Жалған хабар таратқан әйел тұтқындалды

0

Орал қаласында «102» нөмі­ріне қоңырау шалып, Абай полиция бөлімінде бомба жарылғалы жа­тыр деп хабарлаған әйел тұт­қын­далды.

Әрине, суыт хабар алысымен оқиға орнына арнайы қызмет мамандары жедел жетіп, сақтық шараларын жасады. Саперлар аталған ғимаратты түгел қарап, ештеңе таппады.

Облыстық Полиция департа­ментінің Экс­тре­мизммен күрес бас­­қармасы қыз­мет­керлері же­дел-іздестіру ша­раларын жүр­гізіп, жалған хабар та­ратқан Орал қа­ласының тұрғынын анық­тады. Ол 1985 жылы туған әйел адам болып шықты. Ол уа­қыт­ша қамау орнына жабылды.

– Бұл оқиға бойынша Қа­зақстан Республикасы Қыл­мыс­тық Ко­дексі­нің 273 бабы бо­йын­ша сот алды тергеу жұмыс­тары басталды, – деп хабарлайды по­лицияның баспасөз қызметі.

Бір қызығы, бұл әйел дәл осын­дай қылмысы үшін бұрын да жа­уапкершілікке тартылған екен. Заң бойынша оған 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы, еңбекпен түзеу жұмыстарына тартылуы немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүм­кін. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/