Павлодарлық полицейлер 12 адамнан құралған қылмыстық топтың жолын кесті
Қылмыскерлер мал ұрлығымен айналысқан.
Павлодарлық полицейлер 12 адамнан құралған мал ұрлаумен айналысқан үш қылмыстық топты құрықтады. Бұл туралы Zakon.kz облыстық ПД әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тәртіп сақшыларының сәтті өткізген жедел – іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қаскөйлер түгел темір торға қамалды.
«Осылайша, тәртіп сақшылары 25-40 жас аралығындағы 6 адамнан тұратын топты анықтап ұстады. Ұрылар қылмыстық кәсіппен соңғы жылдары Май ауданының аумағында айналысқан. Тергеу барысында қаскөйлердің осындай тағы 5 фактіге қатысы бары анықталды. Жалпы алғанда олар 74 бас жылқы ұрлаған. Қабылданған шаралардың арқасында малдардың заңды иелеріне 37 жылқы қайтарылды. Қалғандары бойынша сату орындары анықталды. Қазіргі уақытта қылмыскерлер сотталды»,- деп хабарлады полицейлер.
Осындай жымысқа әрекеттерін жүзеге асырып келген тағы бір топтың да көп ұзамай жолы кесілді.
«Баянауыл ауданында бос мал жайылымынан 26 бас жылқы малын ұрлау дерегі бойынша 2 адамнан құралған топ ұсталды. Заттай айғақ ретінде полицейлер ұрланған малдың бір бөлігін алып, иелеріне қайтарды. Анықталғандай, қалған ұрланған жылқыларды күдіктілер Қарағанды облысында іске асырған. Барлық сату орындары анықталды. Қазіргі уақытта фигуранттар қамауда отыр. Тергеу жалғасуда, сондай-ақ күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстарының барлығы тексерілуде», — дейді ведомства өкілдері
Полицейлердің күшімен ұсталған үшінші топ Ақсу ауданында қолға түскен.
«Бірнеше рет мал ұрлаған топтың құрамында 4 адам болған. Тергеу кезінде ұрылардың 11 мал ұрлау дерегіне қатыстарының барлығы дәлелденді. Барлық қылмыскерлерге жаза кесілді», — деді құқық қорғаушылар.
2018 жылдың қорытындысы бойынша мал ұрлығы 40%-ға азайғанын айта кету керек.
Бұрыннан дәлелденген және тексерілген тәжірибеге сүйенсек, кез келген қылмыспен күресудегі ең жақсы құрал, оның алдын алу немесе, басқаша айтқанда, ескерту болып табылады.
Қылмыстық қол сұғудан өз малыңызды қалай сақтап қалуға болады? Мал жоғалған кезде не істеу керек?
Осы мақсатта полицейлер мал иелеріне мына ережелерді сақтауды ұсынады:
— әр малдың жеке сипаттамасы болуын (түрі, тұқымы, түр – түсі, жынысы, жасы, денесіне арнайы белгі салу, таңба, мойын шынжырын пайдалану арқылы, құлағындағы ерекше тесік пен кесудің болуы, малдың бір ерекше белгілері; мысалы жарақат іздері, бояуында, анатомиясындағы спецификалық ерекшеліктерінің болуы арқылы белгілі бір шаруашылыққа немесе тұлғаға қатысының бар болу белгілері);
— малды бос жайылымға жібермеуді, өйткені айдалада жалғыз жайылған мал қылмыскердің қолына оңай түседі. Ұрылар қараусыз жайылған малды еш қиындықсыз бір тасалау жерге апарып сойып, етін машинаға жүктеп, шығара алады. Бұл үшін қаскүнемге жарты сағат жеткілікті;
— қысқы уақытта әсіресе мал қоралардың, сарайлардың беріктігіне ерекше көңіл бөлуді. Сымдар мен күршектерді мықты құлыптарға ауыстыруға ерінбеуді. Ал егер шаруашылықта ит ұстасаңыз мал қораға қарай жақынырақ қоюды;
— аймақты жарықтандыруға мән беріңуізді;
— мал бағуды келісімшарт негізінде материалдық жауапкершілікті көрсете отырып, тұрғылықты тұратын және халыққа сенімді адамдарға тапсыруды.
Мал сатқан кезде дереу ауылдық округке қызмет көрсететін учаскелік полиция инспекторына, ал ол жоқта ішкі істер бөлімінің кезекші бөліміне хабарлаңыз.
Ұрлық болған жағдайда жедел-тергеу тобы келгенше заттай айғақтардың және өзге іздердің сақталып қалуына шара қолданыңыз. Жоғарыда көрсетілген позициялар бойынша малдың ерекше белгілерін көрсете отырып, егжей – тегжейлі сипаттамасын құрастырыңыз.
Полиция қызметкерлері ең бастысы — мал ұрлаудағы барлық жағдайларда құқық қорғау органдарына жедел хабарласуды сұрайды.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/