Мұсылман әйелдерге шалбар киген харам ба?
Шариғат бойынша әйелдерге шалбар киюге рұқсат етіле ме? Бұл сұраққа Muslim.kz cайтының діни сарапшысы Айбек Әбдіқадыр жауап берді.
Жалпы мұсылман әйелдер ең алдымен киімнің тігілу ерекшелігіне мән беруге тиіс. Шалбар – адамның бел мен тобыққа дейінгі денесін жауып тұратын киім түрі. Оның юбкадан ерекшелейтін нәрсе – өзара екіге бөлінетіндігі. Дегенмен әр бөлігі де өзінің жартысын толық жабады.
Егер бұл киім шариғатқа сай болып, талап етілген әуретті жабатын болса, онда оны киюге болады.
Ал киімнің шариғат талабына сай болу үшін шарт етілетін нәрселер мынау: әурет жерді толық жабуы, ашық жердің болмауы; денеге қатты жабысып, әйелдің тұлғасын толық айқындап тұрмауы; астында не бары байқаларлықтай жұқа болмауы; көзге ұрып тұратындай ерсі түсті болмауы.
Жалпы ғалымдардың көзқарасы бойынша6 әйел заты намазда да, намаздың тысында да міндетті түрде барлық денесі жабылуы керек. Тек беті мен қолының білезіктен төменгі бөлігі ашық болса болады.
Айта кетерлігі, Ханафи мәзһабында әйелдің табаны әуретке жатпайды. Кей риуаяттар шалбарды (дамбалдың) киюге рұқсат екенін көрсетеді.
«Жаңбырлы күні Алла елшісінің (с.ғ.с) қасында бақиғта едім. Қасымыздан есекке мінген бір әйел өтті. Қасында есекті ұстаған адамы да бар еді. Сөйтіп ол әйел бір сай жерге жеткенде есегінен ауып түсті. Алла елшісі (с.ғ.с) ол әйелден лезде көзін алып қашты. Сондағы адамдар: «Уа, Алла елшісі, оның шалбары (дамбалы) бар ғой», – деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Уа, Алла, менің үмметімнің шалбар кигендеріне кешірім еткей», – деді»,- делінген Хазіреті Әли (р.а) жеткізген хадисте.
Әйелдердің шалбар киюін еркекке ұқсау тырысу деп ойлау орынсыз. Себебі бұл киім түрінің еркектерге арналған әрі әйелдерге арналған түрлері бар.
Мұсылман еместерге ұқсау дегенге келсек, киім мәселесінде негізге алынатын нәрсе – әуретті жабу. Киім кию де әдеттегі нәрсе. Оның иманмен тікелей қатысы жоқ.
Ал харам болатын киім – белгілі бір дін өкіліне ұқсау үшін киілген, діни сенімінің рәмізі болған киім.
Сонымен әйел адамға арналған шалбар жоғарыда айтылған шарттардың қайсы біріне қайшы келетін болса, ондай шалбарға мүлдем рұқсат жоқ.
Әйел үшін ең дұрысы – қарапайымдылығын көрсететін киім болып қала бермек.
Дереккөз: kaz.nur.kz