диктант қысқы түн, 9 сынып қазақ тілі

0
Cабақтың тақырыбы: Диктант
Сабақтың мақсаты:
а) Балалардың есте сақтау қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізе білуге, сауатты жазуға дағдыландыру.

ә) Мұқият тыңдап, ұқыпты жаза білуге үйрету.
б) Өз ісіне ұқыпты, мейірімді, кешірімшіл болуға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: қайталау
Сабақтың әдісі: баяндау
Сабақтың көрнекілігі: диктанттар жинағы
Сабақтың барысы:
а) Ұйымдастыру кезеңі:
Оқушылармен амандасу, түгелдеу, оқушылардың зейінін аудару.
Тақтаға бүгінгі күнді жазып қоямын.
б) Жаңа сабақты түсіндіру:
Қысқы түн
Қыстың ұзақ түні. Үлкен таудың ішінде жел гуілдеп соғып, ақ боран ұйытқып ойнап тұр. Қараңғы, тұманды түннің жанды шошытатын суығы қаһарлы. Ашуы келіп аласұрған қатты дауыл бетіне қарсы қараған затты жерге қаққандай болып құлшынып тұр. Ысқырып, бұлқынып, жынданып, келе жатқан жолында беті қара жартас, жапырағынан айырылған әлсіз ағаш, қарауытқан кішкене қора көрінсе де, екпіндеп келіп, кеудесімен соғып, ақ түтек боранның қиыршақтанған ақ тозаңын шашып, беттерін дамыл алмай көміп тұр.

Долы желдің айдауына түсіп, түтіндей болып алақаншықтанған ұсақ қар ұйытқып келіп, қуыс жердің бетін басып жатыр.
Шыңтау тентек желдің ашуы мен ойнағына қарап, тұманды ойға батқандай, бас жағы бұлтқа араласып, мұнарланып, түнеріп тұр.
Ақ боран көк пен жерді бір — біріне араластырғандай: аспандағы ай — жұлдыз, жердегі қара — құрадан ешбір белгі жоқ. Айнала аппақ болып тұтасып алған.

Биік тауға екпіндеп ойнап шығып, шың басында өнеріне сүйсінгендей ойнақ салып, етекке қарай ысқырып құлап жөнелгенде, долы дауыл сай бойында жын — перінің күйіне билегендей болады. Ағындап құтырып келіп, жартасқа соғып қорқытпақ болып, көрігін басып гуілдейді.

Мұхтар Әуезов (177 сөз.)
Мәтінді бір рет оқып беремін, оқушылар тыныс белгісін қояды.
Үйге тапсырма: Қайталау.

Дереккөз: http://bilimsite.kz/