Малшының құлдығына түскен 30 жастағы арудың сіңлісі жанайқайын айтты
Белгісіз әйел әпкесінің басына түскен оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берген. Өз отбасын құрған ол туыстары әпкесін көргісі келмейтінін, оны ешқандай тойға шақырмайтынын жеткізіпті. Малшының құлдығына түскен бауыры бірнеше рет қашуға бел буған да екен.
«Қаңтарда аяз сақылдап тұрған түні әпкем тереземді қағып тұр. Аяқ киімі жоқ. Қалшылдап, жылы үйге кіріп, құлап қалды. Ол біздің үйде жүрді. Ауылда бір жігітпен отау құрды. 4 айдан кейін малшы оның мекен-жайын тауып алыпты. Үйімізді екі күн торуылдап, әпкемнің үйін сұрастырып біліп, ақыры түнгі төртте күйеуі, ата-енесінің айқай-шуына қарамастан көлікке салып, алып кеткен. Оған мекен-жайды өгей әкем берген екен», — дейді келіншек.
Әйелдің айтуынша, малшы әпкесін төсекке де сүйрелейді екен.
«Әпкем сол малшының құлы. Мал бағады, сиыр сауады. Жалақы алмайды. Күнде ұрып-соғады екен. Әпкем бірде көрші ауылдың малшыларына қашып, сол жақтан пана табады. Тағы да оны қожайыны іздеп, ұрып-соғып, жайлауға алып кетіпті. Ол малшы, сауыншы ғана емес. Жыныстық қатынасқа да мәжбүрлейді екен. Шындықты қалай жасырамын. Ол жылағанда сүйегім сырқырайды», — деп жазған ол.
Келіншектің сөзінше, осыдан үш жыл бұрын оның күйеуі әпкесін құлдықтан құтқармақ болған.
«Үш жыл бұрын күйеуім оны құлдық қамытынан құтқарамын деп полициямен барады. Нәтижесіз. Полиция да түк шара қолданбаған. Өйткені біздің қорғанымыз жоқ. Менің әпкемнің бұл азаптан құтыламыз деген үмітіміз жоғалды», — деген мұңын шаққан әйел.
Бұл оқиғаны жариялаған журналист 30 жастағы бойжеткеннің туған-туысқандары қатігез екенін айтып, қазір кейбір фактілерді зерттеп жатқанын жеткізген.