Қостанай облысында ғаламтор алаяқтарының әрекеті белең алып тұр

0

Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жергілікті тұрғындарға ғаламтор алаяқтарынан сақ болуды ескертті. Мамандардың айтуынша, алаяқтар адамдармен интернет арқылы жазысып, олардың сеніміне кіреді де, шотында қаржы бар-жоғына көз жеткізеді. Сонымен қатар, алаяқтар құрбандарын көпшілік жиі пайдаланатын Kolesa.kz, Krisha.kz, OLX.kz секілді интернет алаңдарынан ұстайды. Осы сайттарда киім, қосалқы автобөлшектер, жылжымайтын мүліктер , тағы басқа қажеттер сатылады. Алаяқтар адамдарға алдын ала ақшаны электрондық әмиян, банк шоттарына экспресс-төлем терминалдарынан аударуға көндіреді. Олар ақшасы түскен соң жоқ болып кетеді.

Алаяқтардың тағы бір тәсілі құрбандарын телефонмен сөйлесу, хабарласу арқылы табады. Олар алатын тауарлары үшін ақшасын құрбанының банк шотына аударуға көндіріп, оның барлық банк мәліметтерін, жеке бас құжаттарын, паролін алып алады. Алаяқтар әлгі адамның атына жоғары процентпен несиелер рәсімдейді, немесе шотындағы ақшасын қақшып алып отырады. Полиция департаментінің ескертуінде соңғы кездері сайттарда банктерде нашар несие тарихы барларға, яғни банктерде бұрын несие қарызы болғандарға ірі көлемде несие алуға көмек беретіні жөнінде жарнамалар қаптап кеткені, олардан сақ болу жөнінде айтылады. Ғаламторда, әлеуметтік желілерге орналастырылған ешқандай күдік туғызбайтын жалған аккаунттар көбейіп кеткен. Қостанай облыстық полиция департаменті ғаламтор алаяқтарынан сақ болу үшін ғаламтордағы хабарландыруларға аңғал сене салмауға, басқа пайдаланушылардың жазған пікіріне назар аударуға, тауар сатушыны кездесуге көндіруге, әлеуметтік желілерде сатып алу-сату келісімін рәсімдемеуге, оларға терминал арқылы ақша аудармауға, банк карточкасы мен СМС КОД-тарды ешкімге айтпауға, танымайтын адамдардың өтініші бойынша банкоматтарда қосымша қызметтерді қоспауға, егер алаяқтарға алданып қалғанын білген жағдайда тез құқық қорғау органдарына хабарлауға кеңес береді.

Нәзира Жәрімбет,

Egemen Qazaqstan

Қостанай

Дереккөз: http://egemen.kz/