Қазақша ертегі: Арыстан дертінің емі — Ертегілер — Bilim

0

Аңдар патшасы арыстан қартайып, науқасқа шалдығады да үңгірінен шыға алмай жатады. Патшасының көңілін сұраған барша аң келіп-кетіп, кіріп-шығып жүреді. Түлкі ғана мезгілінде келе алмапты,

         Мұны естіген соң, қасқыр бір қулығын асырып, өзін алдап жүрген түлкіден кек алғысы келіп, науқас арыстанға оны жамандай бастапты:

         — Түлкі сені патшам деп құрметтемейді екен. Патшасының көңілін сұрамағаны оңбағандық! – деп, арыстанның ызасын қоздырып, ашуына май құйыпты.

         Сол кезде үңгірдің аузына келіп қалған түлкі қасқырдың бұл сөзін естіп: «Тұра тұр, бәлем, өшімді алармын!» — деп кіжініп, тісін қайрайды.

         Сонан соң ештеңе білмегендей, жылмаңдай кіріп келеді. Түлкіні көзі шалған арыстан қаһар төгіп, айқай салыпты.

         — Сен менің көңілімді сұрамай, қайда жүрсің?

         Сонда түлкі:

         — Сабыр, тақсыр, сабыр, – депті жалбарынып.

         — Сөзімді тыңдаңыз! Менің осыншама кешігуімнің себебі бар еді.

         — Ол не қылған себеп?

         — Шұғыл шаруамен дала кезіп жүрдім. Ол не шаруа десеңіз, жер дүниені кездім, дертіңізге дауа болатын дәрі іздедім. Барлық дәрігерлерден сұрастырдым. Ақыры тауып келіп отырмын.

         Мұны естіген арыстан:

         — Ол қандай дәрі? – деп сұрапты қуанып.

         — Дертіңіздің емі мынау екен, – депті түлкі, – қасқырдың терісін тірідей сыпырып алып, жылы күйінде үстіңізге жабыстырып киіп алсаңыз, жазылады екенсіз.

         Мұны ести сала арыстан атып тұрып, қасқырды бас салып, терісін сыдырып, үстіне киіп алыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: