Екі жетім — Ертегілер — Bilim

0

Бұрынғы заманда бір бай болған екен, ол байдың бәйбішесі және тоқалы болыпты. Бәйбішесінің бір қызы, тоқалының бір ұлы, бір қызы болыпты. Күндерде бір күн тоқалы ауырып өледі. Бәйбіше тоқалдан туған қыз бен ұлға түк тамақ, киім бермей, өнебойы қиын жұмыс істетіп жүреді екен. Бір күні бәйбіше әлгі бала мен қызға ұрсып-ұрсып:

         — Қой бағып келіңдер! – деп, аштан аш далаға айдап жіберіпті. Бала мен қыз жылай-жылай қой соңында жүріпті. Баланың жылағанын қойлардың арасынан бір қошқар естіп, қыз бен баланың қасына жүгіріп келіп:

         — Неге жылап отырсыңдар? – депті. Бала мен қыз бастарынан өткен қиыншылықтардың бәрін айтқан екен, Қошқар:

         — Күн сайын менін басымнан бір түк жүнімді алсаңдар сол сендерге әр түрлі тамақ болар, – депті.

         Бала мен қыз қуанып, күніне әлгі қошқардың басынан бір тал жүнін алып, қалаған тамақтарын жеп жүдеушіліктен құтылыпты.

         Бәйбіше бұлардын жүдемегеніне таң қалады да: «Бұларға тамақ беріп, асырап жүрген біреу бар екен», – деген оймен, бұлар қайда барса да, соңынан қалмай, сыртынан аңдып жүреді. Бір күні бала мен қыз қошқардың жүнін алып тамақ жеп отырғанын көреді де үйіне келгеннен кейін өтірік ауырады.  Байы келгеннен кейін:

         — Мен өлетұғын болдым. Маған қара қошқарды сойып, етін жегізсең жазыламын, болмаса өлемін, – депті.

         Байы әйелінің тілін алып, қошқарды соймақшы болып, тоқалынан туған баласын қошқарға жұмсап жібереді. Бала жылай-жылай, қошқардың қасына барып:

         — Достым, сені соймақшы болды, сен кеткен соң біздің аштан өлгеніміз ғой! – дейді.

         Сонда қошқар тұрып:

         — Амал бар ма? Соямын дегеннен кейін, ол соймай қоймас. Сойып, етімді жегеннен кейін, менің сүйегімді итке тастамай, түгел жинап, бір жерге көміп қойыңдар. Тарыққан уақыттарыңда көмген жерді ашып, не сұрасаңдар бәрі дайын тұрар, – депті.

         Сонымен, қошқар сойылып, еті желінеді. Бала мен қызға тиген бір жапырақ ет жоқ. Бір қошқардың етінен бір жапырақ бермегеннен кейін, тоқалдан туған қыз әкесіне:

         — Бізді бала құрлы көрмейсің. Біз де сенің балаларыңбыз ғой, бізге жаның ашып, етін бермесендер де, тым болмаса, сүйегін беріңдер! – дейді.

         Әкесі баласы мен қызына қошқардың сүйегін беріпті. Бала мен қыз қошқардың сүйегін бір бұрышқа алып барып, көміп тастайды. Сөйтіп, бәйбіше аурудан жазылған болып, қыз бен балаға қой баққыза береді.

         Бәйбіше қызға:

         — Босқа тентіреп жүрме! Қой бағуға барғаныңда мынау бір қап жүнді бір күннен қалдырмай иіріп кел, иіріп келмесең, үйге кіргізбеймін! – дейді.

         Қыз бір қап жүнді арқалап қой-сиырды күндегі өріске апарғаннан кейін:

         — Ағатай, бүгін бұл бір қап жүнді қалай иіріп боламын? «Бүгін иіріп келмесең, үйге кіргізбеймін» деді. Енді не қыламын? – деп, жылай бастапты.

         Қыздың жылағанын бір сиыр естіп, қыз бен баланың қасына келіп, жөнін біледі де:

         — Жылама, байғұс! Жүніңді маған бер, оны мен-ақ иіріп берейін, – дейді.

         Қыз қуанып жүнді сиырдың алдына қояды. Сиыр жүнді жеп жатқан уақытта жел тұрып, сиырдың алдындағы жүннің біразын ұшырып әкетеді; қыз жүнді қуалап кете береді. Бір уақытта әлгі жүн барып бір үйдің төбесіне шығады. Қыз жүнді алайын десе, үйдің үстіне шыға алмайды. Сонан кейін қыз айқайлап жылай бастайды. Қыздың жылағанын естіп үйдің ішінен бір кемпір шығады. Кемпір:

         — Қарағым, неге жылайсың? – дейді.

