Батыс Қазақстанда экологиялық заңнама 313 рет бұзылған

0

Батыс Қазақстан облысының бүгінгі экологиялық жағдайы, проблемалық мәселелері, оның шешу жолдары мен алдын-алу шаралары туралы баспасөз мәслихатын өткізген Ербол Қуанов бір жыл ішінде облыстағы кәсіпорындар ауаға 63 мың тонна зиянды қалдық таратқанын айтады. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл көп емес. Өйткені 2018 жылы бұл көрсеткіш Атырау облысында – 180 мың, Ақтөбе облысында – 185 мың тонна болған екен.

Қазақстан республикасының Экологиялық Кодексіне сәйкес, өңірде 1 санаттағы 79 кәсіпорын бар екен. Оның ішінде 60 кәсіпорын арнайы рұқсатын ресімдеп қызмет атқаруда. Осы 60 кәсіпорынның 19-ы – мұнай-газ секторына тиесілі.

Экология департаменті басшысының айтуынша, 2018 жылы өңірде 138 мың тонна өндірістік қалдық шығарылған. Осының 108 мың тоннасы – қатты-тұрмыстық қалдықтар екен. Айта кету керек, соңғы жылдары облыста қоқысты қайта өңдеу мәселесі жолға қойылып келеді. 2018 жылы барлық қалдықтың 3,4 пайызы өңделген. Биыл Орал қаласында қоқыс өңдеуші жаңа кәсіпорын ашылса, 2025 жылға қарай барлық қалдықтың 20%-ға жуығын қайта өңдеу жоспарланып отыр екен.

Батыс Қазақстан облыстық экология департаменті 2018 жылы 157 тексеру жүргізіліп, 313 заң бұзушылық оқиғасын анықтаған. Кінәлілерге жалпы көлемі 76 013,541 мың теңге болатын 214 әкімшілік айыппұл салынып, оның 99,6%-ы мемлекет есебіне өндіріліпті.

Бұдан бөлек, қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу талабы бойынша 84 нұсқама берілген.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан

Дереккөз: http://egemen.kz/