ШҚО-ға оңтүстік өңірлерден 608 отбасы көшіп келді
Еліміздің оңтүстік өңірлерінен Шығысқа қоныс аударған тұрғындардың мамандықтары − қазақ және ағылшын тілдері, денешынықтыру және еңбек пәндерінің мұғалімдері, психологтар, дәрігерлер, бухгалтерлер, электромонтерлер, ветеринарлар. Қазіргі уақытта облысқа қазық байлаған 483 еңбекке жарамды адамның 364-і өздеріне жұмыс тапты. Жергілікті билік олардың арасындағы кәсіп ашуға ниетті азаматтарға ойларын іске асырулары үшін 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлеміне дейін гранттар бөлуде. Грантқа қолы жеткен облыстың жаңа тұрғындарының бірі пеш сатып алып, тандыр пісіруге кіріссе, екіншісі қонақ үй мен дәмхананы жалға алып, шаруасын дөңгелетуде. Мемлекет көшіп келушілерге қоныс аудару шығындары мен баспана сатып алулары үшін субсидия береді. Оларға арнайы тұрғын үйлер де салынуда. Мәселен, Шемонаиха ауданында өткен жылы көшіп келушілерге 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. 2019 жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша жергілікті оқу орындарын 208 студент тәмамдайды. Бағдарлама шартына сәйкес оқу орнын бітірген түлектер осы облыста үш жылдан кем емес мерзімде еңбек етуі тиіс.
«Біз бұл мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарауымыз қажет. Облыстың шалғайдағы шекаралық аудандарынан адамдар көшіп жатыр. Ол жаққа жұмыс күші керек. Ал оңтүстікте біздің жаққа көшіп келуге даяр отырған адамдар бар. Біз оларды өзімізге тартуымыз қажет. Мұның ешқандай саяси астары жоқ, қалыпты экономикалық, урбанизациялық үрдіс. Оңтүстік өңірлерде халық тығыз қоныстанған. Инфрақұрылым нысандары – мектептер, балабақшалар жетіспейді. Осы ретте теңгерімді қамтамасыз ету үшін еңбек ресурстарын дұрыс бөле білу қажеттілігі туындайды», − дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Реті келгенде айта кетейік, Қазақстанда еңбек күші артық өңірлер қатарына Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласы кіреді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/