Кітапты қалай күтеміз
Кітап дүниеге оңайлықпен келмейді, оған да зор еңбек сіңіріледі. Сол қасиетіне орай оның бағалылығы артады. Жақсы кітап қолдан қолға тиіп, көп ұсталуына қарай кірленіп, тоза бастайды. Кітапты мұндай күйге түсірмес үшін, аса ұқыптылықпен қарап, дұрыс пайдалану керек. Оқыған сайын кітаптың сыртқы мұқабасын қаптап, парақтағанда саусақты суламай, ептеп ашса, оқып келген жерін қайырмай, арасына қалың нәрсе қоймай, оның орнына кішкентай қағаз салып қойса, кітап көпке дейін жақсы сақталады.
Кітапты сызып, ашық жеріне жазу түртіп қою дұрыс емес. Сонымен қатар, тамақтанып, шай ішіп отырғанда кітап оқымаған жөн. Себебі, кітап парақтарына майлы зат тамып, арасына қоқым түсіп кетуі мүмкін.
Кітапты күн көзінде оқыған және сақтаған дұрыс емес. Себебі, кітап қағазы сарғайып, өңі бұзылады. Сонымен қатар, кітапты дымқыл жерде сақтауға болмайды. Бұл жағдайда кітап арасы көгеріп, парақтары бір-біріне жабысып қалады. Сондықтан да үйіңіздегі кітап сақтауға жайлы орынды белгілеп, сөрелерді сол жаққа орналастырыңыз. Мүкіндігінше кітаптарды жабық сөрелерде сақтаған жөн.
Кітапқа шаң да, әртүрлі кеміргіш құрт, қоңыз, т.с.с. жәндіктер әуес. Бірі кітап қағазын кеміріп, бүлдірсе, бірі кітап түбіндегі желімге құштар. Қай-қайсысы болмасын кітапты бүлдіріп, қағазын үгіп шаңдатады. Бұл зиянкес жәндіктер көбінесе өте тығыз және аса көп қозғалмайтын шаң басқан кітап сөрелерінде жиі кездеседі. Сондықтан да үй жинаған кезде кітап сөрелерін де сүртіп, шаңсорғышбен тазалап қоюды ұмытпаңыз. Ал көзіңізге зиянкес жәндіктер шалынса, дереу оған қарсы шаралар қолданыңыз. Алдымен сөредегі кітаптардың барлығын алып, әрқайсысының шаңын сүртіңіз. Сөрені дымқыл шүберекпен сүртіп, үстіне үлкен қағаз не мата жайып қойыңыз. Содан кейін әр кітаптың шаңын қағып, бір-бірлеп қойыңыз. Сөрелерге кітаптарды қойған кезде, оларды тығыз орналастырмаған абзал. Адам баласына ауа қаншалықты қажет болса, кітаптарға да таза ауа соншалықты қажет. Кітап сөресі тұрған бөлменің жиі-жиі терезесін ашып, ауасын тазартып тұру керек.
Егер де кітапты байқаусызда суға түсіріп алсаңыз, жылы да құрғақ, жел қағатын көлеңкелі жерге тік күйінде, парақтарын желдеткіш (веер) тәрізді ашып, кептіріңіз. Бірақ та, кітап беттерінің бір-бірімен жабысып қалмауын қадағалаңыз.
Кітап парақтарының не мұқабасының жыртылғанын байқасаңыз, арнайы қағазбен желімдеп қойыңыз. Саусақ немесе қарындаш ізін байқасаңыз, жұмсақ шүберекпен не өшіргішпен сүртіп кетіруге болады. Кітапты неғұрлым ұқыпты пайдалансаңыз, соғұрлым оның өңі бұзылмай, ұзақ сақталады.
loading…