Ауыл шаруашылығы – табысты сала

0

Ең алғаш кәсібімді 4 бұзаулы сиыр алып, оны бордақылаудан бастадым. Кейіннен, көбейген төл басын нарыққа шығарып, оның орнына шағын қожалығымда жылқы түлігін байлап, бақтым. 

Өздеріңіз білесіздер, Кентау қала­сы­ның іргесіндегі Қаратау жыл­қы өсіруге ыңғайлы мекен. Алайда, қазір­гі таңда жайылымдық жерлер та­ры­лған. Бүгінгі таңда ауыл шаруа­шы­лығы бағытында кең өріс қажет болып тұр. 

2019 жылды Елбасымыз Жас­тар жылы деп жариялады. Сон­д­ық­тан Президентіміздің қам­қорлығымен кәсібін жаңа бас­та­ған жастарға қолдау көрсетілсе жақсы болар еді. Мемлекет тарапы­нан проценттік көрсеткіші төмен субси­дия берілсе, қора-қопсы салып, Қамбар ата түлігінің төлін көбейт­­сем деген ойым бар. Дәл қазір­гі таңда жеке қожа­лы­ғым­да 6-7 бас жылқы, он шақты сиыр бағып отырмын. 

Егер жеңілдетілген несие алған жағдайда сүт-ет өнімдерін шыға­ратын шағын кәсіпорын ашып, облыс тұрғындарын жергілікті, табиғи өніммен қамтамасыз етсем деген мақсат та бар. 

Жаңғақ шаруашылығы – та­быс-

­­ты бизнестің бірі. Атамыз тек мал асырап, дала кезген деген пікір­­мен келіс­пеймін. Керек кезін­де жер ем­шегін де еме білген. Кен­тау қала­сы­ның тамаша климаты жаң­ғақ аға­шын өсіруге өте қолайлы. Сон­дық­тан жергілікті әкімдік тарапы­нан жер телімі берілсе, жаңғақ қалам­шасын отырғызып, осы бір жемістің пайдасын көрсем деймін. 

Бүгінде көптеген ауыл жас­тары мемлекет тарапынан ауыл шаруа­шылығы саласына берілетін көмек­тен, бөлінетін қаржыдан бейхабар. Өз кәсібім арқылы екі қолға бір күрек іздеген жастарға үлгі болсам, осының өзі мен үшін үлкен жетістік.

Нұрсұлтан ШАЛАЕВ,

фермер

Түркістан облысы,

Кентау қаласы

Дереккөз: http://egemen.kz/