«Нұр себеле,Ұлыстың ұлы күні!»

0

 №278 орта мектеп

 Тәрбие сағаты

Тақырыбы: «Нұр себеле,Ұлыстың ұлы күні!» 

Сыныбы:       6 «Б»

Сынып жетекшісі:   Бектоғаева Салтанат

 Қызылорда қаласы                                                                         

Сыныбы: 6 «Б»

Тақырыбы: «Нұр себеле,Ұлыстың ұлы күні!» 
Мақсаты:
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі туралы білімдерін тереңдету. Оқушылардың тілін, мәнерлеп өлең оқу, ән салу, би билеу, сөйлеу мәдениетін, сөздік қорын дамыту. Оқушыларды елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтей білуге тәрбиелеу. 
Көрнекілігі: нақыл сөздер жазылған парақшалар,суреттер. 

Барысы:  Сахналық көрініс

(Кемпір мен шал келеді.) Кемпір: Ух! Шал екеуіміз талай үйге кіріп шықтық , ағайын – жамағат, көрші – қолаңға жақсы ниетіміз бен тілегімізді білдірдік. Бір көрісіп қуанысып қалдық. Уақыт біршама болып қалыпты, келін шырағым, адыраспан әкелші, үйді аластап жіберейін. (үйді аластайды) Алас-алас, әр пәледен алас! Қараңғы – жарыққа, ызғар – жылыға, Қара – аққа ауыссын! Жамандық кет! Бәле – жала кет! Алас! Алас! Сор – баққа, кесір – киеге. Жоқ – барға ауыссын! Жамандық кет! Бәле – жала кет! Алас! Алас! Балалар төрге қос шырақ жағыңдар.Үйдегі ыдыс атаулының бәрін аққа, ырысқа, кәусәр бұлақтың суына толтырып қойыңдар. (үйде абыр – сабыр әрекет жасалады, төрге қос шырақ жағылады) Кемпір: Жыл бойы ақ мол болсын! (Ыдысқа ақ құяды). Келін: Дән тасқын-тасқын түсімге бай болсын! (ыдыстарға бидай, тары салады).

Болат: Ата, әже, осы бүгін қандай күн өзі. Таң атқалы әмір жоқ. Үйді жылан жалағандай тазалап, түрлі-түрлі тамақ әзірлеп, үстімізге бір киер киімімізді киіп алдық. Бұрын «жат, жат» деуші едіңдер, бүгін міне түн ортасы болды әлі ұйықтаған жоқпыз.

Әжесі: Балам, бүгін ерекше күн. Наурыздың 21-ші жұлдызы. Осы түні даланы Қызыр аралайды. Бүгінгі түн «Қызыр түні».

 Болат: Ата, Қызыр деген кім?

Атасы: Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, аяулы бабамыз жақсылықтың жаршысы. Жаңа түскен күн рәмізі – Қызыр баба даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ертіп жібереді екен. Күн сәулесі жер шарының Шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себездеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді. Сондықтан қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күні таңғы сағат 3-те қарсы алады, дәл осы сәтте даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасын ерітсе керек. Сондықтан осы күнді асыға күткен үлкендер: Самалық, самалық, Көк құс көзін ашты ма? Аяғын жерге басты ма? Самалық, самалық, Самарқанның көк тасы, Жібіді ме, көрдің бе? Самалық, самалық, Қап тауының көк құсы, Жүгірді ме, көрдің бе? 

Ән: «Наурыз-думан»

1-жүргізуші:
Тыңдаңыздар,тыңдаңыздар! 
Той дабылын қағып тұрған мұнда біз бар. 
Тыңдаңыздар,тыңдаңыздар! 
Наурыз тойы басталды. 
Келіңіздер,Наурыз күнін қарсы алайық. 
2-жүргізуші:

Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! 
Босқа қарап тұрмаңыздар! 
Наурыз тойы басталды 
Көргендер де арманда, 
Көрмегендер де арманда. 
Қызықтан тыс қалмаңыздар! . 
1-жүргізуші: Бүгін ұлыстың ұлы күні ! Ата-бабаларымыздың сөзімен айтсақ, ақ түйенің қарны жарылған күн! 
2-жүргізуші: Күлімдеген көктемнің шуақты шақтарымен бірге жер бусанып, «арқаның қысы аттан түсетін» кез. 
1-жүргізуші: Наурыз – табиғаттың тамырына қан жүгіртіп, тіршілік атаулыны қайта оятып, жаңартатын кез. 
2-жүргізуші: Ендеше, көктемнің шуағын ала келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын!

