«Жалпы неологизмдердің ерекшеліктерін ескере отырып, көркем шығармалардағы неологизмдердің пайда болу тәсілдерін зерттеу»
«Жалпы неологизмдердің ерекшеліктерін ескере отырып, көркем шығармалардағы неологизмдердің пайда болу тәсілдерін зерттеу»
Бағыты: Қазақ тілі Бөлімі: Ғылыми жұмыстар Сыныбы: 9 сынып
Жалпы неологизмдердің ерекшеліктерін ескере отырып, көркем шығармалардағы неологизмдердің пайда болу тәсілдерін зерттеп, неологизм жөнінде жаңа пайымдаулар жасауға мүмкіндік береді. Зерттеу барысында жасалынған тұжырымдамалар мен нәтижелер неологизм мәселелерінің дамуына септігін тигізеді.
Аннотация
Оқушы зерттеу жұмыстарында жалпы неологизмдердің ерекшеліктерін ескере отырып, көркем шығармалардағы неологизмдердің пайда болу тәсілдерін жан – жақты зерттеген. Өз жұмысын неологизмдердің пайда болуының себебін, неологизмнің ең басты белгісі көптеген тілдердегі сөздердің жаңа түріекенін, сөздер неологизмдік қасиетін көп сақтай алмайдығына тоқталған. Неологизм жасауда көркем аудармалардың орнын, ерекшеліктерін ашып көрсете алған. Көркем аударма жасау барысында қаламгерлер мен аудармашылар баламалардың бәрін өздері жасай бермейтіндігін, олар тілде қолданылып жүрген жаңа атаулар мен қолданыстар арасынан өздерінің көңілінен шыққан сөзді таңдап алып, аударма мәтінде пайдаланатынын көрсете білген.Атаулардың қолданылу жиілігі мен нормалану деңгейі бірдей еместігін, оларды шартты түрде іштей үштүрге жіктеуге болатынын көрсеткен. Жаңа атаулар жасап, ұсынушы авторлар, жалпы тілдегі неологизмдердің жасалу жолдары, қазіргі қазақ тіліндегі неологизмдер үлкен екі топқа: а) ғылыми-техникалық әдебиет; ә) көркем әдебиет болып бөлінетінін, сонымен бірге Бердібек Соқпақбаевтыі «Менің атым Қожа» әңгімесіндегі неологизмдердің жасалу ерекшеліктеріне тоқтап, талдау жасап, зерттеген. Оқушы жан — жақты ізденіп, тақырыпты аша білген. Алдына қойған мақсатына жеткен.
Ғылыми жетекші: Рай Ы.А. қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
МазмұныКіріспе1. Неолгизм туралы2. Көркем аударма – тіліміздің лексикалық қорын байытудың бір көзі 3.Жаңа атаулар жасап, ұсынушы авторлар4. Жалпы тілдегі неологизмдердің жасалу жолдары 5. Қазіргі қазақ тіліндегі неологизмдер үлкен екі топқа бөлінуі 6. Бердібек Соқпақбаев әңгімесіндегі неологизмдер Қорытынды
Неолгизм туралы Неологизмдер дегеніміз – тілде қоғамның және түсініктердің дамуына байланысты пайда болған жана сөздер жиынтығы. Осы неологизмдердіаудару технологиясы аударма тәжірибесінде өте маңызды мәселе болып табылады. Кейде белгілі бір сөздерді неологизмдер қатарына жатқызу уақыт талабына, қоғамның, ғылымның, техниканың және де әрине тілдің дамуына байланысты болады. Мысалы 100 жыл бұрын неологизмдер деп саналған самолет – ұшақ, летчик – ұшқыш сөздері және 50 жыл бұрын неологизм атанған телеведение – теледидар сөзі қазіргі таңда неологизмдер емес. Неологизмдер стиль түрлерінің жалпы қай-қайсысында, тіпті сөйлеу стилінде де азды-көпті қолданылады. Олар көбінесе ғылыми стиль мен публицистикалық стильде жиі ұшырасады. Өйткені неологизмдер көбіне-көп сонда , (сол стильдерде) қалыптасады. Бірақ, көркем әдебиет стиліндегі неологизмдер мен өзге стильдердегі неологизмдер бір емес. Осы екі сала неологизм бір-біріне ұқсамайды. Мысалы, оқырман, балмұздақ, аялдама, жасанды жер серігі, кіші механизация, Қазақстан сағаты, биікшілер, озаттар тұғыры, ұстаз —- бригадир тәрізді жеке сөз не бір тұтас тіркес (орам) түрінде келетін неологизмдер бар. Бұлар әсіресе публицистикалық стильде жиі көрінеді. Сондай-ақ ресми-кеңсе және көркем әдебиет стилінен де кездеседі. Ғылым мен техника саласындағы неологизмдер өте көп. Олар сол ғылыми стильдің өзінде жиі пайдаланылады. Неологизмнің сондай-ақ тағы бір түрі бар. Ол_— контекстік неологизмдер. Бұлар публицистикалық, өте-мөте көркем әдебиет стиліне тән. Көркем аударма – тіліміздің лексикалық қорын байытудың бір көзі Көркем мәтінді аудару кезінде көптеген жаңа сөздер мен қолданыстар, жеке авторлық неологизмдер пайда болады. Түпнұсқа мәтін мен аударма мәтінді салыстыру арқылы ұғымның басты белгілерін дөп басатын ұтымды жасалған атауларды іріктеп алу мүмкіндігі туындайды. Көркем аударма жасау барысында қаламгерлер мен аудармашылар баламалардың бәрін өздері жасай бермейді. Олар тілде қолданылып жүрген жаңа атаулар мен қолданыстар арасынан өздерінің көңілінен шыққан сөзді таңдап алып, аударма мәтінде пайдаланады. Сөйтіп, олар кейбір БАҚ-тарда, ғылыми әдебиеттерде ғана пайдаланылып жүрген жаңа сөздердің көркем әдебиет тіліне енуіне ықпал етіп, қазақ тілінде әдеби кітап оқитын бүкіл оқырман қауымның ондай атаулармен көркем шығармалар арқылы да танысуына мүмкіндік туғызады. Бір функционалдық стиль шеңберінде немесе белгілі бір автордың еңбектерінде ғана қолданылып жүрген сөздер қалың оқырманға, көпшілік қауымға жол тартады. Жаңа атаулар мен қолданыстардың көркем әдебиетке енуі олардың кең таралып, әдеби тілге ену мүмкіндігін де арттыра түседі. Шығарманың идеясы мен мазмұнын, тіл шеберлігі мен мәтін астарындағы ойды көркем ойлау көкжиегінің тар-кемдігі мен білім-парасатының таяз-тереңдігіне, тілді меңгеруі мен түйсінуіне қарай олардың әрқайсысы әртүрлі деңгейде түсініп қабылдауы, әрқалай пайым жасауы мүмкін. Балаларға арналған шығарма деп атағанымызбен Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», С.Мұратбековтің «Жусан иісі», Қ.Қазиевтің «Ақ бантик», Д.Дефоның «Робинзон Крузо», Дж.Гринвудтың «Өгей бала», Дж.Лондонның «Тектік сарын», Дж.Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» сияқты көптеген шығармаларды кез келген жаста оқуға болады. Толық ұғыну үшін терең білімді, арнайы дайындықты қажет ететін тілі күрделі, философиялық ой-тұжырымдардан тұратын әдебиеттер де болатынына қарамастан, көркем шығарманың бәрі бірдей жаспен шектеле бермейді.Міне, сондықтан да жаңа қолданыстардың көркем шығармаға енуі оның екі түрлі басымдыққа ие болғандығын көрсететін фактор. Біріншісі – сөздің белгілі қаламгердің, кәсіби аудармашының таңдауына ие болуы. Ал екіншісі – қазақ тілінде кітап оқитын бүкіл оқырман қауымға ұсынылғандығы. Бұл факторларды сол сөзді әдеби тіл қорынан орын алды деп есептеуге негіз ретінде қабылдай алмасақ та, соған жасалып отырған алғышарт деуімізге болады. Енді ол сөзге халықтың елегінен өтіп, сұрыпталу қажет болады. Көпшіліктің көкейіне қонған сөз, санасына да сіңеді. Мәселен, біз оқып-танысқан көркем аудармаларда жұртшылық жиі қолданып жүрген, көпшіліктің көз-құлағы үйренісе бастаған мына төмендегідей жаңа атаулар мен қолданыстар кездеседі: Ақжайма, ашықхат, әуіз, борышкер, бұрқақ, дәмхана, дүңгіршек, жолайрық, жеделсаты, зияткер, кәдесый, кемежай, медбике, мейрамхана, мұражай, орынтақ, оташы, өтіл, пәтерақы, саябақ, саяжол, субұрқақ, тәлімгер, төлқұжат, түсірілім, үлесші және т.б. Көркем аудармаларда ресми бекітілген сөздер мен терминдер көбірек қолданылған. Мысалы, біз қарастырған көркем аудармаларда Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен айдауыл, айыппұл, ақпарат, әкім, әкімдік, әл-ауқат, әнұран, әуежай, ғаныш, даңғыл, дәйексөз, дәрісхана, дәрумен, дәріс, жарнама, жасуша, жәрдемақы, жеделхат, заңгер, зейнетақы, зейнеткер, зертхана, зиялы қауым, қағидат, құжат, кеден, келіссөз, келісімшарт, кепілдеме, кепілзат, қаржыгер, қағида, қағидат, құжат, құқық, мәтін, мүшелтой, отбасы, пайыз, рәсім, салым, салымшы, сараптама, сарапшы, тағылымдама, тапсырыс, тапсырысшы, терім, тұсқағаз, ұшақ, хаттама, шығармашылық, іссапар сияқты көптеген атаулар жиі қолданылады. Бұлай болуы орынды да. Бұл бір жағынан аудармашылардың ресми мақұлданған, бекітілген терминдерді қадағалап, олардың ұтымды жасалғандарын орнымен пайдалануға деген кәсіби жауапкершіліктерін сезіну болса, екінші жағынан, мұны олардың жаңа атаулар мен терминдердің нормалануына, жалпы қолданысқа көшуіне, мақсатты, саналы түрде қолдау көрсетуі деп те қабылдауға болады. Сонымен қатар бұл мемтерминком жұмысының тиімділігін, олар бекіткен атаулардың сапасын, өміршеңдігін, кәсіби мамандар тарапынан қабылдануын да көрсетеді.Эрнест Хемингуэйдің «Қызығы мол сол жылдар», «Килиманджаро – қарлы тау» хикаяттарын тәржімелеген тәжірибелі аудармашы, қаламгер марқұм Нәбиден Әбуталиев еді. Осындай қаламы төселген ақын-жазушының «жанұя» сөзін қолдануы күмән туғызған соң, мәселенің мәніне үңілгенде бұл өзгерістер аудармашының өзі тарапынан енгізілмеген деген тоқтам жасауымызға негіз жеткілікті болды. Аударма авторы қаламгер Нәбиден Әбуталиев 2010 жылы 82 жасында дүниеден озды. Ал аударма 2011 жылдың соңында жарыққа шықты. Қолжазбаны автордың жақындарының бірі немесе баспа редакторы басуға дайындағаны көп күмән туғызбайды. Осы басылымға енген бірқатар жаңа атаулар қолданысы да ойымызды растай түседі. Аудармада жеделхат, ұшақ, тапсырыс тәрізді терминком бекіткен сөздер мен бұрқақ, дүңгіршек, медбике, мейрамхана, жеделсаты, мұражай сияқты кейінгі жылдары қолданыла бастаған атаулар да кездесті. Дегенмен, ондай атаулардың қолданылу жиілігі мен нормалану деңгейі бірдей емес. Оларды шартты түрде іштей үшке жіктеуге болады: Біріншісі – республикалық терминология комиссиясы ресми бекіткен терминдер мен атаулар. Бұл топқа кіретін сөздерді мамандар елегінен өтіп, арнаулы салаларда, ғылым тілінде қолданылуға ұсынылған, жалпы әдеби тілге енуге жолдама алған сөздер мен сөз тіркестері деп таныған орынды. Өзіндік ерекшелігі, ұғымдық белгісі тұрғысынан бұларды толық мағынасындағы жаңа атаулар мәртебесін иеленген сөздер қатарына қосуға болады. Ресми бекітілген мұндай атаулардың бұқаралық ақпарат құралдарының тілінде, ресми-іскери тілде, көпшілігінің көркем әдебиет тілінде, аударма мәтіндерде жаппай қолданылып жүруі соның айқын дәлелі. Жұртшылық еш жатсынбай қолданатын дәрежеге жетсе де олардың жаңа атаулар деп аталып жүргені кейінгі кезеңде жасалғандығының, қолданысқа енген мерзімінің әлі толық ұмытыла қоймағандығынан. Ал екінші топқа кіретін сөздер тілімізде жиі қолданылып жүрген, көпшілік жатсынбайтын дәрежеге жеткен, бірақ әлі жаппай қолданысқа көшіп, ресми мақұлдана қоймаған жаңа атаулар мәртебесін иеленуге жетеқабыл тұрған сөздер. Мысалы, біз жоғарыда атап көрсеткен атаулар арасынан дәмхана, жолайрық, кәдесый, оташы, өтіл, пәтерақы, саябақ, саяжол, субұрқақ, тәлімгер, түсірілім, үлесші сияқты сөздерді осы қатарға қосуға болады. Бұлар – әдеби тілге енуге, ресми мақұлдануға мүмкіндігі мол, ең әлеуетті атаулар.Енді үшінші топқа келер болсақ, олар белгілі бір авторлар жасап өздері қолданып жүрген, сол автор айналасындағы әріптестерінің еңбектерінде, жекелеген шығармаларда біршама қолданылғанымен әлі көпшілік қауым толық біле бермейтін, жалпы жұртшылыққа онша таныс емес, қолданысы мейлінше шектеулі сөздер. Көркем шығармалардан жинақталған атаулардың негізгі басым көпшілігі осындай атаулар екенін айтуымыз керек. Оларды жинақтап, көпшіліктің, сөзбен жұмыс істейтін мамандардың назарына ұсынудың маңыздылығы да осында. Мәселен, анаеркі – матриархат, ақжолақ – пунктир, аяшы – сиделка, бүркінді – брызги, гүлбақ – оранжерея, дауагер – целитель, дуагер – маг, елкезбе – странник, жапқы – покрывала, жегім – упряжка, ояныс – подъем, сенімпаздық – доверчивость, тәнөрнек – татуировка, тұшытқыш – опреснитель, шырғалаңқұмар – искатель приключений сияқты сөздер осы қатарға кіреді.Бірді-екілі еңбекте немесе бір ғана автордың айтқан-жазғанында ғана қолданыс тауып жүрген асадал – буфет, асылзатты – благородный, бақтақ – кресло, басар – фишка, баспашы – издатель, бәңші – курильщик, бейтағлым – безнравственно, белтартар – корсаж, бетәлпет – физиономия, бозым – парень, бойтұлға – фигура, біртума – шедевр, дәретсауыт – горшок, есікші – вахтер, желең – халат, жерсорғыш – землечерпалка, жертөсеніш – дорожка, кіреміт – черепица, қауырт сағат – час пик, қисындама – формулировка, құмаршылық – азартность, майшайғыш – маслобойня, мейманбезді – негостеприимный, отшақпақ – зажигалка, сопытай – монашка, текқағаз – визитная карточка(визитка), торықпа – пессимист, төзімтал – сдержанный, уазипалы – заслуженный, үйсынық – вдовец, шаруабасы – староста, шауыпкел – курьер, ішермен – собутыльник, іштартпа – корсет деген авторлық неологизмдерді де осы топқа кіретін сөздер аясында қарастырған жөн деген пікірдеміз. Жаңа атаулар жасап, ұсынушы авторлар Қазіргі кезеңде де сөз жасау, термин жасау үдерісі жалғасып, сан түрлі жаңа атаулар тілдік қолданысымызға еніп жатыр. Оны жасап, ұсынушы автордың көпшілігі арамызда жүр. Мәселен, белгілі журналист «Президент және халық» газетінің редакторы Марат Тоқашбаевтың қаламынан «әнұран», «елтаңба», «ақорда», «доғарыс», «кәдесый», «тосынсый» сияқты атаулардың туындағанын, журналист-қаламгер «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраимның ұсынысы бойынша «нарық» (рынок), одан туындаған «нарықтық экономика» атауларының қолданысқа енгенін, «төлқұжат» атауының авторы журналист, ақын-сатирик марқұм Басқар Битанов екенін айналасындағы жекелеген әріптес қаламгерлер болмаса, жалпы көпшілік қауым біле бермейді.Осы сияқты Б.Қалиұлы, Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, К.Юсуп, С.Тоқсанбай, С.Медеубекұлы сынды қаламдас филолог, журналист әріптестеріміздің талай тамаша балама атаулар жасап немесе тіліміздің қойнау-қатпарларынан ұмыт болған көне атауларды тауып, қолданысқа енгізгенін және бұл іспен әлі де жүйелі түрде айналысып жүргенін білеміз. Қазақ тілінің функционалды қолданысының артуына байланысты тілдің лексикалық құрамы үнемі өзгеріс үстінде болады. Тілдік жүйеге, сөйлеу процесіне енген жаңа атау және оның жаңа қолданыс екендігі аңғарылып тұратын лексика қабатын неологизмдер деп атайды. Неологизмдердің актив лексикадан өзгешелігі тек жаңашылдығымен өлшенбейді. Кей сөз пайда болысымен актив лексика қатарына өтіп, әлеуметтік сипатты иеленеді. Енді бірі неологизм қалпын ұзағырақ сақтайды. Мұның өзі неологизмдердің қандай ұғымды аңғартатындығында болса керек. Тілдегі, бұқаралық ақпарат құралдар тіліндегі жаңа қолданыстарды жинақтап, оларды сараптамадан өткізіп, жариялап отыру мәселесіне тіл мамандары тарапынан көңіл бөлініп отырады. Мәселен, «Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар» деген жинақ (Құрастырғандар: Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев, Ө.Айтбаев, А.Алдашева, Н.Уәлиев, 1985) және осы жинақтың толықтырылған екінші басылымы «Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар» (Құрастырғандар: Р.Сыздықова, Ш. Сарыбаев, Ғ.Әнесов, А. Алдашева, Н.Уәлиев, 1990) деген атпен жарық көрді. Академик Р.Сыздықованың «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар, 2009» атты еңбегінде лексикалық ескі бірліктер мен лексикалық жаңа бірліктердің теориялық негіздері мен принциптеріне тоқталып, қазақ тіліндегі жаңа бірліктердің қалыптасуы мен дамуының кезеңдік сипатына, олардың типтері мен әдеби тіл нормасына ену әлеуетіне, прагматикалық сипатына ғылыми‐танымдық тұрғыдан зерттеу жүргізілген. Сонымен қатар қазіргі қазақ тілінде қолданыста жүрген жаңа атауларды жинақтап, тақырыптық топтарға жіктеп, оларға лингвистикалық талдау жасаған Ш.Құрманбайұлының «Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа атаулар мен қысқарған сөздер, 2009» еңбегін атауға болады. Жалпы тілдегі неологизмдердің жасалу жолдары:1. Семантикалық тәсіл арқылы жасалған неологизмдер ‐ сөз мағыналарының тарылуы не кеңеюі арқылы жаңа мағынаны иеленген жаңа қолданыстар. Мұндай атаулар қатарына қатарына жиек, даңғыл, түлек, нысан, үрдіс, құжат, нарық, тығын, кеден, діл, ағза т.б. тілдік қолданыстарды жатқызуға болады. Берілген мысалдардағы ағза, діл, құжат, үрдіс, кеден бірліктері тіліміздің пассив сөздер қатарын құраған болса, қазіргі тілімізде бұл сөздердің о бастағы мағыналары негізге алына отырып, қосымша мағына телу арқылы жаңа қолданысқа түскен. Ал тығын, түлек, жиек, әл-ауқат сөздері жалпыхалықтық тілде қолданылып жүрген сөздер болса, өздерінің білдіретін мағыналарының біршама өзгеруі немесе жаңаруы арқалы жаңа тілдік қолданыстарға ие болған. Мысалы, тығын атауы тілімізде «бөтелке сияқты өңеші тар ыдыстың аузына тығылатын зат» деген ұғымды білдіреді. Бұл сөздің орыс тіліндегі пробка (транспортная) сөзінің баламасы ретінде ұсынылуына сөз мағынасындағы «тығындалуы, тығылуы» семалық белгілері себеп болуы мүмкін. Орыс тіліндегі благосостояния сөзінің қазақша баламасы ретінде о баста «игілік» сөзі қолданылса, кейін келе «әл-ауқат» сөзі тұрақты қолданысқа ие болған. 2. Аффикстік неологизмдер. Қазіргі қазақ тілінде неологизм жасауда сөз жасаушы аффикстердің маңызы зор. Қазақ тіліндегі бірқатар жұрнақтар сөз тудырудағы қалыптасқан белсенділігін сақтап қалған. Солардың бірі − -шы, -ші қосымшалары. Баспасөз материалдары бұл жұрнақтың қазіргі тілімізде де өнімділік танытып, сөз тудыру жағынан алдыңғы қатарда тұрғандығын көрсетеді. Мысалы: аяқдопшы, көсемсөзші, жүргінші, тапсырысшы, көшбасшы, кеденші т.б. Сөзжасам үрдісінде өзінің белсенділігін сақтап қалған жұрнақтың бірі – лық,-лік, -дық,-дік, -тық,-тік. Мысалы: әкімдік, серіктестік, кәсіпкерлік, қауымдастық т.б. Бүгінгі баспасөз беттерінде қоданылып жүрген жаңа атаулар қатары тіліміздегі –нама (-дама) қосымшалары арқылы алынған сөздер. Мәселен, жаднама, әдепнама, әлеуметнама сияқты атауларға қарағанда қазақ тілді басылымдарда жиі қолданысқа түсіп жүрген тұжырымдама, дерекнама, қазанама, тұғырнама сөздерін жалпыхалықтық қолданысқа түскен тілдік бірліктер қатарына қосуға болады. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап өнімділік таныта бастаған және көптеген жаңа атаулардың туындауына негіз болған қосымшалардың бірі – -гер,-кер. Мысалы: зейнеткер, үлескер (дольщик), іскер, борышкер, кәсіпкер сөздері қазіргі тілімізде орныққан атаулар қатарынан саналса, алаугер, қарызгер (заемщик), білімгер, бітімгер, сазгер, сахнагер, киногер сынды атаулар баспасөзде біршама қолданысқа түскенімен, жалпыхалықтық қолданысқа түсе қоймаған атаулар. -ма, -ме жұрнағының қатысуымен жасалған атауларды арнаулы салалардың бәрінен кездестіруге болады. Мысалы: жүктеме, көшірме, мәлімдеме, үстеме, хаттама сөздерін жалпыхалықтық сипат алған, әрі ғылымның арнаулы салаларында қолданысқа түскен термин сөздер деп танимыз. Ал бүктеме, қағытпа, қайталама, мөлшерлеме (қаржы-экономика), түйіндеме (құжат тілі) атаулары бірізді қолданысқа түсе қойған жоқ. Сол сияқты, қазіргі сөзжасам үдерісінде өнімділік танытып жүрген –хана (зертхана, тойхана т.б.), -ыс/-іс жұрнағының қатысуымен алынған доғарыс, отырыс, тапсырыс, тексеріс, үдеріс сияқты атаулар басылым беттерінде, сондай-ақ, салалық терминдер (үдеріс – процесс) жүйесінде де көп қолданылады. Заттық ұғымдардың атауларын жасауда кейінгі жылдары өнімді пайдаланып жүрген қосымшалардың қатарына -ғыш,-гіш (суреттегіш, оқшаулағыш); -уыш,-уіш; -шылық,-шілік және т.б. жұрнақтарды жатқызуға болады (1, 18-20 бб.). 3. Сөздердің бірігуі, тіркесуі, қосарлануы арқылы жасалған неологизмдер. Неологизмдердің бұл түрі екі түбір сөздің бірігуі арқылы түбірдегі екі компоненттің мағыналарынан мүлде басқа үшінші бір мағынаны тудырады. Соның нәтижесінде ол жаңа атау ретінде қабылданып, тілдің лексика саласына ене бастайды. Ғ.Мұсабаевтың көрсетуінше, қазіргі қазақ тілінде сөздердің бірігуі арқылы жасалған жаңа атаулар үш топқа бөлінеді: 1. Неологизм болып біріккен сөздердің бір тобы өздерінің жаңадан ғана лексикаға енгеніне қарамастан, жалпыхалықтық лексикаға ене бастайды. Мысалы: еңбеккүн, ақорда, ақуыз, бейнетаспа, әнұран, елтаңба, әуежай, бейнебақылау, зейнетақы, келіссөз, сыйақы т.б. 2. Бір топ біріккен сөздер қазақ тілі лексикасы құрамына көптен енгеніне қарамастан, жалпыхалықтық қолданысқа ие бола алмай келеді. Мысалы: айдарбелгі, әскербасы, зілтемір, субұрқақ, жөргекпұл, әуесерік, төсбелгі т.б. 3. Бір топ сөздер лексика құрамына енбейтіндіктен, тар мағынадағы ғылыми-техникалық терминология көлемінде қалады. Мысалы: өнертабыс (изобретение), қолөнер (ремесло), үндеухат (листовка) (2, 194 б.). жолақы бақылау қаламақы жазба зейнетақы көрініс үстемақы құжатақы жәрдемақы бейне таспа өтемақы түсірілім пәтерақы камера сыйақы клип төлемақы фильм шәкіртақы баян
Біріккен, кіріккен сөздермен қатар кейінгі жылдары қос сөз түрінде келетін терминдер мен атауларды баспасөз беттерінен кездестіруге болады. Мәселен, арыз-тілек (петиция), әл-ауқат (благосотояния), көші-қон (миграция), өлім-жітім (летальность), сауда-саттық (аукион), іс-шара (мероприятия), іс-әрекетсіздік (бездеятельность). Сол сияқты терминжасам шығармашылығында сөздерді тіркестіру арқылы жасалған екі, үш сыңарлы атаулар елеулі орын алады. Қазіргі қазақ баспасөзінде мынадай екі-үш сыңарлы жаңа терминдер қолданылып жүр: айлық есептік көрсеткіш, жол-көлік оқиғасы, төлқұжат үстелі, ырықты экономика, біртұтас әкімшілендіру, жан сақтау, көлік құралы, дыбысжазғыш құралы, бірреттік жәрдемақы т.б. (1, 22-23 бб.).4. Орыс тілі негізінде енген неологизмдер. Тілдің сөздік құрамына жаңа ұғымдармен, жаңа заттармен, техникамен бірге басқа тілдерден жаңа атаулар келіп енеді. Тіліміздің лексикалық құрамына орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілдерден көптеген жаңа сөздер енді. Мысалы, трамвай, телеграмма, телефон, трест, купе, проза сөздері о баста неологизм ретінде енгенімен, қазіргі таңда бұл атаулар жалпыхалықтық сипатқа ие болып, неологизм дей алмайтын сатыға көтерліген. Дегенмен қазіргі таңда телеграмма атауының «жеделхат» түрінде аударылып, жиі қолданылатындығы белгілі. Тағы бір айт кететін жайт, қазіргі тілімізде бір бөлшегі төл сөз, екінші бөлшегі кірме сөз болып келетін атаулардың саны күрт өсті. Бұған мысал ретінде қазіргі баспасөз беттерінен алынған мынадай мысалдарды келтіруге болады: авиатасымал, автожолгеосаясат, велошабандоз, киноөндіріс, еуроодақ, биоотын, экоорталық, фотокөшірме, этносаясат, фотоайғақ, трансұлттық т.б. 5. Калькалау арқылы пайда болған неологизмдер. Неологизмдердің бұл түрі көп жағдайда баспасөз арқылы халық арасына кең тарап, жиі қолданылуына қарай тілдің лексикасына еніп қалыптасып кетеді. Жалпы тілдегі жаңа атаулар мен терминдердің жасалуында калькалау тәсілі өнімділік танытуда. Мысалы, ашық есік күні (день открытых дверей), сауда нүктесі (торговая точка), сенім телефоны (телефон доверия), зымырантасығыш (ракетаноситель) т.б. Бұлар толық калькалану нәтижесінде алынған күрделі атаулар. Бұған жартылай және семантикалық калькалану нәтижесінде жасалған атауларды қоссақ, бұлардың саны арта түспек. Неологизмдер – тарихи категория, өйткені олар тек белгілі бір кезеңге дейін ғана жаңа сөз ретіндегі қалпын сақтайды да, бара-бара қалыптасып тілдің сөздік құрамына енеді. Қазіргі қазақ тіліндегі неологизмдер үлкен екі топқа бөлінеді: а) ғылыми-техникалық әдебиет; ә) көркем әдебиет. Қазіргі қазақ тілінде Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде, негізінде, орыс тілінің әсері арқылы көптеген неологизмдер пайда болған. Мысалы: базальт, боксит, кидлит, плутон сияқты терминдер орыс тілі арқылы алынды. Бұл – геология терминдері – сол ғылымның жергілікті мамандары үшін де неологизм болады. Бұл сөздер қазіргі қазақ тілі лексикасының құрамында аударылмай, тікелей келіп кірсе, терминдер қазақтың байырғы сөздерінен де жасалады. Бірақ бұлардың өзі де неологизм түрінде болады. Мысалы: алтын шаю (золотопромывание), атпа (извержение), желі (жила), керегетас (горсть), шөктіру (осаждение), шөгінделер (осадки). Мысалы: желі деп – бұрын тек бие байлау уақытында құлындарды тізіп байлап қою үшін қазыққа керілген арқанда атаса, қазір тау жынысын білдіретін атау. Берілген мысалдар геология мен тау өнері терминдеріне қатысты. Бірақ ғылымның бұл саласына қатысы бар заттар мен ұғымдар жөнінде сөз болса, олар көркем әдебиетте немесе басқа әдебиеттерде қолданылуы мүмкін. Бұл сөздер қазақ тілі сөздік құрамына, бір жағынан неологизм болып енсе, екінші жағынан термин сөз болып енеді (1, 192). Неологизмдердің бір түрі ретінде қаралып жүрген жеке авторлық қолданыстағы жаңа сөздерді айтып өтуге болады. Автордың стильдік мақсатта қолданған өзіндік жаңалығы сол күйінде неологизм болып қала беруі, актив лексика қатарына енбеуі де мүмкін. Ал жеке автордың қолданысында пайда болатын жаңа сөздер – стильдік мақсатпен туындайтын, әдеби тілімізге кіру қабілеті шектеулі, мағынасы жағынан контекстке байлаулы, жасалуы жағынан тіл заңдылықтарына үйлесе де, үйлеспей де келетін, үнемі жаңашылдығымен ерекшеленетін сөздер. Мысалы, Қ.Мырзалиевтің мынандай қолданыстарын атауға болады: дертхана, ұшарман, Азалыстан. Кейде көркем әдеби тіл нормасына ғана тән окказионализмдер тілдік нормамен үйлесімділік тауып, оған еніп те жататын кездері болады. Мәселен, Ш.Ш.Сарыбаев «Казахская региональная лексикография» деген еңбегінде балмұздақ, аялдама, теледидар сөздерінің алғашқы кезде окказионализмдердің қатарында болғанын, кейіннен әдеби тілімізге қабылданғанын атап көрсетеді. Сонымен бірге 1957 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде І.Жарылғаповтың көрермен, оқырман деген өзіндік жаңа сөздері берілді. Бұл қолданыстар бүгінгі күні әдеби тілімізге қабылданып, одан орнықты орын алып отырған сөздердің бірі болып табылады. Әрине, берілген сөздер алғаш қолданылған кезден әдеби тілімізге енген жоқ. Бірақ кейіннен көпшіліктің қолдауы негізінде тілімізде тұрақталды. Ә.Кекілбаевтың «Үркер» мен «Елең-алаң» романдары Бұл шығармада жеке сөздердің қолданысында көзге түсетін нәрсе – әдеби тіліміздің бүгінгі лексикалық нормасында көп кездеспейтін кейбір сөздердің, тіркестердің қолданылғандығы. Мысалы, сол кезеңде қазақ әскері қолданған мылтық түрлерін күлдір мамай, жекеауыз, бірауыз, қандыауыз, жездіауыз, шиті, берен деп, сауыт-саймандарды жалаңқат, зере, кіреуке тон деп көрсетеді. Бұлардан басқа да көк найза, ақ алмас, садақ, шар болат сияқты көне қару-қалқан атаулары, дулыға, жағы сияқты сөздер, даңғырашы, сайыскер, қылышкер, садақшы, мерген деген әскери адам атаулары жиі қолданылады. Бұлардың ішінде осы шығармада қолданылған айдауыл, торуыл, тосқауыл, қарауыл деген әскери топ атаулары өте қызғылықты. Демек, бұл сөздер – түркі-монғол халықтарына ортақ ертеден келе жатқан көне әскери терминдер болса, олар XVIII ғасырда да қолданыстан шықпады дегенге меңзейді. Бұл күнде ұлттық гвардиямыз жасақталып жатқанда дозор, авангард, арьергард сияқты кірме сөздердің орнына бұрыннан бар шыңдауыл, ертеуіл, шығауыл, айдауыл, торуыл, тосқауыл деген сияқты түркімонғолдық көне терминдерді кәдеге асыруға әбден болар еді, ал олардың қайсысы қай кездегі қазақ әскерінде қолданылып келгенін біліп отырғанымыз да жөн,МҰХТАР МАҒАУИН «Аласапыран» – 1981 (1-кітап), 1983 (2-кітап) жылдары екі кітап болып жарық көрген тарихи роман-дилогия. Жазушының таңдаған тақырыбы қазақ жұртшылығын қатты қызықтырғаны даусыз.Осы жерде айта кетелік, бұл тарихи шығармада жазушы бірен-саран сөзді өзі жасап ұсынуға мәжбүр болған, өйткені жоғарыдағыдай қызмет, кәсіп иелерінің аттарын айырып көрсеткісі келген сәттері бар, сондықтан хабаргер («барлаушы, хабар беруші, разведчик»), саясаткер («әскери емес, саясатпен айналысушы адам») сияқты жасанды тұлғаларға барғанға ұқсайды. Бердібек Соқпақбаев әңгімесіндегі неологизмдер Балалар әдебиетінің жазушысы Бердібек Соқпақбаев «Менің атым – Қожасында» әңгімесінде де неологизмдерді қолданған. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасында» әңгімесінде неологизмдерді жасалу тәсілдеріне қарай бес түрге ажыратып бөлдік: 1. Сөздердің мағыналарының жаңаруы арқылы: мұра, әлем, талқылау.2. Қосымша жалғану арқылы: мұздат-қыш, құра-м, наград-тау, оқу-лық.3. Сөздердің бірігуі арқылы: өнеркәсіп, бесжылдық, қолөнер.4. Басқа тілдерден ауысу, ену арқылы: самолет, парашют, химия, телефон.5. Басқа тілден сөзбе-сөз аудару арқылы: үшбұрыш, жазушы.
Қорытынды Міне, қоғам дамуымен байланысты жеке сөз осылай қолданудан біртіндеп шығып қалады не жаңадан пайда болып жатады. Қоғам дамуы сондай-ақ белгілі дәрежеде адамдардың рухани-эстетикалық жетілуіне де, олардың өздерін қоршаған дүниені экспрессивтік, эмоционалдық тұрғыда түйсінуіне де, жалпы сөз мағынасына да әсерін тигізеді. Неологизм сөзін грек тілінен аударғанда — тілдегі жаңалық, жаңа сөз деген ұғымдарды білдіреді.Тіл-тілде жаңа пайда болған және оның жаңа сөз екендігі аңғарылып тұратын лексика қабатын неологизмдер деп атайды. Кез келген көркем аударма еңбектерінде де, жазушылар еңбектерінде де неологизмдердің кездесетініне көзіміз жетті. Жан – жақты саралай отырып, неологизм деген зерттеліп бітпеген, әлі де зерттеле беретін ұғым екеніне көз жеткіздім.Себебі қоғамның дамуына байланысты күнделікті өмірде жаңа сөздер пайда бола береді. Мұндай сөздерді дер кезінде жиып-теріп, көпшілік пен мамандар талқысынан өткізіп, сәтті жасалғандарын іріктеп алып, жаппай қолданысқа ұсынып отырсақ, олар тасада қалып қоймай, тілдік айналымға түсуге мүмкіндік алады. Бұл жұмыстар үздіксіз әрі жүйелі түрде жүргізілгенде ғана тіліміздің лексикалық баюымен қатар әдеби тілге енген сөздердің сапасы да артып, сөзжасам үдерісі жолға қойылып, сөз мәдениеті көтеріледі.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:1. Алдашева А.М. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер. – Алматы, 1999. – 161 б. 2. Құрманбаев Ш., Сыбанбаева А. Қазақ тілі. Жоғары оқу орындары заң факультеттерінің студенттеріне арналған оқу құралы. Алматы, 2001. 3. А.З.Қазанбаева. Қазақ тілі (экономика факультетінің студенттеріне арналған). Қарағанды. 2003.110 бет. 4. Сыздық Р. Қазақ тілінің анықтағышы. — Астана, Елорда, 2000 ж. 5. Хасенов Ә. Тіл білімі. — А., 1996, 2002 6. Әлісжанов С. Қ. Қазақ терминологиясы: теория және тәжірибе. Астана, 2005. 7. Қайдар Ә. Терминнің үш тұғыры // Қазақ терминографиясының өзекті мәселелері (республикалық ғылыми-практикалық семинар материалдары). Астана, 2004. 8. Құрманбайұлы Ш. Терминологияны стандарттау мен реттеу туралы // Терминологиялық хабаршы №4(14), 2005. 9. Кеңесбаев Ісмет., Мұсабаев Ғ., Қазіргі қазақ тілі (лексика, фонетика), А., 1962;10. Қалиұлы Ғ., Болғанбайұлы Ә., Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы сөздігі, А., 2007.11. Балақаев. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы 1974 ж12. Шерубай Құрманбайұлы. Көркем аудармадағы жаңа атаулар мен қолданыстар.алматы 2017 ж
Тұрар Рысқұлов атындағы № 20 жалпы білім беретін мектебі
Зерттеу жұмысының тақырыбы:
«Жалпы неологизмдердің ерекшеліктерін ескере отырып, көркем шығармалардағы неологизмдердің пайда болу тәсілдерін зерттеу»
Бағыты: қазақ тілі
9 сынып оқушысы Әбдижамилов Сүндетулла
Жетекшісі: Рай Ырзакүл
2018-2019 оқу жылы
Өз пікіріңізді қалдыру үшін тіркелу қажет.