Он жыл тұрған үйіне әкімдік таласып отыр
Түсінікті болу үшін тоқтала кетсек, Тілеулес Әубәкіров 2000 жылы Жібек жолы ауылына осындағы ақсақалдар алқасы келісімімен және ауылдық округ әкімшілігінің шақыруымен молда болуға, отбасымен көшіп келеді. Оған иесіз қалған Мал шаруашылығы үйі мен оның алдындағы бір шөкім жері пайдалануға беріледі. Үйдің жартысын намазханаға қалдырып, екінші шағын бөлмесіне отбасымен (алты адам) қоныстанады. Әрі молда әрі күзетші болып жұмыс істей бастайды. Кейін әлгі ешкімге керексіз болып қалған үйдің іші-сыртын қалпына келтіріп, көрсе көз тоятындай етіп жөндеп алады. Көршілерімен бірге алыстан ауыз су тартуға атсалысады. Сосын ол ғимаратты адам тұратын қалыпқа келтіріп болған соң, заңдастырмақ болады. Мал шаруашылығы үйі ешкімге керегі жоқ қирап қалған иесіз болса да, «Ново-Александровский» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында тіркеулі болған екен. Олар Тілеулеске осы үй түбегейлі берілді деп шешім шығарып, қолына әлгі құжаттың түпнұсқасын ұстатқан.
Өзінің айтуынша, ақсақал сол анықтама негізінде үйін заңдастырмақ болып әкімдікке барса, олар үйді жекешелендіру құжатын өзіміз жасаймыз, заңдастырамыз, сіз алаңсыз молдалық қызметіңізді жүргізе беріңіз деп шығарып салған. Әлгі анықтаманы да өздеріне алып қапты. Әкімдіктің айтқанына иланған қария алаңсыз жүре берген.
Содан Т.Әубәкіров өткен жылы әкімдікке үйді заңдастырмақ болып тағы барады. Барса, әлгі өзі тұрып жатқан үй «көптен бері онда ешкім тұрмағандықтан және бірнеше жылдан бері қараусыз қалғандықтан» Аршалы аудандық сотының 2013 жылғы 20 қыркүйектегі шешіміне сай коммуналдық меншікке өтіп кеткенін естиді. Тілеулес ақсақал бұл хабарды естігенде жүрегі сыр беріп, құлап қала жаздаған. Өйткені ол бұл шешім мүлде шындыққа жанаспайды деп есептейді. «Бұл үйде сонау 2000 жылдан бері отбасымызбен тұрып келеміз ғой», дейді қария көзіне жас алып. Оны дәлелдейтін қағаздары да бар екен. Соның бірі – 2017 жылғы 26 қаңтарда Жібек жолы ауылдық округінің бас маманы А.Еңсебаева берген анықтама. Онда «Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Жібек жолы ауылдық округі әкімінің аппаратынан 1943 жылы туған Аубакиров Тлеулес Тлеубергеновичке берілді. Ол осы округке қарасты Жібек жолы ауылындағы Қазыбек би көшесіндегі №3-үйде тұрады» деп жазылып, қол қойылған. Сол сияқты осы ауылдық округтің әкімі К.Ахмадияров та Аубакиров Тлеулес Тлеубергенович Жібек жолы ауылындағы Қазыбек би көшесіндегі №3-үйде 2000 жылдан бері тұрып келеді деп анықтама жазып берген. Үйдің ай сайынғы коммуналдық шығындарын төлеп тұрған түбіртектері де бар. Және бұларды ауылдағы көршілерінің бәрі біледі.
Ал аудандық әкімдік сотқа «бұл үйде ешкім тұрмайды, қараусыз қалған, сондықтан 2013 жылы Аршалы аудандық әділет басқармасының анықтамасымен Мал шаруашылығы ғимараты иесіз деп тіркелген» деп, соны бекітуге ұсыныс түсірген. Оған дәлел 2012 жылы 4 ақпанда Аршалы аудандық «Вперед» газетінде аталған ғимараттың иесіне іздеу жарияланыпты. Содан бір жыл бойы әліптің артын күткен сыңайлы. Ал бұл жайдан ақсақал мүлде хабарсыз көрінеді. Ол жоғарыда айтқанымыздай, жергілікті билікке сеніп жүрген. Өйткені мұның тұрып жатқанын бәрі біледі ғой. Оның жартылай қирағалы тұрған ғимаратты қайта қалпына келтіріп, жөндеп алғанын да әкімдіктегілер жақсы біледі. Ендеше сол кезде оған үйді алғалы жатырмыз деп неге айтпаған? Егер айтқан болса, яғни Тілеулес ақсақал тұрып жатқан баспанасынан айырылғалы тұрғанын білгенде, алдын ала қимылдар еді ғой. Алғашқы сот отырысында да Тілеулес ақсақалдың қатысуынсыз шешім шығарылған.
Тілеулес ақсақал бұл баспананың барлық коммуналдық шығындарын уақтылы төлеп отырды. Заңға қарсы әрекет жасаған жоқ. Кезінде білместігінен сеніп қалып, енді зардап шеккен жанды бір-ақ күнде баспанасынан айырып, далаға шығарып тастау адамгершілікке жата ма?
Содан ауданда бірнеше сот отырысы өткен соң Тілеулес ақсақал облыстық сотқа қайта жүгінеді. 2018 жылы 9 тамызда өткен Ақмола облыстық сотының азаматтық іс жөніндегі сот алқасы Аршалы аудандық сотының 2013 жылғы 20 қыркүйектегі шешімінің күшін жояды. Сот Тілеулес Әубәкіровтің құқы бұзылғандығын атап өтеді. Бірақ… Иә, бұдан кейін 2018 жылдың 26 желтоқсанында өткен Аршалы аудандық соты болған жайдың бәрін қайта сараптай келе, Азаматтық кодекстің 240-бабына сілтеме жасап, яғни ақсақалдың иесі жоқ жылжымайтын мүлікті заңда көрсетілген жеті жыл мерзімнен аса уақыт иеленіп келгенін атап көрсете тұра, Тілеулес Әубәкіровтің жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тану туралы арызын қайтадан қанағаттандырмады.
Міне, осылайша осыншама жыл бұл ғимаратты жөндеп, үй қалпына келтірген кезде Тілеулес ақсақал отбасымен далада қалайын деп тұр. Ол үйді өз атына жекешелендірмек түгілі, басқа да баспана алуға еш мүмкіндігі жоқ.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Egemen Qazaqstan»,
Абдулмахмут ПОШАТАЕВ,
заңгер
Дереккөз: http://egemen.kz/