Дала заңы. Сертіне берік қазаққа не болды?

0

– Дала заңымен өмір сүрген қазақ халқы бір ауыз сөзге тоқтап серттесіп, ант-су ішіп уәделескен. Уәдесінде тұрмаған ел-жұртының сый-құрметінен айырылатын. Өйткені оған деген сенім жоғалады. Әдебиет зерттеуші ғалым, сыншы Дандай Ысқақ қазақ халқы сөз құдіретін жете түсінген дейді.

– Сөз – адамның тағдыры. Төбені көкке жеткізетін де, табанға салып таптайтын да сөз. Сөздің адам тағдырына, қала берді өзге тіршілік иелеріне әсер ететіні қазір ғылыми дәлелденіп отыр. Осыны баяғыда-ақ жақсы түсінген елге танымал тұлғалар, билер қағаз, қалам жоқ кезде сөз құдіретін жақсы пайдаланған. Сонымен қатар елді аузына қарата білген шешен болумен қатар, сөзіне сендіре білуді үлкен өнер саналған. Сөзге сендіру деген серттесу, уәдеде тұру. Сондықтан би-шешендердің куәлік етуімен жасалған сертті ешкім бұзбаған. Тіпті қызға берген уәдесінде тұрмаған жігіттің сыйы кеткен. «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені» деген мақал осыдан қалған.

Аузы дуалы адамдар дәстүрге сүйеніп, екі ел арасындағы бітіспес дауларды шеше білген. Мұнда елшінің атқаратын рөлі ерекше болған. Елшілікке келген адамдардың маңдайынан шертпеген. Келген елші де сөзін саралап сөйлейтін, шешен болған. Кейбір жағдайда елшіні өлтірсе, екі ел жауласуға дейін барған. Ел арасында қылышпен серттесуден бөлек сөзіне кепілдік ретінде дұшпанына туған баласын беру дәстүрі болған.

Қазіргі уақытта ата-бабамыздан қалған осы дәстүрді билікте отырғандар екі сөйлеп қадірін кетірді. Сөз құдіретінің төмендеуінен адамға деген сенім азайып, билік пен халық арасында алшақтық пайда болды, – дейді ғалым.

«Уәде қазақтың ұлы құндылықтарының бірі еді»

Әдебиет зерттеуші, ғалым Ақселеу Сейдімбек журналистерге берген сұхбатында қазақтың асыл құндылықтарының бірі – уәдеде тұруды жоғалтқанын айтқан еді.

«Біз – уәдеге берік халық едік. Уәдеден тайдық. Мен бір нәрсеге пұшайман боламын. Менің іштен шыққан балам өзіне қатысты іс болмаса, берген уәдесінде тұрмайды. Ол басқаға не істейді? Уәде – қазақтың ұлы құндылықтарының бірі еді. Қазақ даласына XIX-XX ғасырға дейінгі сырттан келген этнографтар бір-ақ нәрсеге таң қалады. Өте ірі тағдырлы істер тек қана уәдемен шешіле береді бұл далада дейді. Қазір уәде беріп тұрып, қолхат жазып тұрып, қақпанға түсіріп кетеді. Осындай жоғалтқан құндылықтарды санап тауыса алмайсың».

Уәдеде құн қалмады

Қазақ құндылықтарын зерттеп жүрген журналист Жұмахмет Жайлаубаев «Өтірікшінің куәсі жанында жүреді» деген заманда өмір сүріп жатырмыз дейді.

– Соңғы кездері ант, уәде, міндет дегендер құнсызданып кетті. Мысалы, жұмыс берушілер жұмысшыларға келісілген жалақысын бермей сергелдеңге салса, жарнамасын жарқылдатып баспана салып береміз дегендер салымшыларын сандалтып, соттың табалдырығын тоздыртып жүргенін көріп жүрміз. Тіпті ағайынды адамдар да бір-бірін аямайтын жағдайға жетті. «Мен көрдім ғашық жардан уәдесіздік, Өмірдің қызығынан күдер үздік» деп жүрегі суынған, жаны жараланған Абай заманындағы уәдесіздік бүгіндері баланың ойыны сияқты болып қалғандай.

Ең өкініштісі, осының барлығы белгілі бір адамдардың уәдесіне сеніп алданып қалғандардың ғана проблемасы деп қарайтындығымызда. Немқұрайлылықтың көрігін қыздырып, жауапкершіліктің жүгін көтере алмайтын рухы әлсіз ұрпақ өсіріп жатқандығымызда. Жалған уәде беретіндерге, антын бұзатындарға, өтірік айтатындарға етіміз үйреніп, көңіліміз көнді.

