Титан өндірісіндегі тың жаңалық жаңа бағытқа жол ашады
Осы ерекше құбылысты анықтаудағы ғалымдар ізденісі өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан басталған-ды. ҰҒА академигі Әбдуәли Баешов, профессор Ажар Баешова, доцент Ғани Ізтілеуов сияқты ғалымдардың зор ізденісіне ғылыми жетекшілік еткен ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов осы отырысқа қатысушыларды титанның құрамына қатысты мәліметтермен таныстырып, ғылыми жаңалықтың барысынан хабардар етті. Осы жаңалық үшін авторларға Мәскеу қаласы Халықаралық ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар авторларының қоғамдық академиясы төралқасының шешімімен арнайы диплом табысталған.
Ғылым ордасындағы жаңалықпен бөлісуге келген Кенжеғали Сағадиев, Көпжасар Нәрібаев, Серік Қирабаев, Өмірзақ Айтбайұлы, т.б. елімізге белгілі ғалымдар игі ізденіске сәт-сапар тіледі.
Ғалымдардың пайымынша, ғылыми жаңалықтың еліміздің экономикасы үшін теориялық әрі тәжірибелік тұрғыда маңызы зор. Титанның өндіріске қажетті тұздарын, тотықтары мен басқа да қосындыларын өте тиімді оңай тәсілдермен пайдаланып, жарамсыз металл ұнтақтарынан алуға болады.
Бүгінде әлемде сынық және үгінді күйіндегі титанның мол қоры жинақталған әрі олар өңделмеген. Ал дүние жүзі бойынша титанның ең ірі өндірісі «Өскемен титан-магний комбинатында» шоғырланған.
Химия ғылымдарының докторы, профессор, жаңалық авторларының бірі Әбдуәли Баешовтің айтуынша, халықаралық деңгейде жоғары бағаға ие болып отырған ғылыми жаңалықтың мәнісі мынада: титан – мықты әрі тұрақты металл. Өз тобындағы басқа элементтерге қарағанда өте жоғары температурада және ғарышта да балқымайды. Тотықпайды, тоттанбайды. Теңіз астында жиырма жылдан астам уақыт жатқанымен еш бүлінбейді, өзгеріске ұшырамайды. Көптеген қышқылды титан ыдыстарда сақтауға болады. Алайда, уақыт өте осы титаннан жасалған бұйымдар тозады, ал қалдықтарды қорытып, одан да қажетті қымбат қоспалар алуға болады. Мысалы, титанның үш валентті қосылысының 100 мл құны – 129 мың теңге. Тың жаңалықтың арқасында қосылыстарын 100 есеге дейін арзан шығаруға мүмкіндік туып отыр. Бүгінде химиялық өндірісте үлкен қондырғылар, реакторлар, зымыран, кеме, тіптен әскери ұшақтар да жасала бастады. Титанның таза қосылысын титанның өзінен алуға болады.
Титан оксидін бояу жасау, дәрі өндірісінде қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі ол – экологиялық қауіпсіз. Ал гидрооксиді – сорбент, оны ластанған суларды тазартып, бұлақ суындай мөлдір етуге болады. Үш валентті қосылыстары катализатор және тотықсыздандырғыш ретінде қолданылады. Қос тұзы тері илеу өндірісінде таптырмайтын өнім. Кейбір тері өндірісінде улы хром пайдаланылатын болса, титан қосылыстарын пайдалану – өте қауіпсіз. Отандық ғалымдардың осындай тың жаңалығы химия мен титан технологиясы саласында жаңа бағытқа жол ашатыны сөзсіз.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/