Қарулы Күштерде құқық бұзушылықтар азайды
Генерал-лейтенант Т.Мұхтаров бұл көрсеткішті Қарулы Күштерде тәрбие және идеологиялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетіндігімен, тәрбиелік іс-шаралардың, әскери және құқықтық тәртіптің нығайтылуымен және қолбасшылардың бұйрықтарының мүлтіксіз орындалуымен байланыстырды.
– Қарулы Күштер өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Алдымызда тұрған негізгі міндеттер толық орындалды. Өткізілген іс-шаралар еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтып, әскери қызметтің беделін арттырды. Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетінің қажет етілетін деңгейін қамтамасыз етті, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Т.Мұхтаров одан әрі былтыр жауынгерлік даярлықты пысықтауға арналған 116 іс-шара, сондай-ақ 664-тен аса тактикалық оқу-жаттығу өткізілгендігін мәлімдеді.
Жалпы, Қорғаныс министрлігі негізгі күш-қуатын Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмаларын іске асыруда жауынгерлік әзірлікті жоғары деңгейде ұстау жөніндегі жоспарлы міндеттерді шешуге, әскерлерді қайта жарақтандыруға, кадр даярлау сапасын арттыруға, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға, Қарулы Күштердің қызметіндегі процестерді автоматтандыру мен цифрландыруға, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына басымдық берген.
Мәселен, былтыр қызметшілердің баспана жағдайын жақсарту мақсатында тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа моделі қолданысқа енгізілген.
– 2018 жылдың қаңтар айынан бастап ай сайын әскери қызметшілердің жеке арнайы шоттарына екінші деңгейлі банктерде әскери қызметтегі еңбек өтіліне қарамастан, тұрғын үй төлемдері аударыла бастады. Осының нәтижесінде 2 мыңдай қызметші баспаналы болды, 40 мыңнан аса жоғары әскери қызметші тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етілді, – деді Т.Мұхтаров.
Қорғаныс министрлігі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбие беруде де белсенділік танытқан.
– Оқушылардың патриоттық сана-сезімін, белсенді азаматтық ұстанымын және Отанға адал қызмет етуге әзірлігін қамтамасыз ету мақсатында Қорғаныс министрлігінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жанынан барлық өңірлердегі филиалдарды қамти отырып «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысы құрылды. Сондай-ақ 2020 жылға дейін әскери-патриоттық жұмысты жетілдірудің «Ұлтжанды сарбаз» тұжырымдамасының жобасы әзірленді, – деп атап көрсетті Қорғаныс министрінің орынбасары.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатында жоғары әскери білікті кадрларды дайындау білім берудің барлық деңгейлерінде сержанттардан бастап генералдарға дейінгі оқып-үйренушілердің даярлығының сабақтастығын қамтамасыз ететін 9 әскери оқу орнын қамтитын білім берудің бірыңғай көп деңгейлі жүйесінде өткізілетіндігі мәлім болды.
Генерал-лейтенант Т.Мұхтаров еліміздің 120 адамдық бітімгершілік ротасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштерінің қатарында табысты қызмет етіп жатқандығына да тоқталды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/