Сценарий, 1 маусым, БАЛАЛАР күні

0

Сценарий 1 маусым: БАЛАЛАР күні«Әрқашан күн сөнбесін»
Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қызылжар елді мекені,
МКҚК «Рауан» балабақшасының музыка жетекшісі Омарова Аралкул
Тақырыбы: «Әрқашан күн сөнбесін»

1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты өткізілген
балалар концертінің сценарийі.

«Рауан» балабақшасының кішкентай тобы бүлдіршіндерінің қатысуымен дайындалған «Саңырауқұлақ» ертегісі.

«Көбелек» биімен сахнаға бүлдіршіндер шығып билейді.
Бала тілегі Орынд: Ф. Амантай
Музыкалық фонмен сахнаға жүргізушілер шығады.
1 – Жүрг: Жаны құмар сәби ек жаңалыққа
Шаруасы жоқ паңдық та даналық та
Жаратқанның теңдессіз шеберлігі-ай
Бар бақытты сиғызған балалыққа
2 –Жүрг: Мәңгі өзгермес бақыты, бақ қадірі
Секілді жұпар шашқан бақша гүлі
Адамзаттың сарқылмас сағынышы
Балалықтың бал дәурен патшалығы
1 – Жүрг: Армысыздар аталар мен әжелер
2 –Жүрг: әкелер мен аналар
1 – Жүрг: ағалар мен жеңгелер!
2 – Жүрг: Бармысыздар егеменді еңселі елімізде
1 – Жүрг: Ашық аспан астында
2 – Жүрг: Бейбіт те, тыныш заманда
1– Жүрг: алаңсыз асыр салған, күлкілері күміс, қылықтары балдай бал-бөбек бүлдіршіндер!
2 — Жүрг: Жарқын жаздың алғашқы күні 1 маусым — бүлдіршіндеріміз үшін ерекше күн. Себебі бұл күн — балалардың төл мерекесі.
1 – Жүрг: Ендеше бүгінгі 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні
мерекесі
Бірге: құтты болсын!
2 — Жүрг: Адамның өмірге деген құштарлығын еселей түсетін құдірет ол – ұрпағыңның өсіп ер жетіп, азамат болуы.
1 — Жүрг: — Болашағын ойлаған әрбір қоғам бар жақсылықты алдымен елдің ертеңі жас ұрпаққа жасайды. Бұл орайда, Тәуелсіз Отанымыз өз алдына отау тігіп шаңырақ көтерген алғашқы күндерінен бастап талай-талай ізгі ниетті қадамдар жасап келеді.
2 – Жүрг: Тәуелсіз елімізде бүлдіршіндеріміз бақытты, дені сау болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Демек, жас ұрпақтардың келешегі кемел деген сөз.
1 — Жүрг: Сәби үнімен, сәби күлкісімен мынау жарқын дүние жасара түспек. Олай болса кіршіксіз таза, ақ көңілді, адал жүректі сәбилеріміз аман болсын – дейік!
2 — Жүрг: Ашық аспан аясында,
1 – Жүрг: Нұрын шашқан күн сәулесіндей, біздің балдырғандарымыз
Бірге: бақытты өмір сүрсін!
1 — Жүрг: Ұрпақты жалғастырар бала бағың
2 — Жүрг: Күлкісімен келтірген өмір сәнін
1 – Жүрг: Бүгінгі мерекеде сіздерге арнап
2 — Жүрг: Бар өнерін көрсетсін балаларың
1 – Жүрг: Ендеше қадірлі қонақтар! Өнерлі балаларыңыздың сіздерге арнағалы тұрған мерекелік бағдарламасын
Бірге: қабыл алыңыздар!
«Әке» әнімен болашақта әнші болғысы келетін өнерпаз балаларыңыз Бейбарысқа қошемет көрсетейік ағайын!
1 – Жүрг: Таудай болған талабы,
Кім сүймейді баланы.
Бақшалардан басталған,
Сәбилердің қадамы
2 – Жүрг: Ой, Гүлфайруз. Сен тақпақты керемет айтады екенсің.
1 – Жүрг: Иә, Гүлбану. Есіңде ме, кішкене кезімізде біз де осы бүлдіршіндердей тақпақ айтып өскен бала едік, қазір сахнада концерт жүргізіп тұрмыз.
2 – Жүрг: Ендеше, біздей үлкен азамат болсын дей отырып тақпақ айтамын деп тұрған бүлдіршіндерімізді қошеметтеп сахнаға шақырайық.
Тақпақ оқиды.
«Қарлығаш» әнімен кішкентай әнші бүлдіршініміз Жанеркені қошеметпен
Бірге: сахна төріне шақырайық.
1 – Жүрг: Жанарынан шуақты,
Арайланды таң нұры.
Кішкентай күн сияқты,
Балғындардың барлығы.
2 – Жүрг: Балдырғандар талабы,
Міне жаңа басталды.
Қуана қарсы алалық
Жақсы би мен жақсы әнді.
Орталарыңызда « Заманауи биімен» өздері әнші, өздері биші болашақтарынан зор үміт күттіретін қыз — жігіттерімізді
Бірге: қарсы алайық!
2 – Жүрг: Ұлан байтақ қазағымның жері бар,
Ну орманы, тауы, өзені, көлі бар
Қазағымның жерін, елін қорғайтын
Жас жеткіншек, ұланы бар, ері бар.
1 – Жүрг: Жаса! Жаса! Егеменді еліміз
Кең жазира ұлан – байтақ жеріміз
Туған елін, туған жерін сүйетін
Біз қазақтың ұланымыз, еріміз
Жүрегі туған елім, туған жерім деп соққан әнші қыздарыңыз Асылзатты Туған жер әнімен
Бірге: Ортаға шақырамыз.
1 жүрг: Ана — сарқылмас бұлағың, таусылмас қазынаң. Мынау өмірдің өзі анамен қымбатты. Шуағымен жарық шашса, мейірімімен әлемді жылытады.
2 – Жүрг: Осындай аналарымызға бас ие отырып, Аружан қыздарыңыз сіздерге
«Апатайым анашым» әнін тарту етеді. Сонымен сахнада
Аружан. Қошемет көрсетейік ағайын!
1 – Жүрг: Бал балалық балдырған шақ сан арман
Барлық бала армандауға жаралған
Балдырғандар әндетіңдер, билеңдер
Орындалсын ойларыңдағы бар арман
2 – Жүрг: Отанменен бірге біздің жанымыз
Жарасып тұр әніңіз бен сәніңіз
Бірлік қонған ұлан – байтақ елімде
Өмір сүрген бақыттымыз бәріміз
Сахнада «Батырлар» биімен биші өнерлі ұлдарыңызды
Бірге: қарсы алайық.
2 – Жүрг: Гүлфайруз, біздің бүлдіршіндеріміздің барлығы өнерлі екен. Шіркін, менің де балдырған шағым еске оралып тұрғаны.
1 – Жүрг: Иә, Гүлбану. Балалық шақ бал дәуренге не жетсін! Алғаусыз күлкі, ниет – пейілдерін айтсайшы — тап -таза тұнық, көңілдері де сондай мөлдір, ерке мінез – бәрі – бәрі балалық шақтың белесі.
2 – Жүрг: Туу, балалық шаққа бір барып қайтсам ғой. Ата-анаң айтқаныңды екі етпей орындап, аға-апаң еркелетіп…
1 – Жүрг: Қой Гүлбану, мына балалардан ұят болар. Онан да ерке қызымызды ортаға шақырып, қалай еркелейтінін көрейік. Ерке қыз әнімен ортаға
Бірге: Мерейді шақырамыз.
1 Жүрг: Мөлдір сондай тұп-тұнық
Жүрегінің пәктігі
Қардай аппақ жоқ кіршік
Сезімінің ақтығы
2 Жүрг: Жанарының жарқылы
Жанып салар жан сырын
Шаттық толы әр күні
Бақытты шақ, бал шырын.
Сахнаға «Жаңбыр» әнімен
Бірге: Сабинаны шақырамыз.
Өзбек биі Орынд: Айгөлек би тобы.
1 – Жүрг: Ұрпақты жалғастырар бала бағың
Күлкісімен келтірген өмір сәнін.
2 – Жүрг: Мерекеге арналған шуақ шашар
Бар өнерін көрсетсін балаларың.
Ендеше «Аналар алтын» әнімен жоғарғы топтың бүлдіршіндері Елдарды
Бірге: сахнаға шақырайық.
1 – Жүрг: Гүлбану сенің әжең бар қандай бақыттысың. Әжелердің жүрегі ыстық, алақаны жылы ғой, шіркін!
2 – Жүрг: Иә, даналықтың кені болған, пейілі мол, асыл да, ардақты әжелеріміз аман болсын!
1 — Жүрг: Ендеше сахна төрінде «Сағындым әже» әнімен
Бірге: Қуанышова Әлия
1 жүрг: Әуендерге қосылып
Кәне биле балақан.
2 жүрг: Қосылайық биіңе
Шапалақтап алақан
Сахнаға биші қыздарымызді «Домбыра» биімен қошеметтеп шақырамыз.
1 – Жүрг: Бүгінгі сахнадағыбалғындардың ерекше өнері мені де шабыттандырып тұрғаны.
2 – Жүрг: Мені де. Мынадай дүбірлеген думанда бір ән айтпай кетсек болмас.
1 – Жүрг: Дұрыс айтасың.Осы әнімізді барлық балғындарға арнайық.
«Көңілді күн» Орынд: Гүлфайруз, Гүлбану
1 – Жүрг: Аспан тұрса күлімдеп
Айын биік орнатып
Ақса бұлақ гүрілдеп
Балаларға сол бақыт
2 – Жүрг: Балаларға сол бақыт
Жүрсе алдында анасы
Болса мөлдір өзені
Болса байтақ даласы
1 – Жүрг: Бала — өміріңнің шырағы,
2 – Жүрг: Көңіліңнің айнасы,
1 – Жүрг: Еліміздің ертеңі,
2 – Жүрг: Ғұмырыңның жалғасы.
1 – Жүрг: Бала – ананың бақыты,
2 – Жүрг: әлемнің шаттығы,
1 – Жүрг: өмірдің бастауы
Туған елді көктететін, бейбіт күннің жаршысы бал-бөбектеріміз аман болсын.
2 – Жүрг: Қымбатты аналар ата-аналар, балдырғандар! Мереке тағы да құтты болсын . Бұлтсыз күн, ашық аспандай , нұрын шашқан күн сәулесіндей біздің балдырғандарымыз бейбіт өмір сүрсін. Бірге: Әрқашан күн сөнбесін!
Осымен балаларыңыздың сіздерге арнаған мерекелік концерті аяқталды. Көріп тамашалағандарыңызға көптен көп рахмет.
Концертке қатысушылар сахнаға шығады.. Хор. «Балабақша»