Бөлме гүлін баптау |
Бөлменің сәнін келтіретін үй өсімдіктері мен гүлдер ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан оларды аптасына 1-2 рет жылы сумен жуып тұру керек. Одан өзге гүлдерді өсіру, баптау тәсілі санқырлы. Назарларыңызға бөлме гүлдерін әдемі етіп өсіру мен баптауға арналған кейбір кеңестерді ұсынамыз.
• Бөлме өсімдіктерін бойына қарай ретімен орналастырады. Сонда олардың барлығына ауа мен жарық жеткілікті, өсуі қарқынды болады.
• Жаз мезгілінде күн көзі гүлдерге тікелей түссе, қурап кетпес үшін көлегейлеу қажет.
• Гүл әдемі болып өсу үшін, оған құятын суды 1 күн бұрын ыдысқа құйып, бөлме ішіне беті ашық күйінде қояды.
• Бөлме гүлдерінің түбіндегі топырақты қопсытып барып су құйса, жылдам өсуіне оң әсерін тигізеді.
• Әр кезде қант салынған су құю арқылы бөлме өсімдіктерінің түсін балғын күйінде және қуратып алмай өсіруге болады.
• Егер гүл түбіндегі топырағы құрғап, жарылып кетсе, өзен жағасындағы құмнан немесе ағаш үгіндісінен аз мөлшерде қосады.
• Ет жуған суды сүзгіден өткізіп гүлге құйса, өсу жылдамдығы екі есеге артады.
• Үй ішінде өсетін раушан гүлдері жарықты ұнататындықтан, өте жарық, бірақ күн көзі тікелей түспейтін жерде ұстау керек.
• Бөлмеде өсетін раушан гүлін жазда жиі су құйып, топырағын ылғал етіп ұстау қажет. Егер де топырағында майда шіркейлер пайда болғанын байқасаңыз, су құюды 5-6 күнге тоқтатыңыз.
• Раушан гүлдердің жапырағын аптасына бір рет күн батқан кезде жуып не сүртіп тұрады.
• Кактус гүліне 2-3 аптада бір рет қана су құйған дұрыс. Өйткені бұл өсімдік ылғалдықты ұнатпайды.
• Кактус егілген ыдысты жаз мезгілінде ағаш тақтайшалармен көлегейлейді. Себебі қатты ыстықтан оның тамыры қурап кетеді.
• Кактус отырғызылған ыдыс өте үлкен болмағаны дұрыс. Себебі ыдыс түбіндегі топырақ құнарын тез жоғалтады да, тамырына зиян тигізеді.
• Егер ұзақ уақыт үйде болмай, гүлдер қараусыз қалып жатса, оның шешімі бар. Гүлдерді ваннаға салып ыдыстары жартысына дейін батқанша су құйып, 40 минутқа қояды. Содан кейін ыдысының сыртынан полиэтилен пакет кигізеді. Тағы бір шешімі, ваннаға гүл ыдыстары 4-5 см бататындай су құйып, гүлдерді салып, есігін ашық күйінде қалдырасыз.
Дереккөз: http://reactor.inform.kz