Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастығы: Туризмді дамытуға тың серпін
Сауда айналымы ұлғайып келеді
«Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері» тақырыбына арналған форумның пленарлық отырысын Елбасы кіріспе сөзбен ашты. «Мұндай форумдар өткізілгелі мемлекетаралық тиімді алаң қалыптасып, барлық бағыттар бойынша іскерлік байланыстар орнады. Осы уақыт ішінде елдеріміздің өзара саяси-экономикалық ықпалдастығының маңызды институтына, негізгі моделіне айналды. Бұл басқосу посткеңестік кеңістікте үлгі боларлық формат ретінде таңдап алынды. Өткен форумдар аясында 200-ден астам шарттар мен келісімдер жасалды. Бұл құжаттардың жүзеге асырылуы Қазақстан мен Ресей өңірлерінің ғана емес, сондай-ақ экономиканың тұтас салаларын дамытуға қуатты серпіліс береді», деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы Ресейдің Қазақстан үшін стратегиялық одақтас, сауда-экономика саласындағы сенімді серіктес екеніне тоқталды. «Биыл 8 айда елдеріміз арасындағы сауда айналымы 11 миллиард доллардан асты. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 18 миллиард доллар болады деген болжам бар. Өзара сауда саласындағы өңделген өнімдердің үлесі артып, 82 пайызға жетуі қанағаттанарлық көрсеткіш. Ресей Қазақстан үшін өңделген өнім экспорттайтын ірі нарық көзі болып есептеледі. Ресейлік капиталдың қатысуымен елімізде 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жасайды. Бүгінде құны 10 миллиард доллар болатын 60-қа жуық ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 6 миллиард доллардың 57 жобасы орындалуда», деген Елбасы әлемде экономикадағы жалпы өнімнің 10, инвестициялардың 7, жұмыс орындарының 9, барлық түсімдердің 5 пайызын туризм саласы құрайтынын, бүгінгідей жаһандану жағдайында өсімнің негізгі драйвері саналатынын жиналғандардың есіне салды. Мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, агроөнеркәсіп кешені, химия өнеркәсібі, басқа да салалар бойынша инвестициялық ынтымақтастықты өрістету, екі елдің туристік әлеуетін тиімді пайдалану үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Бүгінгі форум өте маңызды әрі өзекті мәселе – елдеріміздің туризм саласын дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістерін айқындауға арналды. Туризм жаһандық дағдарыстар кезінде де экономиканы ілгерілете алады. Қазақстан мен Ресей бұл үдерістерден тыс қалып қоймауы керек. Бізге жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет. Географиялық жақындығымыз, қолайлы орналасуымыз бәсекеге қабілетті болуға зор мүмкіндіктер береді. Екі ел арасында апта сайын 38 бағыт бойынша 210 әуе рейсі қатынайды. Соңғы жылдары олардың саны 27 бағытқа артты. Ал білім беру саласында 66 қазақстандық жоғары оқу орны ресейлік 93 ЖОО-мен тығыз қатынас орнатты. Ынтымақтастық туралы оқу орындары арасында 500-ден астам келісім бекітілді. Екі елдің медициналық жоғары оқу орындары арасында 70-ке тарта бірлескен меморандумға қол қойылды. Осының барлығы біздің тұрақты әрі өзара тиімді тату көршілік ауызбірліктің дәлелі.Туризм индустриясында жетекші рөлге ие болудың әлеуеті мол. Біз туризмді дамытудың бесжылдық мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Бұл жоба аясында Қазақстанға туристер ағыны 13 миллион адамға дейін көбейеді. 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. «Ресейдегідей Қазақстанда да туристердің демалысты жақсы өткізіп, тамашалауына лайықты көптеген көрікті жерлер бар. Мысалы, ресейліктер, әсіресе, елдің Батыс Сібір бөлігіндегі тұрғындар демалу үшін жазда біздің елдегі Бурабайға, Балқаш пен Алакөлге, қыста Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортына және басқа да жерлерге келеді», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мемлекет басшысы өкілетті органдар тарапынан шешуді талап ететін бірқатар жайттарды, оның ішінде туристердің өтуіне қолайлы болу үшін шекарадан өткізу тәртібін жаңғырту, туристік және көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды жетілдіру, Каспий теңізіндегі туризмді бірлесе дамыту, ғарыштық туризмді қалыптастыруға ықпал ету және басқа да мәселелерді ортаға салды. Форум туризм саласының алдынан жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өз сөзінде мәні зор шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Елбасына айрықша алғысын білдірді. «Ресейдің 76 субъектісі Қазақстанның барлық аймағымен тығыз қарым-қатынас жасайды. Қаңтар-қазан аралығында 50-ден астам ресейлік делегация болды. Көптеген бизнес-миссия, жастар бағдарламасы ұйымдастырылды. Ғылым, білім, мәдениеттің өзекті мәселелері қамтылды. Екі елде де туристердің ерен қызығушылығын тудыратын ғажайып жерлеріміз тұрғанда алыс елдерге саяхаттаудың өзі қисынсыз. Әлемде тартымды туристік орталықтардың бары талассыз. Бірақ Қазақстан мен Ресейдегідей табиғи әралуандылықты кездестіру қиын. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарымызды барынша үйлестіріп, жандандыру керек. Туристік индустрия елеулі экономикалық әлеуетке ие. Ресейде ішкі және сырттан келетін туризмге қатысты қыруар шаруалар атқарылуда. Ресейге жыл сайын 3,6 миллион қазақстандық, Қазақстанға 3 миллион ресейлік сапарлайды. Алдағы уақытта туристер алмасу көрсеткіштері арта түседі деген сенімдемін. Меніңше, қос тараптың тарихи-мәдени құндылықтарымен, дәстүрлерімен саяхатшыларды таныстыратын арнайы бағдарлама құрған дұрыс болар еді. Сонымен қатар ескерткіштік, мемориалдық орындарға сапарлауға адамдардың ынта-ықыласын арттырған абзал. Қазір көпшілікті экологиялық таза туризм қызықтырады. Қазақстан мен Ресейде бұл бар. Тек соны тиімді пайдалану керек», деді В.Путин форумға қатысушыларға арнаған сөзінде.
Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы экологиялық, емдік-сауықтыру, медициналық, спорттық, мәдени, іскерлік туризмге сұраныстың айтарлықтай артқанын, соған орай визалық-миграциялық режімдерді үйлестіру, көліктік, транзиттік, сауда желілерін жетілдіру, қызметтерді толық көлемде әрі сапалы түрде ұсынудың жолдарын сөз етті. Байқоңырда туризмді дамытуға қажетті факторларды атап, тиісті қолдау көрсетуді сұрады. Биыл тамызда өткен Ақтау саммиті Каспий теңізіндегі туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал еткенін айтты. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов соңғы жылдары Ресейден келетін туристердің саны екі есеге өскенін, Имантау-Шалқар курортты аймағы туристификация картасының 10 басты жобасына енгенін, Елбасының тікелей тапсырмасымен оны дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленіп жатқанын, көлік инфрақұрылымын жақсартудың арқасында туристердің жолда жүру уақыты 30 пайызға қысқарғанын мәлім етті. Шекара бекеттерінде бақылау рәсімдерін оңтайландыру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсынысын жеткізді.
Пленарлық отырыста Ресей Федерациясының Экономика министрі Максим Орешкин, Астрахань облысы губернаторының міндетін атқарушы Сергей Морозов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Алтай Республикасының басшысы Алексей Бердников сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Н.Назарбаев форумды қорытындылай келіп, екіжақты келісімнің іскерлік сұхбатта өткенін, форум туризм саласына тың серпін беретінін, қордаланған проблемаларды бірігіп шешудің басым бағыттары талқыға түскенін атап көрсетті. Туристер легін көбейту үшін өңірлерді бір-бірімен байланыстыратын автомобиль, теміржол және әуе қатынастарын дамыту жөнінде екі ел Үкіметтерінің бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттігін алға тартты. «Қазақстан мен Ресей шекараларындағы өткізу бекеттерінің инфрақұрылымын және техникалық жабдықталуын жақсарту туралы ұсыныстарға байланысты мәселелерді бірлесе шешуге тиіспіз», деді Мемлекет басшысы. Көршілес елдермен визалық және көші-қон режімін жеңілдете отырып, Каспий теңізінде туризмнің бірегей жүйесін құруды, сондай-ақ медицина және білім саласындағы туризмді дамыту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды. «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосуда атқарылған шаралардың оң нәтижелерін атап өтіп, бизнес өкілдерін қаржы институттарының жұмысына белсене атсалысуға шақырды.
В.Путин өз сөзінде форумның табысты өткенін, тараптар маңызды мәселелер бойынша ортақ түсіністікке қол жеткізгенін, сауда-экономикалық, туризм салаларында негізгі әріптес болып қала беретінін жеткізді. Өңіраралық ынтымақтастық форумы келесі жылы Омбы қаласында өтетінін мәлімдеді.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Президенті В.Путин екі елдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды.
Сондай-ақ бірқатар үкіметаралық маңызды меморандумдар мен келісімдер жасалды.
Өңіраралық ынтымақтастық форумы аяқталған соң Қазақстан және Ресей президенттері заманауи Пионерлер сарайында инновациялық және IT-технологиялармен жұмыс істейтін оқу кабинеттері мен зертханаларды аралап көрді. Оқушылармен әңгімелесіп, олардың жұмыстарымен танысты.
Ауылшаруашылығын дамытуды тапсырды
Президент Н.Назарбаев жұмыс сапары барысында теміржол автоматикасы, телемеханика, байланыс, қауіпсіздік жүйесі құрылғыларын, мұнай-газ кешені кәсіпорындарына қондырғылар шығарумен айналысатын С.Киров атындағы зауытта болып, цехтарды аралап көрді. Облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің, индустриялық жобалардың, Жолдау тапсырмаларының орындалуы жайлы есебі тыңдалды. Биыл 6 мыңнан астам тұрғын баспанамен қамтамасыз етіліп, 150 мыңдай жұмысшының жалақысы көбейеді. Өңірлік маңызы бар жолдар қалпына келтіріледі.
Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімінің баяндамасынан кейін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының өңіраралық ынтымақтастығының форумына әзірлік аясында аймақты дамыту бағдарламасының тиімді іске асырылып жатқанын атап өтті.
– Петропавл қаласын көркейту мақсатымен көп жұмыс атқарылды. Облыстың экономикалық көрсеткіштері қалыпты. Өсім қарқыны республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары, – деді Елбасы.
Сонымен бірге аймақтың аграрлық әлеуетіне де тоқталып, ауылшаруашылығын дамытуға байланысты тапсырмалар жүктеді. «Еліміздегі ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі көңіл көншітерліктей емес. Мен ауылшаруашылығындағы еңбек өнімділігін екі есеге көтеру міндетін қойдым. Бұл сіздердің облыстарыңызға да тікелей қатысты. Қайта өңдеу мен экспортты ілгерілету арқылы ғана өнімділікті көбейтуге болады. Сіздер үшін тұтыну нарығы ашылады», деп Президент алда тұрған биік белестерге жетуге жігерлендірді.
Сапар соңында Н.Назарбаев жұртшылық өкілдерімен кездесті. Облыс тұрғындары әлеуметтік бағдарламалар қабылдап, ұдайы қамқорлық көрсеткені үшін Елбасына алғыс білдірді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы