Қазақша ертегі: Тырна мен түлкі — Ертегілер — Bilim
Түлкі мен тырна достасып, бірге тұрмақ болыпты, Екеуі бір жерге қоныстаныпты. Ішіп-жемегі ортақ. Бірі жем іздеп, саяхатқа кеткенде, біреуі балапандар мен күшіктердің жанында қалады.
Күндердің күнінде тырнаның таз балапандарына жүн шығып, жорғалайтын болады. Түлкінің күшіктері пұшпақ болып құлпырады. Аналары балаларын ауық-ауық жатақтың жанындағы жайдаққа серуенге алып шығып жүреді.
Бір күні тырна саяхатқа кетіп, түлкі балаларды бағып үйде қалады. Бәрін серуенге алып шығады, Балапандар мен күшіктер апыр-топыр алысып, ойнап жүреді. Оны көріп отырған түлкіге ой түседі:
— Осы, менің мұным не, мына тырнаның тұқымдарының мекені — аспан. Жайшылықта бұлар Құдайдан тілеп ала алмайтын тамақ қой. Бұл әрі-беріден соң, ұшады да кетеді. Санды соғып біз қаламыз. Достасатын, бұлар менің екі туып, бір қалғаным ба? Менің мына күшіктерім де құс ұстауға үйренуі керек. Қой, кісі баласы кісіге бала болмайды. Одан да, – деп, тырнаның бір балапанын тыритып алып ұрып, күшіктеріне қалай ұстап, қалай өлтіріп, қалай жеуді көрсетеді.
Сөйте-сөйте күшіктер анасының баулуымен бар балапандардың басын құртады. Өлтірген балапандарын аулаққа апарып, тығып тастайды да қайтып жатаққа жайласады. Кешінде тырна қайтады. Түлкі тырнаның алдынан шығып, жыламсырайды.
Тырна:
— Ей, не болды? – дейді.
Түлкі:
— Әу, білмеймін. Балалардың саны аз көрінеді – дейді.
Тырна апалақтай сасқалақтап:
— Жоғы сенікі ме, менікі ме? – деп сұрайды.
Тырнаны қыжырта кекетіп:
— Әй, байғұс-ай, ойыңның арамы-ай, қанша бауырға тартсам да бөлектенген сөзіңнің ұшқыны шығады да тұрады. Балапандарды сенікі, менікі деуші ме едік, – депті қу түлкі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: