Фриско қаласында (АҚШ-тың Техас штаты) Әлімханұлы «Сергей Ковалев — Элейдер Альварес II» жекпе-жегінің бокс кешінде рингке шықты. 25 жастағы қазақ жігітінің қарсыласы америкалық атақты боксшы, «Хитмэн» деген атпен белгілі Стивен Мартинес (18-5, 13 КО) болды.
Сегіз раундтан тұратын кездесудің үшінші раундында Жәнібек америкалық жігітті нокдаунға түсірді, ал бесінші раундта Мартинестің бапкерлері төрешіден жекпе-жекті тоқтатуды сұрады. Сөйтіп, Әлімханұлы кәсіби рингтегі бесінші жекпе-жегін техникалық нокаутпен аяқтаған.
Кездесудің айшықты сәттерін төмендегі видеодан тамашалаңыз.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/