Перизат — Ханс Кристиан Андерсен — Ертегілер — Bilim
Теңіздің беті шашыратқының гүліндей көкпеңбек, таза шыныдай мөп-мөлдір. Ал тереңдігінде есеп жоқ. Тереңдігі сонша, оның түбіне ешбір зәкір жетпек емес. Мұның тереңдігін өлшеу үшін қабат-қабат зәулім мұнаралардың бірнешеуін біріне-бірін жалғауға тура келер еді. Міне, сол тұңғиықта су перілері өмір сүреді.
Теңіз түбі тұлдырсыз ақ құмдақ екен – деп ойлап қалмаңдар. Жо-жоқ. Оның түбінде судың сәл ғана қимылынан тірі жанша ырғалып тұратын солқылдақ сабақты, әсем жапырақты таңғажайып ағаштар мен гүлдер өседі. Сол ну тоғайдың ішінде тура біздің орманымыздағы құстар құсап үлкен-кіші балықтар жүйткіп жүреді.
Теңіздің ең тереңінде су патшасының маржан сарайы тұр. Терезелері асыл тастан, төбесі ұлудың қабығынан жасалған. Судың ырғағына қарай ашылып-жабылып тұрады екен. Сол кезде ұлу қабығындағы нелер асыл маржандар жарқ-жұрқ етіп көз ұялтады. Оның бір ғана тасы кез келген ханымның тәжін әшекейлеуге жетер еді. О, ол таңғажайып көрініс!
Су патшасының әйелі ерте қайтыс болған. Сондықтан да патша шаруашылығына оның кәрі шешесі бас-көз боп жүретін. Бұл бір ақылды кісі болатын. Әттең, данққұмар, мақтан сүйгіштігі бар. Содан да болар, құйрығына он екі теңіз бақасын жапсырып алатын. Ал атақты деген перілердің өзі алты бақадан артық жапсырмайтын. Жалпы, бұл өзі қалай мақтауға да тұрарлық жақсы кемпір. Әсіресе немерелерін жанынан артық көргендігі үшін жақсы.
Немерелері алтау еді. Алтауы да әдемі қыздар. Ең кенжесі бәрінен де көркем денесі мөп-мөлдір әрі нәзік райхан гүлдей еді. Көзі мұхиттың тереңдігіндей көкпеңбек. Әттең, басқа су перілеріндей оның да аяғы жоқ, аяқ орнына балықтың құйрығы біткен.
Патша қыздары күні бойы әсем гүлдер өсіп тұратын алып сарай залдарында ойнап жүретін. Кейде біздің терезелерге қарлығаш ұшып кіретіні сияқты, янтарьлы ашық терезелерге балықтар жүзіп кіреді. Олар кішкене патша қыздарына жүзіп барып, қолдарынан тамақ жеп, сылап-сипаттыра беретін.
Сарай алдына үлкен бау егілген, онда жалын түсті қызыл, қара көк ағаштар көп, бұтақтары мен жапырақтары әрдайым ырғалып, жемістері алтынша жалтырап, гүлдері отша алаулап тұрады. Ондағы жердің өзі күкірт жалыны түстес майда құмдақ, сондықтан да теңіз түбі ғажайып көкшіл түспен жалтырап көрінеді, онда тұрып: биікте-биікте әуеде жүрмін – деп ойлауға болар еді, тағы да аспан тек жоғарыда ғана емес, аяғыңның астында жатқан сияқты көрінетін. Тынық күндері теңіз түбінен күнді де көруге болады, ол жапырағы нұр шалған қып-қызыл гүлге ұқсайды.
Бауда патша қыздарының әрқайсысының өзіне тиесілі жері болатын, онда олар жер қазып қалаған гүлдерін егетін-ді. Біреуі кит тәріздес етіп атыз жасап алды, екіншісі өз атызының су перісіне ұқсағанын мақұл көрді, ал ең кішісі гүлдің орнын күн сияқты дөңгелек етіп жасап, оған ашық қызыл гүлдер отырғызады. Бұл өзі өзгеше перизат еді, ылғи ойланып жүргендей үндемейтін… Басқа қыздар бауларын теңізге батқан кемелерден тауып алынған түрлі заттармен безендіретін, ал бұл қыздың бауында тек алыстағы күнге ұқсас қызыл гүлдер мен әлдеқалай суға батқан кемеден түскен таза ақ мәрмәрдан істелген баланың әдемі мүсіні бар. Қыз бұл мүсіннің жанына қызғылт түсті үйеңкі ағашын еккен, ол жайнап өсіп кетті: жіңішке ұзын бұтақтары мүсінді орап алып, өздерінің күлгін көк көлеңкелері түскен көкшіл құмға тиіп тұрды. Сөйтіп оның бұтақтары мен тамырлары бірін-бірі сүймекші болып, ойнап жатқандай көрінетін.
Кішкентай пері қызы бәрінен де гөрі жер бетінде өмір сүретін адамдар туралы әңгіме тыңдағанды ұнатушы еді, әжесінің оған кемелер, қалалар, адамдар және аңдар туралы естіген-білгенінің бәрін айтып беруіне тура келді. Пері қызын аса қызықтырып таңғалдыратын нәрсе жер бетіндегі гүлдердің жұпар иістілігі олар теңіз түбіндегі гүлдердей емес қой! Жер бетіндегі ормандар жасыл түсті, ал сол ормандардағы балықтар әдемі он салып, шырқайды екен. Әжесі «балықтар» – деп құстарды айтатын, әйтпесе немерелері түсінбес еді: өйткені олар туғалы құс атаулыны көрген емес қой.
Он бес жасқа толғанда сендерге де теңіз бетіне қалқып шығып, ай сәулесінің астында жартаста отырып, өтіп бара жатқан кемелерді, жер бетіндегі ормандарды, қалаларды көруге рұқсат болады, деуші еді әжей.
Осы жылы патшаның үлкен қызы дәл он беске толды, басқалары (олар тетелес аралары бір жасар) теңіз бетіне шығатын мерзім жеткенше күте тұруға тиісті болды, кенжесі бәрінен де көп күтпек. Бірақ әрқайсысы теңіз бетінде алғашқы күні көргендерінің ішінде не ұнаса, соны басқаларына айтып беруге уәде етті. Оларға әжейдің айтқаны аз көрінді, дүниедегінің бәрін толық білгілері келді.
Теңіз бетіне шығуды бәрінен де көп аңсағаны әлгі өзі момын, ұдайы ойға шомып жүретін кенже перизат еді. Балықтар топ-тобымен қанат-құйрықтарын бұлғап жүзіп жүрген көгілдір теңіз суының арасынан жоғарыға қарап, ашық терезенің алдында қаншама түндерді өткізді десеңізші! Ол тіпті ай мен жұлдыздарды да байқаушы еді: олар, әрине, өте күңгірт көрінетін бірақ бізге көрінгеннен гөрі оған анағүрлым ірі сияқтанатын. Кейде оларды бұлт тәрізді бір алып нәрсе бүркеп қалатын, бірақ оның кит немесе көп адамды кеме екенін пері қызы білуші еді. Ал кемедегі адамдар сонау теңіз шыңырауында әлем сұлуы перінің қызы кеменің түп ағашына аппақ қолдарын созып тұрғанын байқамайтын.
Міне, патшаның үлкен қызы он бес жасқа толып, оған теңіз бетіне шығуға рұқсат берілді.
Ол қайтып оралғанда, қаншама әңгімелер айтылды десеңізші! Оған бәрінен де ай сәулесіне шомылып, құмдақ қайраңға жатып, жағадағы қалаға қарап рақаттану ұнапты: қалада жүздеген жұлдыздай болып шам жанып, музыка ойнап, арбалар тарсылдап, адамдар дабырласып, мұнаралар аспанмен тілдесіп, қоңыраулар сыңғырлайды екен. Ол жерге баруға болмайды, сондықтан қыз сол ғажап көрініске ынтық.
Үлкен апасының әңгімесін кенже қыздың құныға тыңдағанын көрсеңіз! Кешке қарай ашық терезенің алдына тұрып алып, қаракөк су түбінен жоғарыдағы шуылдап жатқан қала туралы ғана ойлады, сонда оған тіпті қонырау сыңғыры да естілгендей болды.
Арада бір жыл өтті, патшаның екінші қызына да теңіз бетіне шығып, қалаған жағына жүзіп баруға рұқсат етілді. Ол судан дәл күн батып бара жатқан кезде сүңгіп шығып, сол сәттегі таңғажайып көріністен артық ештеме жоқ – деп тапты. Аспан балқып жатқан алтындай сәулетті, – деді ол, ал бұлттар ше?.. Осы жерде оның суреттеуге тілі де жетпейді! Алау қызыл, күлгін көк бұлттар аспанда жүйткіп барады, бірақ олардан да жылдамырақ күнге қарай шұбалаң ақ желектей, бір топ аққу самғап барады екен. Пері қызы да күнге қарай жүзгісі келген екен, бірақ күн теңізден асып батып кетіпті де, ал су мен бұлт бетіндегі қызғылт сәуле де өше қойыпты.
Тағы бір жыл өтті, су бетіне үшінші қыз жүзіп шықты. Бұл бәрінен де батыл қыз еді, теңізге құятын кең өзен бойымен жүзіп отырып, жүзім өскен жасыл төбелерді, құстар сайраған әсем тоғаймен қоршалған сарайларды, үйлерді көрді. Күннің жарқырап, қыздырғаны сонша, қыз алаулаған бетін салқындату үшін әлденеше рет суға сүңгуіне тура келді. Кішкентай қойнауда бір топ жалаңаш балалар шомылып жүр екен. Пері қызы олармен ойнайын – деп еді, бірақ балалар одан қорқып қашып кетті де, олардың орнына әлдеқандай бір кішкене аң пайда болып, қызға өршелене үріп айбат шеккені сонша, қыз үрейленіп кейін жүзіп кетті. Ол небары кішкентай күшік еді, бірақ пері қызы бұрын ит көрген емес қой. Үйіне қайтып келіп ол таңғажайып ормандарды, жасыл төбелерді, құйрығы жоқ болса да балықша жүзе білетін әдемі балаларды қайта-қайта есіне алды.
Төртінші қыз аса батыл емес екен, ол көбінесе ашық теңіз бетінде болды, кейін ол: «Ашық теңіз бәрінен де жақсы екен», – деді, Қайда қарасаң да, айнала көз жетер жердің бәрі тек теңіз бен бір орасан шыны күмбездей, теңізге төңкеріліп тұрған аспан. Бұл қыз үлкен кемелерді тек алыстан байқады, сондықтан олар бұған шағаладай болып көрінді, айнала аударылып-төңкеріліп тамаша дельфиндер ойнап жүрді, ал алып киттердің танауларынан фонтан атқылады.
Содан соң бесінші қыздың кезегі жетті, оның туған күні қыс іші еді, сөйтіп, ол басқалар көрмегенді көрді.
Теңіз енді жасыл тартқан, қайда қарасаң да орасан зор моншақтарға ұқсас мұз таулары қалқып жүр, бірақ олар адамдар соққан ең биік мұнаралардан да асқақ еді. Бұл мұз тауларының кейбіреуі жақұттай жарқыраған, тамаша сәулет екен. Қыз осы таулардың ең биігіне отырып алғанда, оның ұзын шашын жел желбіретті, ал теңізшілер бұл тауды қорқа-қорқа айналып өтіп жүрді. Кешке таман аспанды бұлт торлап, найзағай жарқылдап, күн күркіреп, сұр теңіз найзағайдың қызыл сәулесіне шағылысқан мұз тауларын теңселтіп лақтыра бастады. Кемелерде желкендер алынып, адамдар қорыққаннан қалшылдап жүгіріп, қарбалас болып жатты. Пері қызы болса мұз тауының үстінде аспанды жарып өтіп, жалтылдаған теңізге түсіп жатқан найзағайдың ирек-ирек отты жолына қызыға қарап, алысқа жүзіп кете берді.
Сонымен апалы-сіңлілі барлығы алғашқы көргендеріне қайран қалысып жүрді, көргенінің бәрі жаңалық, оларға ұнағаны да сондықтан. Бірақ бұл қыздар бой жетіп, барлық жаққа жүзіп баруға рұқсат алып, тез арада бәрін де көріп, біліп, бір айдан соң: «Барлық жер де жақсы екен, бірақ үйден жақсысы жоқ», – десетін болды.
Кеш сайын апалы-сіңлілі бесеуі бірдей қол ұстасып су бетіне көтеріледі. Оларда адамда жоқ таң-тамаша дауыс бар, – дауыл соғып, кемелерге қауіп төнген кезде, пері қыздары оларға жақындап барып, су асты патшалығының таңғажайып салтанатын айтып ән салып, теңіз түбіне барудан қорықпаңдар – деп адамдарды азғыра бастайды. Бірақ теңізшілер олардың сөзіне түсінбей, бұл тек азынап тұрған дауыл ғой – деп ойлайтын. Дегенмен, олар теңізге түскен күнде де, одан ешбір ғажап нәрсе көре алмас еді, – кеме су түбіне кетіп бара жатқанда, адамдар суға батып, теңіз патшасының сарайына өлі күйінде жететін.
Үлкен апалары қол ұстасып теңіз бетіне қалқып шыққан кезде, кенже перизат олардың соңынан қарап, жападан-жалғыз отыратын да жылағысы келетін. Бірақ перілер жылай алмайды, соның салдарынан қайғы-шерлерін тарқату қиынға түседі.
Шіркін, менің жасым қашан он беске толар екен?
Жоғарыдағы дүниені, ондағы адамдарды аса сүйетінімді білемін! – деуші еді ол.
Ақырында оның жасы он беске толды.
– Міне, сені де өсірдік! Бері кел, басқа апаларың сияқты сені де жақсылап киіндіру керек! – деді ханзада әжесі.
Сөйтіп ол кішкене перизатқа ақ маржанды лала гүлінен тәж кигізді. Оның әрбір жапырағы маржан тастан істелген еді. Онан соң сегіз теңіз бақасына жабыс – деп бұйырды, бұл кенже қыздың алатын құрметті орнының айрықша белгісі еді.
– Ауырып кетті! – деді пері қызы.
– Сұлулық үшін шыдауға болады, – деді кемпір. Шіркін-ай, пері қызы осы киімнің бәрін де, тәжді де түгел қиналмай-ақ лақтырып тастар еді-ау! Өз бағының ал қызыл гүлдері әлдеқайда артық жарасар еді ғой. Бірақ амал қанша!
– Қош болыңдар! – деді де ол әсем толқып, мөп-мөлдір ауа көпіршігіндей болып, жоғарыға көтерілді.
Күн жаңа ғана батқан, бірақ бұлттар әлі жақындай алаулап тұр, ал қызғылт тартқан аспанда кешкі жұлдыздар шыға бастады. Ауа мап-майда, тап-таза, теңіз бейне бір тынып қалғандай. Пері қызы қалқып шыққан жерге жақын үш діңгекті кеме жалғыз желкенін көтеріп қозғалмай тұр. Теңізде үп еткен жел жоқ. Кеме арқандарында, діңгектегі көлденең ағаштарда матростар отыр, палубадан музыка мен ән естіледі, әбден қараңғы түскен кезде кемеде жүздеген түрлі-түсті фонарлар жарқ етті де, ауада барлық ұлттардың жалауы желбірегендей болды.
Перизат кают-компанияның дөңгелек терезелеріне таяп келіп, толқын кемені жоғары тербеген сайын үңіліп қарайды. Кают-компанияға жақсы киінген көп адам жиылыпты, бірақ бәрінен де сымбаттысы он алты жастан аспаған, көзі қарақаттай қап-қара, патша баласы. Сол күні оның туған күнін тойлап жатыр еді, кемедегі салтанат соған арналған болатын. Палубада матростар билеп жатты, оларға патша баласы келген кезде жүздеген ракеталар аспанға ұшып, күндізгідей жап-жарық болып кетті: тіпті пері қызы үрейі ұшып, суға сүңгіп кетіп, көп кешікпей басын судан шығарып алғанда, оған аспаннан теңізге жұлдыздар түсіп жатқандай болды. Мұндай оттың ойнағанын ол еш уақытта көрген емес: үлкен-үлкен күндей шарлар дөңгеленіп, таң-тамаша от балықтар аспанда құйрықтарын серпіп, соның бәрі жап-жарық тынық суға шағылысып жатты. Кемедегі жарық сонша, арқандағы қару-саймандардың бәрі анық, ал адамдар тіпті анық көрінеді. Шіркін-ай, патша баласы неткен тамаша еді десеңізші! Ол жұрттың қолын қысып, жымия күліп тұр, ал музыка болса тынық түнді қақ жарып үдеген үстіне үдей түсті.
Күн кешкіріп қалған кез еді, бірақ пері қызы кеме мен патшаның сұлу баласынан көз айыра алмады. Түрлі-түсті оттар сөніп, ракеталар енді аспанға атылуды қойды, зеңбіректер де гүрсілдемейді, оның есесіне теңіздің өзі азынап, ыңырана бастады.. Оқта-текте кают-компанияға қарап қойып, пері қызы да кемемен бірге толқында ырғалып келеді, ал кеме жүйткіген үстіне жүйткіп, желкендер бірінен соң бірі жазылды. Бірақ толқу басталып, бұлт қоюланып, найзағай жарқылдады. Дауыл соқты да, матростар желкендерді жиып алуға ұмтылды. Жойқын күшті толқын зор кемені шыр көбелек айналдырып, жел оны зымырата қуды. Айнала қап-қара биік су таулары есіп, діңгек үстін басып қалардай қауіп туғызды, бірақ кеме аққу құсап су шоқыларының арасындағы шыңырауға түсіп кетеді де, бірінің үстіне бірі үйіліп, тау болған толқынның бетіне қайта шығады. Мұндай жүзу пері қызына қатты ұнады, теңізшілер мұрнынан шаншылып жатты. Кеме сықырлап, қалың тақтайлары орасан күшті соққыдан майысып, толқындар палубадан асып өтіп жатты.. Міне, бас діңгек шыбықтай болып сынып түсті де, кеме жантайып, трюмге су лап берді. Осы жерде пері қызы кемеге төнген қауіпті түсінді, толқын қуып жүрген бөренелер мен сынықтардан оның өзіне де сақтануға тура келді. Кенет көзге түртсе көргісіз қараңғы түнек болып кетті! Міне, тағы да найзағай жарқ етті де, пері қызы кемедегі барлық адамдарды тағы көрді: әркім өз бетінше қорғанып жанталасуда. Пері қызы патша баласын көруге тырысты, кеме қирап түскен кезде патша баласының батып бара жатқанын көрді. Оның енді теңіз түбіне түсетінін біліп алдымен пері қызы қуанып қалды, бірақ адамдардың суда өмір сүре алмайтынын, егер ол әкесінің сарайына барып түссе де, өлі күйінде түсетінін есіне алды. Жоқ, жоқ, ол өлуге тиісті емес! Өзін мыжып кететінін де ұмытып, ол бөренелер мен тақтайлардың арасымен жүре берді. Кейде тереңге сүңгіп, кейде толқынмен бірге жоғары ұшуына тура келді, міне, ақырында ол буырқанған теңізде жүзуден қалып, әбден әлі құрыған патша баласын қуып жетті. Оның қол-аяғы талып, илікпей, көзі жұмылыпты, егер пері қызы көмекке келмесе, ол өліп те кетер еді. Пері қызы оның басын су бетінен шығара көтеріп толқынның ығымен жүзіп кете барды.
Таңертең толқын басылды. Кемеден бір жаңқа да қалмапты, күн қып-қызыл болып алаулап, су үстіне нұрын тағы төкті, оның жарық сәулесі патша баласының реңін кіргізіп, бетіне қайтадан қан жүргізгендей, бірақ жігіттің көзі әлі жұмулы еді.
Пері қызы оның дымқыл шашын қайырып тастап, айдай жазық әдемі маңдайынан сүйіп алды. Оған патша баласы өзінің бағында тұрған мәрмәр балаға ұқсас сияқты көрінді. Ол оны тағы бір сүйіп, шын ниетімен тірі қалса екен – деп тіледі.
Ақырында, жиек басында аққу құсап ақ қар жатқан, аспанмен тілдескен көкшіл тау көрінді. Дәл жағаның түбінде қалың орман көгеріп, таяу жерде бір үй теңізге төніп тұр. Сірә, шіркеу немесе ғибадатхана болса керек. Үйді айнала апельсин, лимон ағаштары өсіпті, ал қақпа алдында ну пальмалар тұр. Теңіз суы тып-тынық, ақшыл құм жағаға шағын қойнау болып кіріп жатыр. Пері қызы сол жерге жүзіп келді. Ол патша баласын құмға жатқызып, күн сәулесі түссін – деп басын жоғарыға салды.
Сол кезде ақ үйде қоңыраулар соғылып, бау ішіне бір топ жас қыздар жүгіріп келді. Пері қызы судан шығып тұрған биік тастардың үстіне барып отырды да, шашы мен кеудесін теңіз көбігіне көмді, енді оның ақша жүзін ешкім теңіз толқынынан ажырата алмайды. Сөйтіп ол дәрменсіз патша баласына біреу көмекке келер ме екен – деп күтіп отырды.
Көп күткен жоқ, патша баласына бір жас қыз жақындап келіп, алғашқыда шошып қалды, бірақ тез бойын жинап, жұртты көмекке шақырды. Сонан со пері қызы патша баласының тіріліп, айналасында тұрғандардың бәріне жымиғанын көрді. Бірақ пері қызына жымиған жоқ, ол өз өмірін сақтап қалған перінің қызы екенін білген жоқ қой! Перизат мұңайып қалды. Патша баласын үлкен ақ үйге алып кеткен кезде, қайғылы пері қызы суға сүңгіп кетіп, үйіне қайтты.
Ол сөйлемейтін, терең ойда жүретін қыз еді, енді одан бетер ойланатын болды. Теңіз бетінде не көрдің – деп апалары сұрай берді, бірақ ол үн қатпады.
Талай рет ертелі-кеш өзі патша баласын қалдырып кеткен жерге барып жүрді, баудағы жемістердің пісіп, жиылғанын, тау шыңдарындағы қардың еріп жатқанын көрді, бірақ патша баласы көрінбеді, келген сайын мұңайған үстіне мұңайып үйіне қайтып жүрді. Оның жалғыз жұбанышы өз бауында отырып алып, патша баласына ұқсас сұлу мәрмәр мүсінді құшақтау болды. Енді қайтып ол гүлдерін де күткен жоқ, олар өз бетінше өсе берді. Тіпті жолдың үстінде де ұзын сабақтары мен жапырақтары ағаш бұтақтарымен айқасып, күтімсіз бауға сәуле түспейтін боп кетті.
Ақырында пері қызы шыдай алмай барлық жайды өз апаларының біреуіне айтты, сол апасы арқылы патша баласының жайын лезде басқа апалары да естіді. Бөтен ешкім білген жоқ. Рас, екі-үш пері қыздары мен солардың жақын жолдастары ғана білді, олар бұл жайды жұртқа жария еткен жоқ. Пері қыздарының біреуі тіпті кемедегі тойды, патша баласын да көрген екен. Айта берсең, оның патшалығы қай жерде екенін де білетін болып шықты.
– Сіңлім, бірге жүзіп барайық! – деді де, апалы-сіңлілі екеуі қол ұстасып, патша баласының сарайы тұрған жердің жанынан теңіз бетіне жүзіп шықты.
Сарай ашық сары, жалтыр тастан салыныпты. Үлкен-үлкен мәрмәр баспалдақтары бар. Сондай бір баспалдақ теңізге дейін жетіп тұр. Сарайдың алтын жалатқан тамаша күмбездері көзге шалынады. Ал үйді айналдыра салған ұстындардың арасындағы қуыстарға орнатылған мәрмәр мүсіндер тірі адамдар сияқты. Биік айналы терезелердің мөлдір шыныларынан сән-салтанатты бөлмелер көрінеді. Айнала қымбат шәйі перделер, жағалай төселген кілем, ал қабырғаларға көз қызығарлық үлкен-үлкен картиналар ілініпті. Дәу залдың ортасында нән фонтан атқылайды, оның суы залдың шынымен күмбездеп жапқан төбесіне дейін шапшып жатыр. Одан түскен күн сәулесі мол егілген таң-тамаша өсімдіктерді, су бетін нұрландырып тұр.