1-жүргізуші: Алдымен «Наурыз» сөзіне тоқталатын болсақ, бұл – көне парсы сөзі. Қазақшаға аударсақ, «жаңа күн» деген мағына береді. Бұл біздің халқымызда күн мен түн теңелер мезгіл – наурыз айының 22-жұлдызына сәйкес келеді. Күн мен түн теңелген, мал төлдеп, адамның аузы аққа тиген, жер бусанып, малдың аузы көкке тиген ырыстың басын қазақ елі – «Ұлыстың ұлы күні»- деп атайды екен. 
1. Наурыз тепе-теңдік мерекенің негізгі арқауы, мәңгі деп есептелген. 
2. Наурыз- күні жаңарудың, өсудің, түлеудің басы. 
3. Наурыз күні имандылық мереке.Алдына келген атанның құны болса да кеш. 
4. Наурыз көктем мерекесі, еңбек тойы, ырыс молшылық бастауы. 
5. Наурыз мерекесі мейірімділік, қайырымдылық мейрамы. 
Ұлы күні кәрі- жас, 
Құшақтасып көріскен. 
Жаңа ағытқан қозыдай, 
Жамырасып өсірген. 
Наурыз той құтты болсын! 
2-жүргізуші: Ғасырлар бойына атадан балаға мұра болып келе жатқан, дәстүрлі Наурыз тойы, бүгін міне, тағы да есігімізді ашып отыр. Ал, халайық! Енді осы ұлыстың ұлы күні ата салтымыз бойынша ортамызға Қызыр баба мен Наурыз қызды шақырайық. Қызыр баба баршамызға ақ тілек, оң батасын берсін! 
Қызыр баба:Ау,аман ба, жарандар! 
Алтын таңға қараңдар. 
Ерте жайнап атты таң, 
Естіліп жүр шаттық ән. 
Аманбысың ардақты халқым менің 
Ардақта Наурыз тойын салтыңды елім. 
Мереке басы болсын берекенің 
Игі еңбектің жемісін бәрің жегін! 

Ән: « Мерекеңмен! » Ұлпан мен Аружанның орындауында
Қызыр баба
: О-ой, бәрекелді! Көп жасаңдар, айналайындар! Жастарың, айтса айтқандай, өнерлі екен. Жөн-жоралғыдан да қаражаяу емес көрінеді. Енді, рұқсат болса, бұрынғының жолымен мен енді балалардың зерделері мен ой-өрістерін біраз пайымдап көрсем. 
Наурыз :Жөн, ата, жөн! Жастарымыз зердесіз емес сияқты. Намысты қолдан бере қоймас. 
Қызыр баба: Ендеше алғашқы сұрақ: 
1-сұрақ:Наурызшешек деген өсімдік туралы не білеміз? 
Наурызшешек – наурыз айында өсетін жапырақты түрлі – түсті гүлді, қауашақты әсем шөп. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. «Наурызшешек» «Қызыл кітапқа» енген, сирек кездесетін, бағалы өсімдік. 
2-сұрақ:Наурызкөк құсы туралы не білетіндеріңді айта қойыңдаршы? 
Наурызкөк – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсы шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады. Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейді. 
3-сұрақ:Наурыз көже туралы не білеміз? 
Наурыз көже – Наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен немесе 9 түрлі тағамнан: сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс, т.с.с тағамдардан жасап, оған қазы шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор.
4-сұрақ:Наурызнама ойын сауығы туралы не білеміз? 
«Наурызнама»- шат шадыман ойын – сауық той. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын сауықтар жасалады. Мұнда шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге қатты тыйым салынған. Тойға ат жарыс, палуан күрес, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. 
5-сұрақ:Халық Наурызша деп айтып жатады.Оны қалай түсіндіңдер? 
Наурызша — Наурыз айында жұп – жұқа, қиықша қырбық қар түседі. Оны халық «наурызша» деп атайды. 
6-сұрақ: Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі — осы Наурыз бата. Ол бата туралы не білеміз? 
Бұл наурыз бата наурызнама өткізгендерге, осы күнге арнап «Наурыз көжеге» шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші палуандарға бата беріледі. 
Қызыр баба: Бәрекелді, балалар, жарадыңдар! Ризамын. 
Мұғалім: Осы барлығымыз айтып жатырмыз «Ұлыстың ұлы күні» деп, ал ол қайдан шыққанын білесіңдер ме? 
Бұл жөнінде мынандай аңыз бар: бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татады. Содан, бұл күнді – ұлыстың ұлы күні деп жариялайды.

