Ташкентте «Орел и Решка» жүргізушілеріне кей жерлерде видео түсіруге тыйым салынды — Жаһан

0

Танымал «Орел и Решка» бағдарламасының командасына Ташкенттің кей жерлерін түсіруге тыйым салған, — деп хабарлайды kun.uz сайты. 

Түсірілім Самарқанд пен Ташкентте өтті. «Өкінішке қарай, барлығы ойдағыдай шықпады. Видеода саябақтардың бірінде түсіруге тыйым салынғаны көрінеді. Ташкент метросында да осындай жағдай болған», — делінген мақалада.

Басылымда биыл 1 маусымынан бастап Ташкент метросында фото және видео түсіруге ресми түрде рұқсат берілгені жазылған. 

Бағдарламаның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында авторлар Өзбекстан астанасында «полицейлерден әр бес минут сайын түсіруге рұқсат сұрағанын» айтып шағымданды… «Бірақ қарапайым адамдар ашық-жарқын, қонақтарды қабылдауға дайын», — деп жазған авторлар.

Желі қолданушылары қойылған шектеулерге пікірін білдірді. Көбі Өзбекстанды Солтүстік Кореямен салыстырды, ал басқалары мұны масқара деді. 

«Туризмнің дамуы осы. Келіп, видеоға түсіріп, әлемге көрсеткісі келсе, тексеріс пен тыйымдар басталады. Масқара», — деп жазған Facebook қолданушыларының бірі. 

Ал тағы бірінің айтуынша, Өзбекстан президентінің айтқаны бір, орындаушылардың жасап отырғаны басқа. 

Жексенбіде жобаның YouTube хостингіндегі арнасында «Орел и Решканың» Өзбекстанда түсірілген жаңа шығарылымы жарияланды. Сценарий бойынша «алтын» картаның иесі Самарқандқа жөнелген. Мақсаты, әлемге танымал жібек кілемді дайындау құпиясын ашу, медреселерде болып, лазер шоуын ұйымдастыру болған. 

Ал 100 доллары бар турист палаудың ірі орталығына барып, ұлттық тағамдардан дәм татып, жергілікті қариялармен танысып, өзбек салт-дәстүрлері туралы естіп қайтады.