Жол апаты алдын алғанда ғана азаяды
Бір жылда ғана осынша отандасымызды жоғалтуымыздың себебі неде? Жол-көлік оқиғалары (ЖКО) не себепті көбейіп кеткен?
Бұл мәселе аз көтеріліп жүрген жоқ, П.Казанцевке дейін де дабыл қаққан депутаттар да, журналистер де болды. Бірақ нәтиже шамалы, ЖКО жыл өткен сайын азаяр емес, керісінше көбейіп барады. Тәуелсіздік жылдарында 82 мыңға жуық адам осындай апаттардан қаза болған, ал жарты миллиондай азаматымыз түрлі жарақаттар алған. Соның ішінде еңбекке жарамсыз болып, мүгедек атанған жастар қаншама…
Жол-көлік оқиғасының көбею себебін халық алдымен автокөліктердің көбеюінен көреді. Бірақ олардың жолда кенеттен істен шығуы, тежегіштің бүлінуі т.б. техникалық ақауларынан болған көлік апаты аз. Апаттың ең негізгі кінәлілері – жүргізушілер мен жол ережесін бұзатын жолаушылар. Адам қазасына соқтырған жол апаттарының 80 процентке жуығы осы себептерден болған. Ал жүргізушілер мен жүргіншілердің жол ережесін бұзбауын қадағалау Ішкі істер министрлігі жол полициясы (ЖП) комитетінің міндеті.
Жол полициясы комитетінің қаншалықты тиімді жұмыс істеп жүргенін адамдар күнделікті өмірде жиі көреді. Олардың негізгі мақсаты қазір жол тәртібін бақылау емес, айыппұл жинауға айналып кеткен деген пікір көп. Осыған орай басымыздан өткен бір ғана мысалға тоқталып өтелік. Бірде мектептің алдына күнде тоқтайтын жерге машинамды қоя салдым. Сол жерде Жол полициясының машинасы да тұр екен, өздері елеусіздеу әңгімелесіп тұрды. Баласын алуға келген мен секілді біреулер шығар деп мән бермедім. Мектептен баламды алып келе жатсам әлгі екеуі менің машинамның жанында шұқшиып бірдеңе толтырып жатыр. Сөйтсем… айыппұл. Өйткені мен «мүгедектер тұрағына» тоқтаппын. Кеше ғана болмаған белгіні сол жерге іле қойып, тоқтаған адамды аңдып тұр екен. Ақталған сөзіңді құлақтарына да ілмейді. «Мен тұра бастағанда неге ескертпедіңіздер, көріп тұрдыңыздар ғой» десем, «ескерту біздің міндетіміз емес, белгіні өзіңіз көруіңіз керек еді», дейді.
Ал бұл уақытта көшенің шаңын аспанға шығарып кейбір есерсоқтар қаланың ішінде 100 шақырымдық жылдамдықпен өтіп жатады. Әсіресе жаз айларында зымыраған мотоциклдердің гүрілі құлақ тұндырады. Ондайларды біздің Жол полициясының қызметкерлері көрмейді. Ал ДСҰ-ның мәліметтеріне қарағанда, барлық жол апатының 23 проценті осы, мотоциклшілердің үлесіне тиеді екен. Әрине Жол полициясының қызметкерлері арасында өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, негізгі жұмыстарын қапысыз атқаруға тырысатындар жоқ емес. Тағы бір мысал айтайық. Көкшетау қаласынан шыға беріске, қаладан 8-10 шақырымдай жерге «Көкшетау» деген жазуды ақ тақтаның фонына жазып, орнатып қойыпты. Ақ фон болған соң 60 шақырымнан асыруға болмайды. Ал көптеген жүргізушілер қаладан шығып кеттім ғой деп жылдамдығын үдете бастаса, сол жердің тасасында тұрған Жол полициясының қызметкерлері дереу тоқтатып, айыппұлын жаза бастайды.
Жалпы, Жол полициясы қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін олардың атына келген халықтың алғысына қарап бағалау керек. Сонда алғыс алу үшін олар халыққа адал қызмет етер еді. Әрине алғыстың қолдан жасалмағанын (досына, туысына, т.б. өтірік жасатып алмағанын) тексеретін жолдарды да қарастырған жөн. Оны тексерудің де әдіс-тәсілдерін табуға болады.
Әрине ЖКО-ны болдырмау жүз процент Жол полициясының қолынан келмейді. Халықтың өзі де жол тәртібін сақтап, жүргіншілік мәдениетті арттыруы керек. Осыдан оншақты жыл бұрын Астана қаласында жол тәртібін бұзушылық тіпті орасан болатын, қазір ептеп азайғаны байқалады. Егер халықтың өзі де жол тәртібінің сақталуына үлес қосып отырса, жол апаты да азая түсер еді. Мысалы, барлық көлік қызыл жарыққа тоқтап тұрғанда кейбіреулер өте шығады. Қазір халықтың бәрінің қолында қалтафон бар, сондай сорақылықты дереу полицияға жеткізсе, оны бәлки келесі жол қиылысында ұстар еді. Сөйтіп апаттың алды алынар еді. Мәдениеті жоғары Еуропа елдерінде осындай үрдіс баяғыдан бар. Сондықтан да оларда жол апаты оқиғалары аз.
Жасыратыны жоқ, біз біреудің жол тәртібін бұзғанын полицияға айтуды ұят, тіпті сатқындық деп санаймыз. Бұл дұрыс емес, адам өмірін, оның ішінде өз өмірімізді де сақтағымыз келсе, осындай игі істерге дайын болуымыз керек.
Мақаламызды Мәжіліс депутаты П.Казанцевтің сауалынан бастадық қой, ендеше сонымен аяқтайық. Депутат өзінің сауалында Ішкі істер министрлігі ЖКО-ның азаймау себептерін қоғам өкілдері және сарапшылар қауымдастығын қатыстыра отырып, кешенді түрде талқылауды ұсынады. Сонымен бірге жүргізуші куәлігін беруге оқытатын мекемелерде талапты қатаңдатуды сұрайды. Ал біз өз тарапымыздан ЖП қызметкерлері мекеме-ұйымдарға, оқу орындарына барып, әңгіме өткізіп, жол тәртібін сақтаудың маңыздылығын түсіндіру сабақтарын жүргізгені де дұрыс деп айтар едік. Мұндай сабақтар барлық жүргізушілер мен жүргіншілерге, тіпті Жол полициясы қызметкерлерінің өздеріне де керек.
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/