Ақтөбеде әйелін өлтіріп, түрмеде отырған азамат досының жұбайын ажал құштырды — новости Казахстана

0

Ақтөбеде өз әйелін өлтіргені үшін абақтыда отырып шыққан азамат досының жұбайын пышақтап тастады деп хабарлайды Aktobetimes сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Көрнекі фото: report.az

Көрнекі фото: report.az

61 жастағы Александр Скуцкий «Вагонное депо-1» бағбандық ұжымында күзетші болып жұмыс істеген. Қайғылы оқиға болған күні оның досы Сергей өз жұбайымен Александрдің үйіне ішуге келіпті.

Кеш қарая екі азаматтың арасында жанжал туып, Сергей жұбайын досымен қалдырып, кетіп қалған екен.

Арада бірнеше уақыт өткен соң Александр келіншекпен ұрысып қалады. Ақтөбе облыстық ауданаралық мамандандырылған қылмыстық соттың хабарлауынша, ашуға ерік берген ол алдымен жәбірленушіні ұрып, артынша 15 рет пышақтаған.

Сергей әйелін алып кетуге келгенде, жұбайының қанға малынған денесін көріпті. Ал Александр оны өзінің марқұм жұбайымен шатастырғанын алға тартқан екен.

Оқиғадан соң Александр полицияны өзі шақырып, кінәсін өзі мойындаған.

Мамандардың айтуынша, келіншек өлімінің басты себебі, көп қан жоғалту болған. Марқұмның қанынан медицина қызметкерлері ішімдіктің көп мөлшерін анықтапты.

Адам денесінде ішімдік көрсеткіші бес промилледен көп болса, ол улануы мүмкін. Ал келіншектің қанында алкоголь мөлшері алты промиллені көрсетіпті.

Сот сотталушыны кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды.

Дереккөз: kaz.nur.kz