Жергілікті өзін өзі басқаруға ауыл жастары дайын ба?
Қоғам назарын алаңдататын бұл көкейтесті мәселе күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе ауыл жастарын қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне тарту үшін елімізде барлық жағдайлар жасалуда.
Мәселен, Баянауыл ауданы Майқайың кентіне Сұңқар Ақанов 2017 жылы әкімі болып тағайындалды. Мемлекеттік және жергілікті өзін өзі басқару саласына сай маманданып, оқып біліп алғаны аз болған ба, өкінішке қарай, арада бір жыл өткенде Сұңқар Ақанов қызметінен кетті. Ал кент әкімінің міндетін атқарушы Руслан Махамбетов деген жас жігітке де тұрғындардың көңілі толмады. Облыстық әкімдік сайтына болашақ әкімге лайықты, өз қызметінің саяси маңыздылығын түсінетін адам таңдау керектігі жазылды.
Өңірдегі аудандық, қалалық әкімдіктерде біліктілігі мен білімдерін мемлекетшілдік мүдде тұрғысынан көрсете алмай, жеке басының қамын қызметінен жоғары қоятын жас басшылар барын көріп те жүрміз.
Өз кезегінде Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев те қызметке келмей жатып-ақ, сөгіс алып үлгерді. Жас әкім қымбат, жайлы, жылы, жайдары коттеджде елден ерекшеленіп тұрғысы келген көрінеді.
Қазір «Жергілікті өзін өзі басқару» жобасына жастарды тартудағы әлемдік тәжірибені үйрену, жастар бастамаларын қолдау, оларды мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жүзеге асыру жүйеленуде.
Жалпы, мемлекеттік қызметке келген жастардың адами және құқықтық саналары жетілмей олар ел алдындағы жауапкершілікті сезіне алмайды.
Осылай бола тұра, жастарды «Жергілікті өзін өзі басқаруды» дамыту бойынша басқа елдердің тәжірибесі, жергілікті бюджеттің жұмсалу тәртібі қызықтырады. Олар жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуға да дайын. Бірақ экономика, қаржы, саясат, есеп, жоспарлауды білетін, экономист-бухгалтер, агроном және технологтарға білім мен біліктілік жетіспейді. Ауылдарда жастардың әкімдік және мәслихаттармен байланысы аз.
Мемлекеттік мекемелер, ауылдық әкімдіктер жастар арасында жергілікті өзін өзі басқаруға жастардың қатысу әдістері мен оның маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу жетіспей жатқандай.
Павлодар өңірінде де «Жастар бастамаларын дамыту орталығы», Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма жұмыс істейді. Осы басқарма мен орталықта тек қана қала жастары үшін емес, арнайы ауыл жастарына арналған бөлімдер болса, ауыл жастары да жаңашылдықтардан шет қалмас еді.
Өзі де ауылда өсіп, еңбек жолын ауылдан бастаған облыс әкімі Болат Бақауов былтыр жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерін ауыл жастарымен арнайы жобалар жасау арқылы бірлесе жұмыс істеуге шақырған-ды.
Ал жас мамандарды ауылға тартуды оңтайландырудың тағы бір түрі – ауылға қажетті мамандықтарға ауылдан шыққан жастарды тарту. Сонда жастар ауылда тұрақтап қалады. Мұндай да мысалдар жеткілікті.
Железинка ауылында туып өскен Райхан Усина Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып, магистратураға Эдинбург университетіне түседі. Шотландия, Франция, Ұлыбритания, Бельгияны артқа тастап, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын патриоттық сезіммен қабылдаған жастардың бірі. Ол туған ауылына қайта оралды.
– Сондықтан, ауылдағы мектеп бітіруші түлек ауылға қайта оралатындай бағдарламалық қолдау қажет. Оқу бітірген түлек өз ауданына келіп жұмыс істеуге міндеттенеді. Өйткені, ауыл шаруашылығының жаңашыл-инновациялық әдістерін жетік меңгерген білікті мамандар жетіспейді. Ауылдың өркендеуіне, дамуына қомақты қаржылар бөлініп жатқанда, ауылда сол қаржыны игеретін, мамандар тапшы ауыл шаруашылығына қажетті кадр даярлау ісіне ерекше назар аудару қажет, – дейді ауыл шаруашылығы саласының мамандары.
Қазір өңірдегі қай аудандық әкімдіктің сайтын ашып қарасаңыз, арнайы мамандардың жоқтығына көзіңізді жеткізесіз. Әкімдіктің сайтынан ауданның тыныс-тіршілігі байқалмайды. Аудандардағы әртүрлі бөлімдердің атқарып жатқан жұмыстарына сай мәлімет берудің орынына, аудан әкімінен бастап орынбасарлары мен бөлім басшыларының өмірбаяндары жазылады. Жұмыс барысы, аудандағы жаңалықтар, қажетті ақпараттар кейбір аудандық әкімдік сайттарында жоқтың қасы. Қазақ тілінде түсініксіз сөйлемдер, сөздер, қателер қаптап жүр.
Елбасы былтырғы 5 қазандағы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны және «Ауыл – ел бесігі» деген жақсы жоба ұсынғаны белгілі. Осы орайда, облыстық ішкі саясат басқармасының маманы Нұрсұлтан Шәкіровтың айтуынша, қазір өңірде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жобалар жасалуда.
Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлнар Ибраеваның сөзіне қарағанда, бағдарлама басталғалы өңірдегі ауылдарға 3792 маман қызметке барған. Тұрақтамай кері қайтқан жас мамандар жайлы жиі айтылады. Біріншіден, олардың әлеуметтік жағдайы жасалмайды, екіншіден, ауыл мектептерінде бала саны азаюда.
Алдағы уақытта жоғары оқу орнын бітірген түлектер «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық әкімдіктерде қызмет ете алады.
Жуырда өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова бағдарлама бойынша ауылға қызметке келетін жас дәрігерлер мен мұғалімдердің қатарына енді жас мемлекеттік қызметшілердің де қосылуы мүмкін екендігін, қазір осындай мақсаттағы заң жобасының Мәжіліс қарауына ұсынылғанын жеткізді.
Білікті жас мамандардың көпшілігі ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметке қызығушылық таныта қоймайтыны да белгілі. Сондықтан, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Ұлттық экономика министрлігі тарапынан «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ауылдық жерлерге жіберілетін экономика, қаржы, есеп, информатика, компьютерлік бағдарламалар тілін білетін бухгалтер, экономист, қаржыгер сияқты басқа да мамандық алған жас мамандарды қосу туралы бастама жасалмақшы. Өйткені, былтыр «Жергілікті өзін өзі басқару» бойынша бюджеттің төрт деңгейлі түріне көшу кезінде барлық ауыл әкімдерінің дені – мұғалімдер болғандықтан, экономика, қаржы мамандарының тапшылығы қатты сезілді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/