Отандық машина өндірісіне де, тұтынушыларға да үлкен көмек

0

Машина құрастыру ісі жолға қойылысымен бұрын шикізат бағыты басым елімізде өңдеу өнеркәсібінің қадамы ілгері баса бастады. Осыдан он-он бес жылдай бұрын машина құрастыру туралы түсінік болмағаны рас. Тұрғындар машина тек шетелден ғана шығады деп ойлайтын секілді еді. Елбасының бастамасы арқасында шетелдердегі үздік брендтерді өзімізде құрастыра бастадық. Бірақ қандай тауар болса да, оның өтімі дұрыс болмай, өндірілуі дамып кетпейтіні, экономикаға кері әсер беретіні сөзсіз. Сондықтан жеңілдікпен берілетін автонесие мен қаржылық лизингілерге қол жеткізетін мемлекеттік бағдарламалар жеңіл көлік алғысы келетін тұрғындар мен муниципальдық кәсіпорындарға мол мүмкіндік жасады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша осы мақсатқа бөлінген мемлекеттік қаржының барлығы түгел игерілді. Қазақстандықтарға жеңілдікпен берілетін кредит бойынша бағдарлама басталысымен 34 млрд теңге бөлінген болатын, соның арқасында 13 000 машина сатылды. Жеңілдікпен берілген лизинг бойынша 16 млрд теңге бөлініп, оның 12,8 млрд теңгесі игерілді, оған коммерциялық 773 көлік сатылды. Мұндай бағдарлама өзін ақтады деп ойлаймыз, қайтарымды қаржы негізінде өндірісті инвестициялаудың тиімді құралына айналды. Мұны тәптіштеп айтып отырғаным, біздің тұтынушыларымыз отандық өндірістен шыққан автомобильдерді сатып алуға дайын екенін, мұндай жеңілдіктер тұрғанда сырттан импорттық көліктер іздемейтінін көрсетті. Екінші жағынан мұндай жеңілдіктер техниканы уақытылы, кем дегенде айына 150 бірлік көлікті Қазақстан бойынша  сатып отыруға, сол арқылы отандық автоөндірісті дамытуға ықпал етеді.

Отандық тұтынушылардың жеңілдік кредитке сұранысы өсіп отыр.  Ұлттық банк төрағасының хабары өте жағымды жаңалық болды деп білемін. Өйткені қазір қазақстандықтардың барлығы еліміздің қалаған қаласынан баспана алуға қол жеткізіп жатқан тиімді бағдарлама автокөлік алуға да жасалатын болса, одан үш жақты тиімділік болар еді, яғни тұтынушы, өндіріс, мемлекет қатар ұтатын болады. Қайтарымы бар қосымша қаржыландыру өндіріске қосымша жұмыс орнын ашуға, бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайта түсуге, автомобиль өндірісін дамытып, оның нарығын кеңейте түсуге мүмкіндік береді.

Тұтынушылар қазір Қостанайдағы «СарыарқаАвтопром» машина жасау зауытының өнімін таңдап алатындай жоғары деңгейге жеттік. Бұл үшін мақтаныш та рартық емес. Өткен жылы машина құрастыру 13 процентке артты. Биыл 25 мың темір тұлпарды сапқа қоямыз деп отырмыз. Өткен жылдың соңына қарай келісім жасалған Қытайдың автомобиль импорты және экспорты бойынша мемлекеттік трансұлттық СМС компаниясы Аллюр компаниялар тобының капиталына кіргені белгілі. 1,1 млрд доллар инвестиция салған қытайлық әріптестер отандық автоөндірісінде жылына 80 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отыр. Еліміздің бас банкирі айтқан қуанышты хабар іс жүзінде де тұтынушыларды қуанышқа бөлейді деп ойлаймыз.

Ербол СЕЙПІЛОВ,

«Қазақстан автобизнесі қауымдастығы» ЗТБ техникалық реттеу жөніндегі директоры

Дереккөз: http://egemen.kz/