Заңгер Гауһар Әлімбекованың қандай жағдайда бостандыққа шыға алатынын айтты

0

АЛМАТЫ, 1 ақпан — Sputnik. Заңгер Орынбасар Тілепбергеновтың айтуынша, жәбірленуші Бақыт Назарова келісімге келгенін айтып, сотқа қайта талап-арыз берген жағдайда 6 жылға сотталған әнші Гауһар Әлімбекова бостандыққа шығуы мүмкін.

Ал Гауһар Әлімбекованы сотқа берген Бақыт Назарова 20 жылдан бері базарда сауда жасап жүр. 

Қарапайым азаматша кезінде Гауһарға 40 мың доллар тауып беру үшін бірнеше рет несие алып, қарызға белшесінен батқан. Оның сотқа бергендегі мақсаты – әншіні түрмеге отырғызу емес, ақшасын қайтару екен. Өзінің есептеуі бойынша, Әлімбекова оған 51 мың доллар, 10 миллион 500 мың теңге қарыз, деп хабарлайды 31 арна.

«Осындай ортамызда жағдай болды екен деп мен оны табаламаймын. Оған деген өкпем де, кегім де жоқ. Ал оны мен кешіремін, кешірмеймін дейтіндей мен кіммін Алла тұрғанда? Алла бәріміздің кешірім, тәубәмізді қабыл алатын. Сіздерге айтарым, Гауһарды түсінуге, сөкпеуге тырысыңыздар», – дейді жәбірленуші.

Халық сот Гауһарға тым ауыр жаза берді деп әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр. Алайда заңгер Орынбасар Тілепбергенов әнші тіпті, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді деп отыр. Сот оның бұрын сотталмағаны мен қоғамдағы беделін ескерген. Заңгердің айтуына қарағанда, Гауһар мен оны сотқа берген әйел бітімге келгенде іс осылай аяқталмас еді.

«Аппеляцияға берген күннің өзінде Әлімбекованың құқықтық жағдайы өзгермейді. Өйткені соттан біз өрескел қателік көріп тұрған жоқпыз. Ал жәбірленуші «келісімге келдім» деп, қайта талап арыз беретін болса, онда жағдай өзгеріп, Әлімбекованың босап шығуға мүмкіндігі бар», – дейді заңгер.

Демек, Назарова мен Әлімбекова ымыраға келсе, әншінің бостандыққа шығуы әбден мүмкін.

Айта кетсек, кеше еліміздегі танымал әншілердің бірі Гауһар Әлімбекова алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға сотталды деген ақпарат көпшілікті есеңгіретіп тастады.

Гауһар Әлімбекова туралы не білеміз?

Әнші Түркістан облысы Жетісай ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Басқа әншілер секілді өзінің өмірін жариялауды аса ұнатпайтын ол 2017 жылы 45 жасында алғаш рет тұрмысқа шыққан. Дәл осы жылы құрбысы Бақыт Назарова Гаухар Әлімбекованың үстінен арыз жазған. Әншінің таңдаған өмірлік жарының есімі әлі белгісіз. Ерлі-зайыптылар дүркіретіп той жасамай, қарапайым неке қидыру салтанатын жөн көрген.

Отандық шоу-бизнесте Гауһар Әлімбекова «Әкеге сағыныш», «Жазығым не?», «Ақ келін» сынды әндерімен танымал. Сонымен қатар әнші жас кезінен бастап гитармен ән салады. Гаухар Әлімбекова әндерінің сөзі мен музыкасын өзі жазатын композитор.

Гаухар Әлімбекованың анасы қызының тәрбиесіне қатал қарайды. Тіпті өнер жолына түсіп, әнші болуына қарсылық танытқан. Болашақ әнші Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, екінші курсында оқудан шығып қалған.

Сот үкімі

Сот үкімі шыққаннан кейін әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын айтып берген еді. Адвокат сот үкімімен келіспейтінін айтып, апелляциялық сотқа арыз беретінін жеткізді. Оның сөзінше, бұл істе үкім өте жылдам әрі мән-жайын анықтамай жатып шығарылған.

«Мен айыптау актісі қате шығарылған деп есептеймін. Гауһар Әлімбекованың бұл істе кінәсі, пайда көргені, арам пиғылы болғаны бірде-бір эпизодта дәлелденбеген деп есептеймін», — деді Зинелов.

30 қаңтарда өткен отырыста сот алдында екі әйел – 2016 жылы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған Феруза Ордабаева мен танымал қазақстандық әнші Гауһар Әлімбекова жауап берді.

Сот барысында анықталғандай, айыпталушылар танысына ірі тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып беруді уәде еткен, алайда уәдесін орындамай, ақшаны қайтармай қойған.

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешімімен  Феруза Ордабаева 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол бұған дейін де сотталып, жазасының бір бөлігін әлі өтемеген болып шықты. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына байланысты жарияланған рақымшылық кезінде оның жаза мерзімі 3 жыл 6 айға дейін қысқартылған. Нәтижесінде Ордабаева 7 жылға сотталды.

Гауһар Әлімбекова Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінде қарастырылған қылмысты жасады деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушы жазасын орта қауіпсіздіктегі мекемеде өтейді. Қазіргі уақытта үкім әлі күшіне енген жоқ.

Гауһар Әлімбекованың Елбасына жазған хаты

Әлеуметтік желіде Гауһар Әлімбекованың үндеу хаты таралып жатыр. Хат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналып жазылған. Мәтінде әнші соңғы екі жылда шығармашылықтан көз жазып, алаяқтардың құрбаны болғанын жазған. Екі жылдан соң үйсіз далада қалған әнші есеңгіреп, тиісті органдарға арыз жазуға да жағдайы болмағанын айтады.

«…Менің аты-жөнім Гауһар Әлімбекова, әнші-композитормын. Өнерде жүрген отыз жыл ішінде 60-қа жуық әнді өмірге әкеліппін. Соның ішінде «Ақ келін» әнін өзіңіз де естіген боларсыз… Алайда соңғы екі жылда шығармашылықтан мүлде көз жазып қалдым. Әлдебір алаяқтардың арбауына түсіп, айыбым жоқ болса да, істі болып, сотталып кетудің аз-ақ алдында тұрмын. Мені сізге хат жазуға итермелеген де осы мәселе. Ордабаева Феруза атты азаматшаны 2009 жылдан бері танитын едім… Сол Ф.Ордабаева 2013 жылы Алматы қаласы әкімдігінде таныстары барын айтып, солардың көмегі арқылы «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша сату-сатып алу келісімшартымен «Ақкент» тұрғын үй кешенінен пәтер алуға мүмкіндік барын айтты.

…Сөйтіп, мен, Гауһар Серікбайқызы Әлімбекова, ағам Әуезхан Серікбайұлы Әлімбеков өзі және ұлы Әлидің атынан қажетті құжаттар мен қаражатымызды (80 мың АҚШ доллары) Ордабаеваға табыстадық. Қамкөңіл қазақпыз ғой, өзімнің ұзақ жылдан бері әпкелі-сіңлідей араласып жүрген Бақыт Назарова есімді әпкеме де пәтер алудың осындай мүмкіндігі барын айттым. Мақсатым — бір қазақтың баспана мәселесі шешілсін деген адал ниет қана еді. Ол да өз кезегінде ұлының атынан «Ақкент» қалашығынан үй алып, әлгі пәтерін жалға беріп қойды.

Бірақ қуанышымыз көпке созылмады. Арада екі жыл өткен соң пәтер әперген Ф.Ордабаеваның бәрімізді алдап соққаны, яғни пәтерлерді заңсыз жолмен бергені белгілі болды. Соңында «Ақкенттегі» пәтерімізден бәрімізді қуып шықты. Ашығын айтқанда, сөмкемізді арқалап, далада қалдық…» деп жазылған хатта.

Хат соңында әнші ешақндай заңсыз әрекетке бармағанын айтып, Елбасынан оқиғаның ақ-қарасын ашып, араша түсуін сұраған.

Әншілер қолдау көрсетті

Отандық әншілер мен тілшілер қауымы Гаухар Әлімбекованы қолдап, қарыз болып қалған сомманы жинап беруге дайын екенін жазып жатыр. Олардың қатарында Сәкен Майғазиев, Айнұр Тұрсынбаева, Айгүл Иманбаева, Ләйлә Сұлтанқызы, Мейрамбек Бесбаев, Роза Әлқожа, Нұрлан Албан, Гүлзира Айдарбекова, т.б бар.

Айтыскер ақын айнұр Тұрсынбаева Instagram парақшасында заңның барлығына бірдей екенін айтып, қазақ өнеріндегі қасіретті күн деп бағалады.

«…Былтыр Тұңғышбай, биыл Гауxар.. Келесі кім?! Құрбысын да кіналағым келмейді-ақ… Бірақ Алла разылығы үшін кешіріп жібергеніңізде Алланың шексіз нығметіне бөленер едіңіз ғой, қап.. Не болды енді?! Бәлкім бір қорқытып та қойғыңыз келген шығар.. Гауxардың өзі де бұлай боп кетеді деп ойламаған ау… Заң бәрімізге бірдей.. Бірақ елдің еркелеріне деген құрмет қайда?! Қазақ ән өнеріне сіздей үлес қосқан қыздар аз!»,  — деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.

Әнші Роза Әлқожа Рауһар Әлімбекованың қазақ ән өнеріне қосқан үлесін санамалай келе, бір мүмкіндік берілуі керек емес пе деген сауал қойды.

«Гауһар Әлімбекова ешқашан атаққа, ақшаға құныққан адам емес! Табиғаты таза, ойындағысын адамның бетіне тіке айтатын, ер мінезді жан. Ол біреуді алдайтын адам емес. Бір кілтипаты бар. Алматыдан алыста отырған соң елеңдеп отырмыз.
Мақтаралдан шығып, күллі қазақтың жүрегінен орын алған әнші-сазгер әпкемізге неге мұндай жала жауып отыр? 

Болған күннің өзінде бір шешімі бар шығар? Ел естіген жаңалық екен, ел боп бірігіп, қолдайық! Өз басым оқушы кезімнен Гауһар әпкенің өнерін бағалап, жақсы көріп өскен жанмын.»Сағындым, әке» деген әнін, «Ақ келін», «Келінге өсиет» деген шығармаларын әлі орындап жүрміз. Ешкімге қиянаты жоқ, тек шығармашылыққа өмірін арнаған жанға қалай осылай шешім шығара салған?!», — деп жазды Роза Әлқожа жеке парақшасында.

 «Сотқа да, прокурорға да сұрақ көп…Бұл істе үлкен шикілік барын сеземін. Оң шешімін табатынына сенемін! Гауhap досым біз әлі талай бір сахнада ән саламыз!», — деп қысқа қайырды парақшасында Мейрамбек Бесбаев.

Сәкен Майғазиевтің айуынша, әншінің әріптестері керек соманы жинап беруге ниеттеніп отыр.

«ҚР заңгерлерлері де сауатты түрде егжей-тегжейлі зерттеп жатқанына күмәніміз жоқ. Қарсы тарап кешірім беріп, келісімге келсе, Гауһардың әріптестері сол соманы жинап беруге бар күшімізді саламыз деп ниеттендік. Талантты қызымызды темір торға тоғытқанда не ұтпақпыз?! Алла тағала жәбірленуші жақтың пәтерге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауды, жауhардай Гауһарымыздың ортамызға оралуын нәсіп еткей», —  деп жазды Сәкен Майғазиев.

Әнші Бүркіт өзінің Гауһар Әлімбековамен жақын араласпаса да, қолынан келер көмегін аямайтынын жазды. Адам өлтіргенге 8-9 жыл беріп жатқанда ақша үшін алты жылға бостандығынан айыру шешімімен келіспейді әнші.

«Құдай-ау, миллион-миллиондап ұрлап, сосын кешірім сұрап, ақшаларын қайтарып беріп жатқандар да бар емес пе?! Неге сонша қатал боламыз? Меніңше, кешірімділікпен қарасақ жөн болар еді. Қанша дегенмен, адам өлген жоқ. Адам өлгенде 8-9 жыл береді ғой, сонда қалай болғаны? 40-50 мың долларға адамның өмірі сәйкес келіп тұр ма?! Ұят болады ғой басқа елдерден! Өздерінің өнер адамдарын аямай соттап жатыр мына xалық десе, ұят емес пе?», — деп жазды Бүркіт.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/