Орман өртеніп, 25 адам қаза тапты
Калифорнияда орман өртінен қаза тапқандар саны 25 адамға жетті. 250 мың адам өз үйін тастауға мәжбүр болды.
Қазіргі таңда Калифорнияда үш ірі өртті сөндіре алмай жатыр. Олардың бірі — Солтүстік Калифорнияда. Ол штат тарихындағы ең ірі өрт болып отыр. Жергілікті биліктің дерегі бойынша, жалын 42 мың гектарды шарпыған. Қаза тапқан 25 адамның ішіндегі 23-інің өмірін осы өрт қиып кетті. Тілсіз жау Парадайс қаласын толықтай жайпаған.
Оңтүстік Калифорнияда тағы екі өрт болып жатыр. Ол Лос-Анджелес ауданы мен Вентура округін де шарпыған. Бір түннің ішінде оның аумағы 28 мың гектарға дейін өскен, ал екіншісі 1,8 мың гектарды құраған. Өрт Тынық мұхитына қарай жылжып барады, салдарынан жағалаудағы аудандарға, танымал калифорниялық курорт Малибуға қауіп төніп отыр. Штатта төтенше жағдай жарияланды. Өрт сөндірушілердің болжамы бойынша, оның таралуын толықтай бақылауға алу үшін үш апта уақыт қажет.
Штаттың солтүстігінде, Сакраменто маңында да өрт тұтанды. Оның салдарынан Парадайс қаласында бес адам қаза тапты — олар өз көліктерінде көз жұмды. 26 мың адам тіршілік кешіп жатқан Парадайс қаласы тұрғындарының басым бөлігі эвакуацияланды.
Дереккөз:ҚазАқпарат