Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметін қорытындылады

0

Астана. 31 қаңтар. KAZISLAM – Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысын қорытындылау мақсатында арнайы брифинг өткізді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Іс-шара Чёрч-Хаус атты британдық астанасының тарихи ғимараттарының бірінде өтті. Бұл жерде 1946 жылғы 17 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ең алғашқы отырысы өткен.

Ұлыбританияның Еуропа мен Америка істері бойынша мемлекеттік министрі Сэр Алан Данкан, ҚР Елшісі Ерлан Ыдырысов және 2019 жылғы 1 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Азия-Тынық мұхит тобының өкілі ретінде Қазақстанның орнына келген Индонезияның Елшісі Ризал Сукма брифингте сөз сөйледі. Іс-шараға Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің басшылығы мен қызметкерлері, британдық Парламентінің мүшелері, бірқатар елшілер, іскер топтардың өкілдері, сарапшылар және журналистер қатысты.

Қонақтар алдында сөз сөйлеген Е.Ыдырысов Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысын қорытындылады. Екі жыл ішінде Қазақстан өкілдері Қауіпсіздік Кеңесінің 1000-нан астам ашық және жабық отырыстарына, 38 БҰҰ ҚК бейресми кездесулеріне қатысып, 115 Қауіпсіздік Кеңесінің резолюцияларына және 48 Төрағаның ресми мәлімдемелеріне үлес қосты.

2017 жылғы 1 қаңтарда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Саяси жолдауында қамтылған Қазақстанның жеті басты басымдықтарының бірі – ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу. Осыған орай Қазақстанның 2018 жылғы қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының басты шарасы Президент

Н. Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыпты жоғары деңгейдегі брифинг болды. Дебаттардың нәтижесінде таратпау жанжалды болдырмаудың жан-жақты стратегиясының маңызды элементі ретінде танылып, аталған тақырып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының мәлімдемесіне қосылды.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігінің тағы бір басымдығы Орталық Азияда бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму аймағын құру болды. Осыған орай Қазақстан Ауғанстанға түрлі көмек көрсетуге ерекше назар аударды. Еліміздің төрағалығы кезеңінде Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері көп жылдарда алғаш рет Ауғанстанға жергілікті жағдаймен танысу мақсатында сапар шекті.

«Соңғы екі жылда Қазақстанның БҰҰ-дағы жетістіктері өңірдегі басқа елдерді сізден үлгі алып, халықаралық аренадағы негізгі акторларға айналуға ынталандырады деп сенемін», – деді Мемлекеттік министр А.Данкан.

Қазақстанның халықаралық аренадағы басқа жетістіктерінің қатарында ол Каспий теңізінің мәртебесі жөніндегі көптеген пікірталастарды тоқтатқан Ақтау қаласындағы Каспий маңы мемлекеттерінің Саммитін, Қазақстанның Ауғанстанда бейбітшілікті қайта құру жөніндегі күш-жігерін және халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысуын атап өтті.

Индонезияның Ұлыбританиядағы Елшісі Р.Сукма елінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігінің басымдықтары туралы мәлімдеп, Индонезияның Қазақстан үлгісін ұстанып, қол жеткізген нәтижелерін одан әрі көбейтуге ұмтылатынын атап өтті.

Брифинг аясында Қазақстанның БҰҰ-дағы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы туралы, сондай-ақ еліміздің шиеленістерді реттеуге салған күш-жігері, бітімгерлік миссияларға қатысуы және гуманитарлық көмек көрсетуі туралы фотокөрме ұйымдастырылып, тарихи бейнематериалдар көрсетілді.

Дереккөз: http://kazislam.kz/