үнем мен пайда басты назарда
Мемлекеттік қызметшілер жұмыс орнында атшаптырым кабинет, артық алаң пайдаланбауы тиіс. Мұндай алаң болса, оны тиімді қолданып, өзге мемлекеттік мекемелерге немесе жеке құрылымдарға жалға беруі тиіс. Осы арқылы мемлекет қаржысын үнемдеуге және кіріс кіргізуге болады.
Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілер әртүрлі деңгейіне байланысты қызмет алаңымен қамтылуы керек. Мысалы, қарапайым қатардағы қызметшіге 7,5 шаршыметр жұмыс орны тиесілі болса, ауыл әкімі – 15, аудан әкімі – 36, облыс әкімі – 54 шаршыметрден артық кабинетті пайдалана алмайды. Мұның бәрі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы «Мемлекеттік органдарды қызметтік және кезекші автомобильдермен, телефон байланысымен, кеңсе жиһазымен және мемлекеттік органдардың аппаратын орналастыру үшін алаңдармен қамтамасыз етудің заттай нормаларын бекіту туралы» №179 бұйрығымен бекітілген.
— Осы бұйрық шарттарының қалай орындалып жатқанын анықтау үшін жақында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті арнайы үш топ құрып, облыстағы мемлекеттік органдар пайдаланып отырған артық алаңдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізді, — дейді осы департамент басшысының орынбасары Аманқос Жұбаныш.
Тексеруге облыс аумағындағы 459 мемлекеттік орган қамтылған. Нәтижесінде облыстық мемлекеттік мекемелерде 4433 шаршыметр, қалалық органдарда – 1519, аудандық атқару органдарында 17829 шаршыметр алаң артық пайдаланылып отырғаны анықталған. Алайда осы көлемнің 10 мың шаршыметрге жуық бөлігін ғана оңтайландыру, яғни үнемді пайдалануға болады. Ал қалған 12475 м2 алаң бөлме бөліктерінен тұрады. Ғимараттар ескі, бөлмелер стандартқа сай емес, оны қайта жасақтау тиімсіз, қаржы шығыны ақталмайды. Ауылда, алыс елдімекендердегі артық алаңды жалға алушы жоқ. Кейбір көне ғимараттар ХІХ ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауға алынғандықтан, ол жерде бөлмелерді қайта бөлуге мүлдем болмайды.
— Оңтайландыруға жатады деген 9666 шаршыметрлік алаңның 1962 шаршыметрін қысқартып, қазірдің өзінде жылына 2,5 млн теңгеден артық қаржы үнемдедік. Жоспарымыз толық жүзеге асса, жылына 16,7 млн теңгені үнемдейміз, — дейді Аманқос Сағынұлы.
2018 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары өз иелігіндегі 4,4 мың шаршыметр алаңды 70 кәсіпкерге жалға беріп, мемлекет қазынасына 13,8 млн. теңге пайда түскен. Бірақ бірқатар мемлекеттік орган 2,1 мың шаршыметр алаңды өзгелерден жалға алып, ол үшін 36,3 млн. теңге қазына қаржысын шығындаған.
Мемлекеттік қызмет саласы қаржы шығындарын үнемдеу ісі биыл жыл басынан бері қатаң қолға алыныпты. Мәселен, Ақжайық аудандық жер қатынастары бөлімі бұған дейін «Нұр Отан» партиясының ғимаратынан 45,5 шаршыметр алаңды жалға алып, ол үшін жылына бюджеттен 1 061 428 теңге төлеп келсе, биылғы 1 қаңтардан бастап аудан әкімдігі ғимаратынан орын тапты. Ал Ақжол, Алмалы, Базаршолан, Жамбыл, Жаңабұлақ, Қабыршақты, Қарауылтөбе, Көнеккеткен, Қурайлысай, Мерген ауылдық округтері бос алаңдарын «Қазпошта» мекемесіне, жастар ресурстық орталықтарына, полиция бекеті мен мал дәрігері мамандарына беру арқылы қосымша табыс тауып, ғимараттарының бос тұрып, азып-тозуынан құтқарды.
Сондай-ақ Қаратөбе аудандық мәслихаты өзіне қарасты ғимаратта кабинеттерді қайта бөлу жұмысын жүргізіп, жаңадан пайда болған екі бөлмеге мал дәрігерлік бөлімі мамандары мен қоғамдық кеңес төрағасын орналастырған. Осы арқылы бюджеттің 1,02 млн теңгесі үнемделіпті. Теректі аудандық кәсіпкерлік бөлімі де екі кабинетін жалға алушыларға босатып беріп, жылына 499 мың теңге үнемдеген.
Соңғы үш жыл ішінде өңірдегі мемлекеттік мекемелер отырған алаңдарды оңтайландыру нәтижесінде 5456,8 шаршыметр үнемделген екен. 2016-2019 жылдар арасында кабинет және көлік шығындары үшін 54 млн теңге бюджет қаржысы үнемделген.
— Өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті филиалымен біріге отырып мемлекеттік органдар мүлкі мен шығындарын толық тізімдеп шықтық, — дейді ҚР Қаржы Министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру Комитеті БҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Ермек Сүйербаев.
Барлығы 110 мемлекеттік мекемені қамтыған инвентаризация жұмысы нәтижесінде артық пайдаланылып отырған 4312 шаршыметр алаң қайтарылған.
Қазақстанда мемлекеттік лауазымды тұлғаларға атқарған қызметі үшін халықтан сыйлық алуға тиым салынған. Тәртіп бойынша мұндай сыйлық жергілікті атқарушы органға бір апта ішінде тапсырылуы тиіс. Соңғы үш жыл ішінде батысқазақстандық шенеуніктер осындай 48 сыйлықты мемлекетке тапсырған. «Ол сыйлық арнайы бағалаудан өткен соң саудаға шығарылып, бюджетке 2,5-3 млн теңгедей табыс түсті» дейді Ермек Сүйербаев. Сыйлықтардың ішінде сыйқаделер, арақ-шарап, конфет және басқа нәрселер болыпты.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан
Дереккөз: http://egemen.kz/