Бұрындары ант – ардың шекарасы, пәни мен бақиға бірдей жүретін кепілдік еді. Өйткені ант – Құранда жазылғандай Алланың өзі куәлікке жүретін рәсім. Әскер қатарына барғанда «қасық қаным қалғанша отанымды қорғаймын», үйленген кезде «жұбайыма адал боламын» деп ант-су ішіп уәде береміз. Бірақ, Алланың өзін куәгерлікке шақырып тұрғанымызды білеміз бе? Құран Кәрімнің Әли Ғымыран сүресінде: «…Анттарыңды бұзбаңдар, өйткені ант берген кезде сендерге Құдайдың өзі кепіл болады» деген аят бар. «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес» деп Абай айтқандай уәде беру, уәдеде тұрмау түк болмай қалды, – дейді Жұмахмет Жайлаубаев.


Жігіт уәдесінде тұрса, ажырасу да болмайды

Жігіт уәдесінде тұрса, ажырасу да болмайды / Фото ғаламтордан алынды


Нағыз мұсылмандық уәдесімен айқындалады

– Қазақта «Уәде – құдай аты, уәдесіз құдай шет» деген бар. Яғни, уәдесін ұмытқан немесе бұзған адам Алланы ұмытқанмен бірдей. Мәшһүр Жүсіпке «Мұсылманшылық неден болады?» дегенде «Мұсылманшылық уағдаға опалы болғанмен болады» деп жауап берген. «Опалы» сөзі араб тілінен аударғанда «сөзде тұру» дегенді білдіреді. Сондықтан мұсылмандық бес парызбен ғана айқындалмайды. Бұл – адамның сыртқы бейнесінің көрінісі ғана. Мұсылманның ең бірінші шарты – сөзінде тұру.

Түріктің ғұламасы Саид Хикмет Лондонға барған сапарында ағылшындарда. «Джентельмен сөзін» айтқан адам екі сөйлемейтіндігі туралы естиді. Ғұлама ағылшынның бұл әркетінен мұсылмандықтың сипатын көрген. Елге келген соң «Ағылшындарда дін жоқ, бірақ мұсылмандық бар. Бізде дін бар, мұсылмандық жоқ» деген екен. Адам алдымен мұсылман болмайынша, бес парызды өтеу бекершілік деген сөз.


Оқи отырыңыз: Қазақ өз тарихын тануды неге енді ғана қолға ала бастады?


Қытайдың ғұламасы Кун-цзыдан (Конфуций) мемлекетті басқару үшін не керек дегенде ол «қару-жарақ, азық-түлік, сенім керек» депті. «Үшеуінің бірін құрбандыққа шалуға бола ма?» деп сұрағанда, «Сенім жоқ жерде ештеңе болмайды» деген.

Қазақта сенім білдіргенін «құдайға қараған адам» дейді. Құдайды таныған адам уәдесін бұзбайды, алдамайды. Ал уәдеде тұрмау – құдайды танымау деген сөз.

Кун-цзы айтады: «Жаман адам мен жақсы адамның айырмашылығы жаман адам уәдені үйіп-төгіп беріп, орындамайды» дейді. «Жақсы адам қиналып, әзер береді» деп жауап берген, – деді абайтанушы Омар Жалел.


Қарызды тек қарыз берууші ғана кешіре алады

Қарызды тек қарыз беруші ғана кешіре алады / Фото ғаламтордан алынды


Қарыздан басқаның бәрі кешіріледі

– Қазіргі келеңсіздіктіктердің астарында ұлттық тәрбиеден алыстап кеткендігіміздің кесірі мен ұлттық құндылықтарымыздан айырылып, имани имунитетіміздің әлсізденгені жатыр. Уәде орындалмағаннан кейін оның барлығы қарыз болып мойныңа іліне береді. Бізге жеткен бір хадисте бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі! Мен Алланың жолында шейіт болсам, менің күнәларым кешіріле ме?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз /с.ғ.с./ «Шейіттің қарыздан басқа барлық күнәлары кешіріледі» деп жауап беріпті. Қараңыз, басқасын былай қойғанда Алла жолында шейіт болып кетсеңіз де қарызыңыз мойныңызда қала береді екен, – деді Жұмахмет Жайлаубаев.

Ол өзі куә болған жайтты айтып берген еді. «Ауылда бір танысымның баласы автокөлік алған кезде жарты ақшасын тойдан кейін қайтарып беремін деп уағдаласады. Алайда отбасын құра салысымен, ертесіне қайтыс болды. Жолдастары автокөлікті қарызға алғанын ата-анасына айтқанмен, олар сенбей қояды. Тірі кезінде атына жазылған жері бар екенін айтқан болу керек. Ең болмағанда соның құжатын беруін немесе сатып ақшасын қайтаруын өтінеді. Ата-анасы сенбейді. Біраз уақыт өткен соң әкесі келіп, баласының қарызын қайтарып беретінін айтады. Сөйтсе баласы әкесінің түсіне еніп, қарызын қайтаруын сұраған екен. Әйтпесе, жаны тыныштық көрмейтінін ескертеді».

Ел билегендерде үлкен жауапкершілік бар

Дінтанушылар ел басқаруды үлкен жауапкершілік дейді. Елге айтып жүрген көптеген уағыздарының бірінде «Хадистерде басқару ісінің шырғалаңы мол екені, əділ билеушіге жақсылықтың үйіліп-төгілетіні айтылады. Адамдар күйдірген күн көзінен жаны қысылатын қияметте Алланың мейірбан көлеңкесін саялайтын жеті топтың қатарында əділ билеуші де барын айтқан Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Əбу Зарға «билік сұрама» деп мұның ауыр іс екенін меңзеген.

Сайлауда халыққа аста-төк уəде бергендердің мамық орынға қонжиған соң, мейманасы тасып жауапкершілігін ұмытуы кісі ақысын аяқ асты етудің нақ өзі. Басшы қолда бар мүмкіндігін пайдаланып, қоғамның қаны сорғалап тұрған мəселелерін шешудің орнына мардымсыз көзбайлау істермен айналысуы тұтастай елдің ақысын бұзған болып саналады. Уәде – шыншылдық пен әділеттіктің бауыры, ал опасыздық – өтірік пен әділетсіздіктің жақыны» деп айтқан еді.

Жорық қылышымен анттасқан

Өлкетанушы, географ, публицист, этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай «Арғықазақ мифологиясы» атты кітабының 12-томында «Қазақ тілінде «ант», «анттық», «ант-су ішу» деген сөздер бар. Осы сөздерден «ант ұрсын», «антұрған» деген сөз тіркестері де шыққанын жазған.

Ол кітабында біздің заманымызға дейінгі 50-жылдары хуннулар мен қытай арасындағы шарттасу, анттасу туралы мына деректерді келтірген. «Осы шартты кім бұрын бұзса, сол Көктің қаһарына ұшырап, ұрпақтарын сол анттың киесі ұрсын» деп сөз байласқан. Оқиға былай өрбітіледі: «Тәңірқұт, оның уәзірлері және қытай елші-әскербасылары Хунну тауына көтеріліп, Но өзенінің шығыс жағалауына барып, ақбоз атты құрбандыққа шалды. Тәңірқұт «жорық қылышын» (хуннулар жорық қылышын ең қасиетті қылыш деп есептеген) алып, оның ұшын шарапқа малды. Бұл – бір кезде Лаушан тәңірқұт өлтірген Жыужы патшасының бас сүйегінен істелген тостағанға құйылған «ант шарабы» болатын, жиналғандар кезекпен осы ант шарабынан ішті».


Оқи отырыңыз: Батаның қасиеті. Оның адам өміріне тигізер әсері қандай?


Қазақ баласын қалай тәрбиелеген?

Омар Жалел қазақ баласын уәдесінде тұруға, мұсылмандық сипатта тәрбиелеген дейді.

– Егер ұрпағымызды қазір сол бағытта тәрбиелесек, біздің қоғамға нотариус, прокуратура сияқты органдар қажет болмайды. Дұрыс қарым-қатынастың арқасында бизнес дамып, ажырасу да болмайтын еді. Өйткені Алланың алдында уәде берген адам сөзінде тұрады.

Бұхар жырау «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда» деген. Қыз баланың бойында өзіне сай көркем мінез болу керек. Абай, Шәкәрім халыққа ахлақ ілімін, мінез, иман ілімін үйреткен данышпандар. Баланы мұсылмандыққа тәрбиелеу деген оның бойына иман сіңіріп, мінез қалыптастыру. Қазақ «Аталы сөзге арсыз жауап береді» деп бір ауыз сөзбен баланың тәрбиесін сипаттаған. Алла «Маған қатыстының бәрін кешіремін. Адам адамды ренжітсе, қарыз алып, қайтармаса кешіре алмаймын деген». Демек, адам бастысы мұсылман болса, баласына дұрыс тәрбие берсе, иман келтірсе ешқандай мәселе туындамайды, – деді Омар Жалел.

«Әлімсақтан бері мұсылманмын»

– Құран Кәрімде «Әл-мисақ» уәдесі туралы айтылған. Алла адам атаның белінен шығарып, яғни, ұрықтан «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» деп сұрағанда «Әрине, Раббымызсың, куәміз» деп жауап берген. Бұл – Алла Тағала мен адамдардың арасындағы алғашқы серттесу. «Әл-мисақ – сөз, уәде беру, келісім-шарт жасасу» дегенді білдіреді. Әл-мисақ – Аллаға уәде берген күн. Раббы – тәрбиеші деген сөз. Яғни, адамның тәрбиешісі Алла.

Қазақ дәстүрінде «Қашаннан бері мұсылмансың?» деген сұраққа «Әлімсақтан бері мұсылманмын» деп жауап беру салты осыған негізделген. Ендеше, әрбір пенде Аллаға берген осы уәдеге берік болуы тиіс. Ал қазақ уәдесін бергенде осыны жақсы білген, – дейді Омар Жалел.

Қазақ ұғымында серттесу дәстүрі ықылым заманнан болғанмен, мұсылман дінін қабылдаған соң құрандағы уәдеге сүйенеді.


Дереккөз: https://informburo.kz