Министр Қазақстанда жүргізілген тексерістер туралы айтты

0
Қоғам

Қысқа сілтеме алу

5 0 0

Кемеровоның сауда орталығынан шыққан өрттен 64 адам, соның ішінде 41 бала көз жұмған еді

АСТАНА, 12 қараша – Sputnik. Қазақстанда 1240 сауда орны тексеріліп, 15 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Бұл туралы бүгін ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

«Кемероводағы «Зимняя вишня» сауда орталығынан шыққан өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдары қандай болатынын көрсетті. Кемероводағы оқиғадан кейін біз еліміздегі сауда орталықтарын тексеріп шықтық. Үш ай ішінде 1240 сауда нысаны тексеріліп, 15 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды», — деді Қасымов мәжілісте еліміздегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жай-күйі туралы өткен үкімет сағатында. 

Айтуынша, заң бұзушылықтардың дені автоматты өрт дабылы мен хабарландыру жүйесінің ақауы, сауда орындарының эвакуация жолдарында дұрыс орналаспауы, сыртқа шығатын апатты және қосалқы есіктердің жабық болуы. 

Тексеріс нәтижесінде 1220 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 19 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. 

«Тексерілген нысандардың тек 23-і ғана өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаған. Берілген нұқсаулар аясында 776 нысанда заң бұзушылықтар толығымен жойылды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған 138 нысан бойынша материалдар сотқа жолданды», — деді Қасымов. 

Еске сала кетсек, осы жылдың наурызында Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда орталығында жойқын өрт шыққан болатын. Алапат өрттен 64 адам көз жұмды, оның ішінде 41 бала бар.  Зардап шеккендер саны 70-тен асты.