Назарбаев қандай диета ұстайтынын айтты
Қысқа сілтеме алу
Мемлекет басшысы салауатты өмір салтын ұстану туралы кеңес берді
АСТАНА, 31 қаңтар — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев диетаға деген көзқарасын білдіріп, өзінің өмір сүру салтының құпиясын ашты.
Ақорда баспасөз қызметі Елбасының видео сұхбатынан үзінді жариялаған.
«Кімнен сұрасаң да, арықтағысы келеді. Тіпті арық адамдар салмақ тастауды қалайды. Диетаның да түрі көп: ет жеуге болмайды, майды мүлдем ауызға алмау керексің, — дейді мемлекет басшысы әзіл-шыны аралас. — Біз қазақтар етсіз қалай өмір сүреміз? Бір ұрыны ұстап алып, «неге ұрлайсың?» дегенде, «жылқының еті тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояйын» депті».
Содан соң президент өзінің өмір сүру салты мен қалай тамақтанатыны жайында айтып берді.
«Менің қағидам – адам ағзасы сұраған асты жеуі керек», — деді Елбасы.
Сонымен бірге, спортпен шұғылдану керектігін атап өтті.
«Адам өзіне қарауы тиіс, біз дені сау ұлт болуымыз керек. Жастарымыз осыған ұмтылатынын білемін. Өз басым ешқандай диета ұстанбаймын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бәрімізге белгілі, Елбасы жастайынан спортпен шұғылданғанды жақсы көреді, тіпті жаңа түрлерін меңгеруден жалықпайды. Нұрсұлтан Назарбаев күреспен айналысқан, қазір теннис және гольф ойнайды, тау шаңғысын тебеді, атқа мінеді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйікті спорт түрлерінің бірі — теннис
Дереккөз: https://sputniknews.kz/