Ошақ туралы. Жерошақ қоңырсыту және жерошақ бәйге

0

Ошақ

«Ошақтың үш бұты» деген мәтел бар. Жерді ойып қазып, жасалса – жерошақ, жер бетіне биіктеу үш тасты қойып жасалса – тасошақ деп атайды. Ал, шеңбер тәрізді темірге үш сирақ бекітіп жасалса – темірошақ деп немесе ошақ деп аталады.


Алтайдағы тайқазанға арналған тасошақ / Сурет автордікі


Астына от жағуға, үстіне қазан не шәугім асуға ыңғайлы етіп, ошақты биік жасайды. Қазан асылатын үлкенін қазан ошақ деп атайды.

Мосы. Кейде ошақтың үстіне үш аяқты мосы қойылып, оған шәугімді іліп қойып қайнатады. Ал, астына отын салып, оны көсеп отыру үшін көсеу, шоқ алу үшін не шымшуырды, не істікті, не қалақшаны қолданады.


Мосы / Сурет Wikipediaдан алынды


Ас

Қазақ марқұм қарттарын, батырлары мен шешен-билерін ешқашан жоқтаусыз қалдырмаған. Қайтыс болғаннан кейін елге жыл бұрын сауын айтып асқа дайындалады. Бір жылдан кейін жаздың жайма шуақ күндерінің бірінде дүйім халық жиналып, ас береді.


Жерошақ / Сурет Wikipedia-дан алынды


Қара жамылу. Отағасы қайтыс болғаннан кейін жесірі шашын тарқатып (кейде самай шашын қияды) жаяды. Әрі басына қара шәлі не жаулық жамылады. Міне, «шашын жайып қара жамылу» деген осыдан шыққан.

Қара ту ілу. Қайтыс болған марқұмның үйінде оның пайдаланған заттары, мысалы ер-тұрманы теріс қаратылып қойлады (ердің алдыңғы қасы есікке қарап тұру керек). Пайдаланған заттары мен киімдері теріс аударылып бақанға ілініп қойылады.


Ал, қыздары көбінесе ақ киім киеді. Бастарына қызыл бөрік киеді. Үйдегі түрлі жапқыштар да теріс жабылады. Кейде сол бақанға қара шүберек байлап, есік жақтауына іледі екен. Қара ту тігілді деген осы.

Ат тұлдау. Азамат қайтыс болғаннан кейін жеті нәзірі өтісімен, жақсы көрген не мініп жүрген атын ұстап әкеліп, құйрығын кесіп, кекілін түйіп қоя береді. Бұл – атты тұлдау делінеді. Тұлданған атқа иесінің асына дейін ешкім мінбейді. Кейін асқа әкеліп сояды.

Көшкенде марқұмның ерін теріс ерттеп, үстіне шапанын теріс аударып жауып, ердің қасына бас киімін кигізіптұлдаған атты қызы не әйелі жетектеп көш алдында жүретін болған.

Сауын айту. Ас болатынын ру-тайпа басшылары мен марқұмның ақы иелері шешкеннен кейін, ас болардан жарты жыл бұрын ат жетер жерге сауын айтып, хабаршы жібереді.


Айтылған сауында астың қашан, қай жерде өтетіні, бәйге-палуандарға берілетін сыйлықтары туралы ақпаратты нақты жеткізеді. Сыйлы адамдарға арнайы адам шаптырып жібереді.


Бұған қоса оқыңыз: Жерлеу рәсімінің жоралғылары қандай? Қазада шашылу қазақы салт па, діни дәстүр ме?


Қазан-ошақ қоңырсыту

Бұл – астың алдындағы дайындық шара. Оны астың алдында 1-3 күн бұрын, үлкен астың алдында бірер жұма бұрын жасайды. Кейде қазан-ошақ майлау деп те атайды.


Онда көбінесе асқа қызмет етушілерді шақырып, үйлерді тігеді. Ас басқарушылар мен ақсақалдар ақылдасады. Пәтуаласу барысында өткен аруақтарға бағышталып құран-хатым түсіріледі. Сосын көк қасқа тайға, ақсарбас қойға бата жасалып, дұға-тілек айтылып, ресми түрде бастайды. Қазіргі тойдан бұрын болатын «ақылдасу шайы» деген содан шыққан болу керек.

Жерошақ бәйге. Астың алдында өтетін қазан-ошақ қоңырсыту деген кіші-гірім тойға бергісіз шарада «қара жарыс» болады. Кейде жерошақ бәйге өткізіліп, оған жүлде де беріледі.



