Ақтауда бір күнде екі мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті

0

Ақтау қаласындағы орталық мемлекеттік органдарының аумақтық бөлімшелері, атап айтқанда облыстық мемлекеттік кірістер, әділет, полиция, қоғамдық денсаулық сақтау, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон, өнерікәсптік қауіпсіздігі комитетінің өңірлік департаменттерінің мамандары тұрғындармен тілдесті.  

Сонымен қатар, ХҚКО, көліктік бақылау инспекциясы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Ақтау қалалық № 1 және 2 емханалары, облыстық психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы күрес диспансерлері, Ақтау және Баутино порттарының мамандары халыққа мемлекеттік қызмет көрсету бойынша консультациялық-әдістемелік көмек көрсетті.

Барлығы 50-ден астам мамандар жұмыс атқарып, келушілерге кеңес берілді және электрондық мемлекеттік қызметтерді насихаттау бойынша 1000-нан астам брошюралар таратылып, электрондық қызмет алу мен мобильдік қосымшалар туралы арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді.

Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы тұрғындарды мазалаған сұрақтары бойынша жеке сұрақтармен қабылдау кестесіне сәйкес қабылдауға дайын екендігін жеткізді. Биыл бірінші рет өтіп жатқан жәрмеңкеге тұрғындар белсенді қатысқандығын айта кету керек. Халықтың қолжетімді қызметтер алу үшін тұтынушыларға ыңғайлы орындарда, әсіресе халық көп шоғырланатын жерлерде тұрақты түрде жиі ұйымдастырылады деп сендірді.

Жәрмеңкеге келушілердің басым көпшілігі әлеуметтік көмек алудың тәртібі мен шарты, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу, ота жасату үшін квота алу, баланы балабақшаға кезекте тұрғызу сияқты электронды қызметтердің өзге де түрлері бойынша сұрақтарын қойды.  

-Елбасының 2018 жылы 5 қазанда «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатынын және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн екендігін айтты. Бұл ретте, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс деген болатын. Мәселен, өткен жылы Маңғыстау облысында өткен жылы электрондық түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің пайыздық үлесі 79,4% құрады. Яғни, биыл бұл көрсеткіш 90% асады деген сенімдеміз, деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова.

Жәрмеңке барысында азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сұранысқа ие салалары бойынша қажетті консультативтік-әдістемелік көмек көрсетілді.

Тұрғындардың цифрлық сауаттылық дағдыларын қалыптастыруды көздеген шара аясында, келушілер толыққанды мағлұматтар алып, көтеріңкі көңіл күйде екендіктерін жасырмады. Іс-шара соңында қала тұрғындарына жадынамалар таратылып, қойылған сауалдарына жауаптар берілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастамашы болып отырған мұндай мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі, алдағы уақытта барлық ауданда өткізу жоспарда бар.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы

 

 

 

Дереккөз: http://egemen.kz/