Бәрі: 
Наурыз келсе, құт келгені, халайық! 
Есік ашып, шашу шашып, 
Ел боп қарсы алайық.. 
 

1-жүргізуші:   Наурыз тойын жұп жазбай

                          Қошеметпен қарсы алайық!

                          Досқа құшақ ашайық

                          Өлең жырға басайық,

                          Қазақтың бір салты деп,

                          Тойға шашу шашайық,

2-жүргізуші:   Уа,халайық, халайық,

                          Ақ сандықты ашайық.

                          Бұл мереке бұл тойдың,

                          Жыр шашуын шашайық. 

(оқушылар «Наурыз» мерекесіне шашу ретінде өз білетін өлең шумақтарын оқиды). 

Ән.  «» . Орындайтындар: 

 1- жүргізуші      Шыға келді сыланып сылаң келер,

                              Қияңдағы қиылды қыранға ерлер.

                              Қызғалдақты кешіп жүр қыр астында 

                              Мың бұрала жүгірген бұраң белдер.  
Қазақ биі:  Сахнада бишілер тобы.

2-жүргізуші:      Жылдың басы – Наурыз,

                             Жырдың басы – Наурыз.

                             Наурызға  арналсын

                             Бүгінгі жыр әніміз.

1- жүргізуші:    Ән. « Жаным қазақ »   орындайтындар   Дулат пен Ернар. Қол соғып қошеметтеп  отырыңыздар.

2-жүргізуші:    Көктем тойы әніміз,

                          Көркем өнер сәніміз.

                          Өлең,ән мен той сәнін,

                          Өрнектейміз  бәріміз.

Мереке қарсаңында бәріміз бірге «Қаражорға» биін билейік!

( Бір топ қыз-жігіттер ортаға шығады, басқалары да қосылып билейді.)
1-жүргізуші:     Кел төрлет,есік ашық,Наурызым,

                            Мол болып,берекелі ақ уызың.

                            Шалқыған шаттық әкел әр ошаққа,

                            Сыйлашы ел – жұртыңа жан қызуын.

Келесі сахнамызда   Дәулеткерейдің күйі «  Келіншек  » . Орындайтын      Құрамыс Аружан.   Қарсы алыңыздар

2-жүргізуші

Басы барлық ырыстың, 

Әжем еске түсірді. 
Басы барлық ұлы істің. 
Құтты болсын, Наурыз той, 
Ұлы күні ұлыстың! 
Наурыз тойын әдемі, 
Біздерге арнап әдейі, 
Наурыз көже пісірді. 
(Қонақтарға наурыз көже беру) 

1-жүргізуші :  Батаменен ел көгерер,Жаңбырмен жер көгерер, дегендей,Ата, өзіңізден бата күтеміз.
Мұғалім: Қызыр баба, енді сіз дәстүріміз бойынша бата берсеңіз! 
Қызыр баба:  Ұлыс оң болсын, 
                          Ақ мол болсын, 
                          Қайда барсақ, жол болсын, 
                          Төрт құбыла тең болсын. 
                          Ұлыс бақты болсын, 
                          Төрт түлік ақты болсын, 
                          Ұлыс береке әкелсін, 
                          Наурыз құтты болсын!

1-жүргізуші: Осымен «Нұр себеле,Ұлыстың ұлы күні!» атты сынып сағатымыз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет! Өмір жастарыңыз ұзақ, ұлыс бақты, төрт – түлік ақты болсын.

Бірге:Ұлыс береке берсін. Наурыз құтты болсын!