Асқа дайындық / Сурет А.И. Бортников. ҚР МОМ қорынан (КППМ 1222-13)


Жерошақ қазу – өте үлкен мазмұнға ие дәстүрлі шара. Жігіттер батадан кейін қазан-ошақ орнын қазу дәстүрін өткізеді. Қазан-ошақ қоятын арнайы жерошақ қазылады. Оған арналған орын бір сызықтың бойымен қосу формасында ұзын етіп қазылады. Тіптен жарты не бір шақырымға дейін созылуы мүмкін. Бүкіл тойға асылатын ет пен қайнатылатын шай сол қосу формасындағы жер ошақта атқарылады.


Жерошақ қазылып болған соң, малға бата жасап, етін асып қызметшілерге тартады. Жерошақ қазушыларға арнай жол-жоралғы беріледі.

Дала заңы бойынша жерошақ қазылып, күлі төгілген жер сол қазған, күл төккен адамдардың атамекені саналады.


Бәйгеге баптап отырған ат / Сурет informburo.kz


Үй тігу. Ас болардан бірнеше күн бұрын ақы иелері мен ас басқарушылар киіз үйлерін тігіп, сойыс малдарын дайындап, барлық шараларға сақадай сай болады.


Ал, асқа арнайы әкеле жатқан саба-саба қымызын тиеп, қора-қора қойын айдап, ат-түйелерін жетектеген, әнші-күйшілері мен балуан-батырларын ерткен әр топ белгіленген үйге келіп, түседі.

Оларды ақы иелері мен ас басқарушылар, ақсақалдар күтіп алып, алдымен қаралы үйге кіргізіп құран оқытады. Аман-сәлемін жасағасын арнайы дайындалған үйге орналастырады. Әр күні қонақасы сойылып, жиын-кеңестер өтеді. Жақсылар мен жайсаңдар бас қосып, елдік мәселелерді талқыға салады.

Тұлдаған атты сою

Ас күні ел ақсақалдары мен басшылары жиналып болған соң, ас басқарушының және оның көмекшілерінің басқаруымен ең алдымен марқұмның өзі мінген, асы үшін бір жыл бұрын тұлдап жіберген аты әкелінеді.

Тұлдаған аттың кекіліне ақтық байлайды және марқұмның ерін атқа соңғы рет ерттеп, ортаға әкеледі. Ақ сәлделі молда күңірентіп құран оқиды. Содан кейін атқа бата жасалады.

Кейін ерін алып, сою үшін жығуға ыңғайланғанда марқұмның жұбайы, қыз-келіндері атпен көрісіп, жоқтау айтады.

Аттың басына ақтық байлау. Асқа сойылған ат басының терісін сыпырып алып, пісіреді. Ас кезінде қадірлі қарияға бата жасатып, етін турайды да бүкіл асқа келгендерге жеткенінше үлестіреді. Астан кейін аттың басына ақтық байлап, биік тастың үстіне шығарып қояды.

«Тойға барсаң тоқ бар, асқа барсаң аш бар» деген қазақтың аталы сөзі бар. Асқа қызмет еткен әр адам ақсыз, атаусыз қалмайды. Жоқ-жітіктерге көмек таратылып, өткен-кеткен адамдар мен тарихты еске алады.


Сонымен бәйгеге ат айдалады. Алаңда палуан, қыз қуар, теңге ілу, ақындар айтысы секілді дәстүрлі ойындар кезек-кезек өткізіліп, жүлде таратылады. Жастар жағы алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнайды.


Алтыбақан тебу / Сурет мәртебе порталынан


Аста «жілік алып қашу» деген салт бар. Ірі қара малдың жілігі «мүше» ретінде беріліп, оны бозбалалар атпен алып қашып, кім жеткізбей алып кетсеғ сол жейтін болған.


Қаралы туды жығу

Ас соңына жақын марқұмның мал-мүлкі ортаға шығарылып, бала-шағасына, туыстары мен дос-жарандарына тәбәрік, мүше ретінде таратылады. Ол кезде марқұмның өсиеті де ескеріледі.

Кешегі Бөгенбай батыр бабамыздың айбалтасы мен дуылғасының, Қожаберген батыр Жәнібекұлы бабамыздың туы мен шапаны дәл осындай астан кейін таратылған заттарды ұрпақтарының құрметтеп, киелі санап, ырымдап сақтап қалуынан бізге жетті.


Осы арқылы ертеңгі ұрпаққа үлгі болып, ұлағат айтып, елдік пен ерлігін дәріптеп, ел мен жерін қорғауға шақырады.


Үздік-создық келе жатқан бәйге аттары / Сурет informburo.kz


Кешегі Абылай ханға, Бөгенбай батырға, Қабанбай батырға, Жәнібек батырға, бертінгі Зуқа батырға, Әлихан Бөкейханұлы сынды тұлғаларға 100-300 тіптен одан да көп жылдан кейін беріліп жатқан астар – сол дәстүрдің жалғасы.

Аңызға айналып жеткен «Ақан серінің құлагері» де сол тарихи астардан қалған белгі.

Қара туды жығу дәстүрі. Ас соңында қаралы үйдің есігіне тігілген қара ту жығылып, «қаралы үй» деген атау енді алып тасталады. Енді қуаныш-тойда кездесейік деген бата-тілектермен ас ақырласады.


Сондай астың бірі 2000 жылы Моңғолия Алтайында өтті. Сарыкөл деген жерде Зуқа батырдың асына жүзден астам үй тігіліп, асқа сонау Түркия, Германия, Австрия, Қытай, Қазақстан елдерінен қонақтар барыпты. Асқа 40-50-дей ірі қара мал, 360-тан астам қой әкелінгені туралы дерек бар.

Міне, солай ел мен жері үшін ғұмыр кешкен адамдардың аттары мәңгілік халық жүрегінде қалтырылады.

Осындай жиналыстарда келелі кеңестер, тарихи шежірелер айтылып, өрелі адамдарға да ат-шапан сый-құрметін көрсетеді.

Астан соң

Астан соң ас өткен жердегі жерошақтарды тегістеп, күлдерін көміп тастайды. Қазықтарды суырып, орнын тазалайды. Сонымен бірге сынтас орнататын болған.


Моңғолия. Зуқа батырдың асы өткен жерге қойылған сынтас / Сурет informburo.kz


Шаңырағы ортасына түсу – егер марқұмның (отағасының) үйі, жолдасы болғанмен артында ұрпағы қалмаса, туыстары Астан кейін киіз үйге келіп, шаңырағын ортасына түсіріп, қазанын төңкеріп жұртқа тастап кететін болған.


Оны көрген адамдар ырымдап «Бүлінгеннен бүлдірге алма» деп ешнәрсе алмайды екен. Ал, жесірін «ерден кетсе де елден кетпейді» деп марқұмның аталас туыстарына әмеңгерлікпен қаратқан.

Дала заңы немесе Бөке батырдың Алтайдан қоныс алуы

Дала заңы бойынша қазан асып, күл төккен жері бар өңір сол әулеттің ата жұрты саналатыны туралы айттық.

Ен Қалбан Ынтыханұлы атты жазушы ағамыздың мына бір әңгімесіне құлақ түрейік.

Бөке Жырғалаңұлы (1847-1903)– Алтайда туылып Тибет жотасында қайтыс болған қазақ батыры. Батырдың денесі Тибетте, басы Алтайға жерленген. Ол туралы бөлек жазатын боламыз.


Сол жылдары Өр Алтайдың басын қалха мұңғұлдары иемденіп отырыпты. Мал-жаны өскен қазақтардың қонысы тарылып, ақыры сол кездегі Мәнжу-Чин (Цин империясы) патшалығының қойған моңғол ұлығы Намжыққа жер сұрай барыпты.

Бұл – 1863 жылы екен. Қожамсейіт деген ақсақал бастаған, Бөке батыр қостаған сайлаут азаматтар қара жорға ат, қара түлкі, қаршұнақ жамбы сый алып Намжыққа келеді. Намжық төре бұйымтай сұрағанда: «Шіңгіл бойы ежелгі қазақ мекені еді. Мұнда күл төккен жұртымыз, қазан асқан жер ошағымыз бар. Ежелгі жараның аузын тырнап не етеміз, бүгінгі күнде лықсыған ел болдық. Қыс қыстау, жаз жайлауымыз тарылып қиналған жайымыз бар, сол себепті, береке жолымен ата қонысымызға кереге жаяйық деп келдік» деп уәж айтады.

Оны естіген Намжық төре өзінен жоғарғы моңғолдың Сары уаңына адам жібереді де өзі қазақтар дәлел ретінде айтып отырған от жаққан жерлер мен жер ошақ іздерін көруге аттанады.

Намжық Шіңгілдің Қарағаш, Аққарын деген жерлерінен көне жұрттарды, байырғы жерошақтарды, төгілген күл мен ағаш көмірінің тамтықтарын көріп, қазақтарға ескі жұрттарына оралуына рұқсат етіпті.



Алтайдағы Қазанбай батыр Жолжақсыұлының зираты / Сурет informburo.kz


Сол Намжық төре қазақтардың жерін шалып қайтқан күні қалың жабыр жауып өзен тасиды да, өткелден бір-бірлеп өтеді. Кезек Намжыққа келгенде тасқын төрені ағыза жөнеліпті. Топтасқан моңғол мен қазақ шуылдасып тұрғанда, Бөке батыр төмендеп барып,секіріп түсіп Намжық төрені судан алып шығады. Аузы-мұрнына су кеткен төреге ет пісірім уақыттан кейін жан кіріпті.

Бабамның басы қалған…

Міне, бұл – әр қазақтың қаны мен тәніне сіңген ұғым. Атажұрт пен атамекен – ас беріп, той тойлаған, күл төгіп, бабалар моласы қалған мекенге қаратылып айтылған.

Мәселен, Алтай, Кіндік Алтай – күллі түркінің ата жұрты. Ата-баларының қорымы мен ізі қалған қасиетті мекенді сонау Америка құрлығындағы үндістер де «кіндік Алтайым» десе, Еуропадағы ғұндар мен қыпшақтар, «түріктердің атажұрт» деп атайтыны осыдан шыққан. Әйтпегенде неше он ғасыр өтсе де сол киелі жұртты неге ұмытпайды?


Берелдегі қорғындардың бірінде. Беткі қабаты қосу формасында / Архолог, ғалым З.Самашевтің жеке мұрағатынан


Берел қорғанында тұлдаған атты бірге жерлеген

Еліміздің шығысындағы Берел өңірінен табылған қорғандардың, обалардың саны мыңнан асуы мүмкін. Қазірдің өзінде бірнеше жүзден астамы ғана белгілі. Осыдан 2500 жыл бұрынғы замандікі деп танылған сақ қорғандарының саны жүзден асады. Оның қасында көне түркі қорғандары бар.


72 обадан табылған табыттағы адам мен қасына қатар жерленген жылқы сүйектері / З.Самашевтің мұрағатынан


Берелде табылған алтын адам, алтын жылқылар біршама жақсы сақталыпты. Себебі, жер бетінің бір қабаты ерімеген тоң екен. Оның үстіне үйілген оба тастары да табыттарды ауа мен су кіргізбей сақтаған.

Бұл – сол замандағы ұлы астан қалған белгі. Ата-бабамыздың ізі. Ата жұртымыздың айғағы.

Тауға қарап дәрет те сындырмайтын халықпыз

Көшпелі халық бұралып аққан бұлақтарға, өзенге кір жумайды. Көшкенде жұртты тазалап, қазықтарды суырып, қоқыстарды көміп кетеді. Күлді баспайды. Көкке аяғын көтермейді.

Жаңағы бұрқырап қайнап шыққан, түрлі шөптердің нілі шыққан суды «Арасан» деп қарайды. оның көзін ашып тазалайды. Сосын басына ақтық байлайды.

Тауға, молаға қарап дәрет сындырмайды. Суға, күлге дәрет сындырғандарға ұшық жабысады деп қарайды. Көк шөпті жұлмайды. Жабайы аң-құстардың төлдеріне ешқашан тиісуге болмайды. Әсіресе, көктем көзінде.

Құстың жұмыртқасын жаруға болмайды. Егер жұмыртқаны адам қолымен ұстаса құс жеріп жұмыртқаларына қарамай кететін. Онда:

«Торғай, торғай атым бар,
бір жапырақ етім бар.
Әкең жауға кеткенде,
Шешең өліп жетім қал» деп қарғайды» деп қорқытатын еді үлкендер.


Қыл аяғы үйге кірген жыланның да аузына ақ сүт тамызып, «ақ ниетін» білдіріп шығарып салатын. Үйге кірген құмырсқаны өлтіртпейтін. Құмырсқаны «жақсылықтың нышаны» деп қарайтын. Оның үстіне құмырысқа бар жерге жылан секілді жәндіктер жоламайды.


Желідегі екі құла құлын / Сурет informburo.kz


Қысқартып айтқанда, ешқандай жәндік пайдасыз емес. Әрбірінің өз міндеті, орны, пайдасы мен зияны бар.

Бұл – жазылмаған дала заңы. Бір жілік ет пен бір шәугім шәй бөлінбеген еншімізге айналған дегдар халықтың заңы.

Дереккөз: https://informburo.kz