         Қыз өзінің ауыр халін айтқан: екен, кемпір оған:

         — Балам! Менің басымды қарап жібер, сонан кейін өзім алып беремін, – дейді.

         Қыз кемпірдің үйіне кіріп, басын-қарай бастайды. Қараса кемпірдің басында әр түрлі тамақтар бар екен, қыз бір де біреуіне тимепті.

         Кемпір:

         — Болды, балам, рақмет, судан сұлу бол! – деп, батасын беріп, жүнін әперіп жіберіпті.

         Қыз тамаша бір сұлу болыпты. Барса, ағасы сиырдың аузынан жіпті алып отыр екен. Қарындасына қарап, таң қалыпты. Қарындасы не көргенін бәрін айтып беріпті. Сөйтіп, қыз жіптің бәрін шешесіне әкеліп беріпті; шешесі қызының сұлулығына қарап таң қалыпты.

         Ертеңіне бәйбіше өзінің туған қызына бір қап жүн беріп жібереді. Бәйбішенің қызы да барып иіре алмай жылап отырған уақытта, жел шығып қыздың жүнін ұшырып әкетеді. Қыз жүнді қуа-қуа, ұзап кетеді де кешегі кемпірдің үйіне барады. Қыз үйдің төбесіндегі жүнді ала алмай тұрғанда, кемпір шығып:

          — Неғып тұрсың? – дейді. Қыз:

          — Жіп иіріп отырғанымда жел шығып, жүнімді ұшырып кетті ол жүнім келіп, сіздің үйіңіздің төбесіне шықты; соны алайын десем, ала алмай тұрмын, – депті. Кемпір:

         — Балам! Басымды қарап жібер, сонан кейін жүніңді өзім алып беремін, – дейді.

         Қыз кемпірдің үйіне кіріп, кемпірдің басын қарай бастайды. Қараса кемпірдің басында әр түрлі тамақтар бар екен. Әлгі қыз кемпірдің басындағы тамақтарды жеп алады да:

         — Енді қайтамын, жүнімді алып бер, – дейді.

         Сонда кемпір тұрып:

         — Маңдайыңа мүйіз шықсын! Саған жүн жоқ! – деп, қызды ұрып-ұрып, үйінен шығарып жібереді.

         Қыз үйіне келсе, әке-шешесі оны көргеннен шошып, талып қалады да, бүкіл бақсы-дәрігерлерді жиып, қыздың мүйізінен азар құтылады. Күндерде бір күн сол елдің патшасы:

         — Кімде-кімнің аяғындағы кебісі қызымның аяғына жараса, қызымды соған беремін; кімде-кімнің аяғындағы кебісі ұлымнын аяғына жараса, сол қызды ұлыма алып беремін, – деп еліне жар салыпты.

         Сонан кейін жұрттың бәрі қыздарына, балаларына әр түрлі жақсы аяқ киімдерді кигізіп, патшаға баруға даярланады. Бәйбіше өз қызына кебіс кигізіп, өгей қызы мен баласына:

         — Біз келгенше осы тары мен күрішті бір-бірінен айырып, тазалап қойыңдар, – деп, он қап күріш пен тары беріп кетеді.

         Өздері патшаға кетіп қалады. Бала мен қыз күріш пен тарыны бір-бірінен айыра алмай, жылап отырған уақытта, бір ақ тауық келіп:

         — Сендер жыламаңдар! Анау күнгі көмген қошқардың сүйегін ашыңдар. Онда әр түрлі киімдер бар; соларды киіп, сендер де патшаға барыңдар, – дейді.   

         Бала мен қыз қуанып, қошқардың сүйегін көмген жерді ашады. Ашса, бір ақ боз ат пен көк боз ат тұр екен және әр түрлі киімдер бар екен. Бала   мен қыз жақсы асыл киімдер киіп, екеуі екі атқа мініп патшаның тойына барады. Барса уәзірлер бұл екеуін күтіп алып патшаның қасына алып кіреді; патша қызы мен баласын шақыртады. Қызы мен баласы келіп, әлгі екеуі не сәлем береді де олардың қасына отырады. Онан   кейін патша қызына:

         — Қызым, мынау жігіттің кебісін киіп көрші. 

         Ұлына:

         — Сен де мына қыздың кебісін киіп көрші! – дейді. Баласы мен қызы әлгілердін ке-бісін кисе, аяқтарына дәл келеді.

         Сөйтіп, патша қызын жетім балаға береді де, баласына жетім қызды алып береді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: