Батыс Қазақстан облысына 300 млрд теңге инвестиция тартылады

0

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов мемлекеттің басым бағыттарының бірі – инвестиция тарту үшін қолайлы ортаны қалыптастыру екендігін, Президент Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік орган басшыларына инвестицияларды тарту бойынша жұмысты ширатуды тапсырғанын айта келіп, инвестициялық тартымдылық – өңір экономикасы үшін негізгі фактор болатынын атап өтті.

— Ел экономикасына инвестиция тарту – біз үшін негізгі бағыттың бірі. Мемлекетімізде ыңғайлы инвестициялық ортаны жақсарту мен инвестициялық тартымдылықты арттыру жұмысы қарқынды жүруде. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Экономиканы әртараптандыру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Біздің өңір бұл жобалардың жүзеге асуына ниетті, — деді өңір басшысы.

Аймақтық кеңесте ауыл шаруашылық саласында екі жоба таныстырылды. Мәселен, «АМАNAT» шаруа қожалығы Бөрлі ауданында 2,5 миллиард теңгені құрайтын сүт өндіру кешенін өз қаражатына салуды жоспарлаған. 600 бас сиырға арналған кешеннің жылдық сүт өндірісі 1525 мың тоннаға жетпек. Кешеннің құрылысына 30 адам тартылса, зауыт іске қосылған соң 10 адам тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Осы отырыста «Ringo-Milk» ЖШС Теректі ауданында 1500 сауын сиырға есептелген, құны 3,9 миллиард теңгені құрайтын сүт өндіру кешенін салу жобасымен таныстырды. Италияндық компаниямен бірлескен кешен жылына 7 мың тонна сүт және суармалы жерден жылына 8 мың тонна құнарлы мал азығын өндіруге қауқарлы. Сүт зауыты құрылысына 150 адам, ал іске қосылған кезде 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

«Орал трансформатор зауыты» ЖШС өнім түрлері мен көлемін көбейте отырып, қуаттылығы 35-500 кВ трансформаторларға арналған панельдік радиаторлар өндірісін іске қосуды жоспарлаған. Жалпы құны 3,9 млрд теңгеден асатын жоба іске қосылғанда 100-ден астам жаңа жұмыс орыны ашылмақ. Зауыт басшылары қызметкерлеріне ыңғайлы жағдай жасау үшін бірінші қабаты балабақшамен, сауда орнымен, спорт орындарымен қамтылған 9 қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отыр екен.

Сонымен қатар,«K7 GROUP» құрылыс компаниясы Орал қаласы маңынан көп қабатты тұрғын үйлер салуға ниетін білдірді. Инвестор өз есебінен бұл жобаға 20 миллиард теңгеден асатын қаржы жұмсамақ. Құрылысқа жергілікті материалды пайдалану жоспарланған. Бой көтеретін үйлер мемлекеттік бағдарламалармен және жеңілдетілген бағамен өңір тұрғындарына ұсынылмақ. Ақтаулық «K7 GROUP» компаниясына ұсынылған үш жер телімінің бірі – Орал қаласының бұрынғы Ет комбинаты аймағы екен. Облыс әкімінің айтуынша, бұл аумақ әуелі жергілікті құрылыс компанияларына ұсынылған, бірақ олар бас тартқан.  

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан

Дереккөз: http://egemen.kz/