Қанттан бас тартқанда жіберілетін қателер

0

Адамдар көп жағдайда қантты тек шай мен кофеге қосып ішемін деп ойлайды. Негізі ол кез келген соус пен дәмдеуіштерде, ұннан жасалатын тәтті тағамдарда, жеміс-жидектердің құрамында болады.

Арай Әміре
Арай Әміре. Фото ашық дереккөзден

Диетологтың айтуынша, қант ағзамызға пайдалы болуы үшін қандай тағамдарды тұтынғанымыз дұрыс – әр адам осыны ойлауы керек.

Нені ескеру керек?

Қантты пайдаланбаймын деп шешсеңіз, одан бірден бас тартпаңыз.

Бірінші аптада газды сусындар мен тетра пакеттегі тәтті шырындар ішпеңіз.

Екінші аптада ұннан жасалатын тәтті тағамдар мен конфет, шоколадты азайтып, орнына кептірілген жемістерді тұтыныңыз.

Үшінші аптада кез келген өнімнің құрамында болатын, біз байқамай қалатын қанттарға мән беріңіз. Олар глюкоза, фруктоза, мальтодекстрин, декстроза, сукроза, нектара деп жазылып  тұрады. Көбіне торт пен пирогтарға, фаст фуд өнімдеріне қосылады.

Егер үш аптада күнделікті жейтін тағамыңызды қадағалап отырсаңыз, зат алмасу процесі қалпына келіп, өзіңізді жайлы сезінесіз.

Диетологтың айтуынша, қант алмастырғыштың пайдасы көп емес, ол тек миға ағзаның тәттіні қабылдап жатқаны туралы сигнал береді. Егер адам тәттіден бас тартқысы келсе, күніне 20 минут жүгіріп не жаттығу жасауы керек. Физикалық қозғалыстан қан құрамындағы инсулин нормасына келіп, адамның тәттіге тәбеті азаяды.

Қанттың зиян екенін ойлағанда әуелі көз алдымызға тістеріміз елестейді. Қантты көп жеген адамның тісі құрттайды. Қант асқазан-ішек жолдары арқылы ағзамыздағы В витаминін жояды. Қантты көп тұтынатын адамда аскарида пайда болуы мүмкін. Бұлардың ішінде ең қауіптісі – қанттың зат алмасу процесіне зияны. Ыстық тамақтан гөрі тәттілерді көп жегеннен зат алмасу процесі бұзылады. Салдарынан адам артық салмақ қосады, целлюлит пайда болады, көңіл күйі болмай, шаршап жүреді.

Қант жеуді тоқтатқанда ағза қалай өзгереді?

  1. Қанттан бас тартсаңыз, бір аптадан соң зат алмасу процесі реттеліп, мидың жұмысы жақсара бастайды. Бірақ бұл адам миының дұрыс жұмыс жасауы үшін қанттан бас тарту керек деген сөз емес. Тек тәттінің орнына басқа өнімдерді пайдалануға болады. “Cтевия – қантты алмастыратын табиғи шөп. Сонымен қатар бал қант сияқты тәтті әрі өте пайдалы”, – дейді Арай Әміре.
  2. Адам шын мәнінде қарнының ашқанын өзінің қалауынан ажырата алады. Себебі қандағы глюкоза мөлшері қалпына келіп, адам артық тамақ жемейтін болады.

Қанттан толықтай бас тарту мүмкін емес. Күнделікті тұтынатын өнімдеріміздің бәрінде қант бар. Оны тұтыну да қажет. Сондықтан қант емес, оны көп мөлшерде қолдану зиян.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz