Шекарада қаза тапқандар мигранттар
Азам АХМЕД, Меридит КОХУТ,
«Нью-Йорк Таймс» – Фалфурриас (Техас, АҚШ)
Автомагистраль басталған Техас штаты бұталы алқапқа жалғасып, аласа ағаштар әр жерге ұйысып, тікенді талдар құмды жазыққа дейін жалғасып жатыр. Мескиттер, колеогин, акация секілді бұталы өсімдіктер көкжиектен ұйысып көрінеді.
Шекара 125 километр қашықта жатыр. Кейінгі 15 жылда Брукс ауданы арқылы шекарадан өтуге талпынған 700-ден астам адам қайтыс болды. Олар осынау атыраптан жол таба алмай ыстықтан, шөлден қаза тапқан. Осында бақиға аттанғандар саны одан да көп екені анық. Аудан шерифі Бэнни Мартинестің ойынша әр 5 адамның мүрдесі ғана табылады.
Жылдар бойы мәйіттер Фалфурриастағы аудандық мазаратқа апарылып, апыл-ғұпыл, шала қазылған қабірлерге жерленіп келген.
Мұнда жер қойнына тапсырылғандарың нақты санын ешкім айта алмайды, өйткені аудан әкімшілігі 2013 жылға дейін тіркеу жүргізбеген-ді.
Оңтүстік Техас адам құқықтары орталығының өкілі Эдди Канальес мәйіттерді қайта қазып, олардың кімге тиесілі екенін анықтауға талпынады.
Антропологтар 2013 жылдан бері студенттермен бірге келіп, мүрделерді қазып, ДНК үлгілерін жинап келеді. Олар жергілікті көр қазушылардың нұсқаған жерінде тар ор қазады. Содан кейін ДНК үлгісі жиналып, жоғалған адамдар туралы ақпарат тіркелген қордағы мәліметпен салыстырып көреді.
Осы мазаратта қазылған 150-ден астам мәйіттің 30-ы кімге тиесілі екені анықталды. «Бұл жақынын жоғалтқандар үшін керек», дейді Техас мемлекеттік университетінің сараптамалық антропологы Кэйт Спредли.
Оның айтуынша, мәйіттер бастан өткен оқиғасын айтып береді. Мәселен, бір адам ұрылардан із жасыру үшін қалтасына ақшаның көшірмесін салып алған екен. Басқалары бірге әкеле жатқан жануармен бірге жерленген. Енді бірінде киім болса, қалғандарының қаңқасы ғана қалған. Яғни, мәйітті тапқанға дейін көп уақыт өткен.
2013 жылға дейін мұндағы мәселеге бас ауыртқандар аз еді. Сол кезде 130 мәйіт табылған-ды. Ауданда бір жылда мұншалықты мүрде кездеспеген-тұғын. Әлбетте, бұл бір жылда ғана қайтыс болғандар саны емес.
АҚШ билігінде қызу талқыға түскен шекара қауіпсіздігі жөніндегі пікірталас осы арады мекендейтіндері мазаламайды. «Мұнда ешқандай дағдарыс немесе төтенше жағдай болып тұрған жоқ», дейді Филип Гомес.
Доктор Спрадли қолынан келген көмегін көрсеткісі келеді. «Отбасымның бір мүшесі шетелге барып, ешқашан қайта оралмаса не болар еді? Осыны көп ойлаймын. Біреу телефонды көтеріп, көмектесе ме? Тұтқаны алған күннің өзінде көмектесуге ынта таныта ма?», дейді ол.
Дереккөз: http://egemen.kz/