Енді пері қызы патша баласының қайда тұратынын біліп алды, сөйтіп, ол кешке де, түнде де сарайға жиі жүзіп келіп жүрді. Осы кенже сіңлісі сияқты пері қыздарының бірде біреуі сарайға жақын жүзіп баруға бата алмайтын, кенже қыз тіпті суға ұзын көлеңкесін жайған әдемі мәрмәр балконның дәл астынан ағып жататын жіңішке каналмен де жүретін. Балкон тұсына тоқтап, патша баласына ұзақ телміріп қарап отырады, ал патша баласы ай сәулесі астында жападан-жалғыз отырмын – деп ойлаушы еді.
Желбіреген жалаулармен безенген сәнді қайықтарға мініп, оның музыканттармен бірге серуендеп жүргенін пері қызы талай рет көрді. Пері қызы жасыл қияқты нулардың арасынан сығалап қарап отырады, ал егер жұрт оның желбіреген күмістей аппақ ұзын үлбірек желегін көре қалса, таранып отырған аққу ғой – деп ойлар еді.
Түнде балық аулаған балықшылардың патша баласы туралы айтқандарын пері қызы талай естіді, балықшылар патша баласы жөнінде көп жақсы сөздер айтатын. Сонда пері қызы патша баласын толқын допша лақтырып, шала-жансар етіп қойған жерінен құтқарып алғанына қуанып, оның басын кеудесіне қатты қысып, мейірлене сүйгенін есіне алды. Ал патша баласы бұл жайдан ештеңе білмейді, пері қызы тіпті оның түсіне де кірмейді.
Пері қызы адамдарды жақсы көрген үстіне жақсы көре береді, адамдарды көруге ынтық болған үстіне ынтық бола түседі. Оған адамдар дүниесі перілер дүниесіне қарағанда кеңірек сияқты болып көрінеді: адамдар кемеге мініп теңізден жүзіп өте алады, бұлтпен тілдескен сеңгір тауларға шыға алады, олар меңгерген жердегі орман, даланың ұшы-қиыры жоқ. Пері қызы адамдар жайлы көп білгісі келді, бірақ оның сұрақтарының бәріне апалары жауап бере алмады, сонда ол әжесінен сұрады. Кемпір «жоғарғы дүниені» жақсы білуші еді, ол мына теңіз үстінде жатқан жерді солай әділ атайтын.
– Суға кетпейтін адамдар мәңгі-бақи өмір сүре ме? Мына теңіз түбіндегі біз құсап олар өліп қалмай ма? – деп сұрады пері қызы.
– Тіпті олай емес! – деді кемпір. Олар да өледі. Олардың өмірі біздікінен де қысқа. Біз үш жүз жыл өмір сүргенімізбен, өлген кезімізде теңіз көбігіне айналамыз, жақындарымыздың қасына жерлейтін моламыз да болмайды. Бізде мәңгілік жан жоқ, біз тәнімізбен бірге өлеміз. Мына тұрған қияқ қамыс сияқтымыз, тамырымен қоса суырып алсаң қайта көгермейді ғой. Ал адамдардың мәңгі бақи жасайтын жаны бар, адам өліп денесі топырақ болған кезде де, жаны кеудесінен ұшып шығып, мөлдір аспанға, жарқыраған жұлдыздарға барып, мәңгі жасай береді. Адамдар тұратын жерді теңіз бетіне жүзіп шығып көретініміз сияқты, олардың жаны да белгісіз бейіште, біз еш уақытта көре алмайтын биікке ұшып барады!
– Шіркін-ай, неге біздің мәңгілік жанымыз жоқ екен! – деп күрсінді пері қызы. Кейін аспан жұмағының ләззатын тату үшін жүздеген жылдық өмірімді адам өмірінің бір күніне айырбастар едім.
– Далбасаң құрысын! Мұны ойыңнан шығар. Жер бетіндегі адамдардан біз әлдеқайда жақсы тұрамыз, – деді кемпір.
– Шынымен-ақ, мен де өлген соң теңіз көбігіне айналып, қайтып толқынның музыкасын есіте алмаймын ба, шынымен, әсем гүлдерді, отты күнді көре алмаймын ба? Шынымен-ақ, мәңгілік жан таба алмаймын ба?
– Таба аласың, – деді әжесі. – Егер адамдардың біреуі сені әкесі мен шешесінен артық көріп сүйсе, егер саған жан-тәнімен беріліп, бір-бірімізге мәңгі-бақи адал доспыз – деп неке қидырса, сонда оның жаны сенің тәніңе өтіп, сен де адамдар көретін рақатты, аспан жұмағын көресің. Сол адам саған жан беріп, өз жанын да сақтап қалады. Бірақ саған бұны көру жоқ: бізде сұлулық белгісі болып саналатын балық құйрығы адамдарға сөкет көрінеді. Олар сұлулықтың не екенін жақсы түсінбейді ғой. Олардың ойынша «аяқ»деп аталатын икемсіз екі таянышсыз сұлу бола алмайсың.
Пері қызы ауыр күрсініп, өзінің балық құйрығына мұңая қарады.
– Ойнап-күліп, мәз болып ғұмыр кеше берелік! – деді кемпір. Үш жүз жыл өмірімізді армансыз сайрандап өткізейік, бұл аз мерзім емес! Өлген соң демалыс рақат болып көрінеді. Бүгін кешке сарайымызда сауық болады!
Жер үстінде болып көрмеген сән-салтанат! Орасан зор би залының қабырғалары мен төбесі қап-қалың, бірақ мөп-мөлдір шыныдан істелген, қабырғаларды жағалай ішінде көкшіл от бар қызғылт, жасыл шоп түстес жүздеген үлкен ұлу қабыршақтары жатыр. Сол оттар бүкіл залды жарық қылып, шыны қабырғалардан өтіп, теңіздің өзін нұрландырып тұр. Кейде ал қызыл, кейде алтынды немесе күміс түсті қабыршақтары жалтылдаған үлкенді-кішілі балықтар топ-тобымен үйдің жанына жүзіп келгені көрінеді.
Зал ортасынан су толқыны шалқып ағады, онда су перілері мен пері қыздары таңғажайып ән салып, билеп жүр. Адамдарда мұндай керемет әдемі дауыс болмайды. Кенже перизат әнді бәрінен жақсы салып, оған бәрі де қол шапалақтады. Еш жерде теңізде де, жер бетінде де, ешкімнің өзінің даусындай әсем даусы жоқ екенін ойлаған кезде пері қызы бір сәтке шаттанып қалды. Бірақ қайтадан су үстіндегі тіршілікті, сұлу патша баласын ойлап, өзінің мәңгілік жаны жоқ екеніне қайғырды. Кешікпей ол ешкімге білдірмей сарайдан шығып кетті де, басқалар ән салып, көңілденіп жатқан кезде, өз бауына барып мұңайып отырды, судың қалың қабаты арқылы оған музыка үні естіліп жатты. Сонда ол: «Ол қазір тағы да қайыққа мініп серуендеп жүрген шығар! О, менің сүйіктім! Оны әке-шешемнен де артық көремін! Қиялымда ұдайы сонымен біргемін, бақытымды, барлық өмірімді шын ықыласпен соған тапсырар едім! Сол үшін және мәңгілік жан үшін мен қандай қиыншылық болса да төзер едім! Апаларым әкейдің сарайында билеп жүргенде теңіз мыстанына барайын. Мен одан әрдайым қорқушы едім, бірақ ол қазір маған бір ақыл айтып, көмек берер».
Сөйтіп пері қызы өз бауынан шығып, долданған сарқырамаға қарай жүзді, оның ар жағында мыстан кемпір тұрушы еді. Пері қызы бұрын бұл жолмен бірде-бір рет жүзіп көрген емес-ті. Мұнда гүлдер де, тіпті су балдырлары да өспейді, айнала тегіс сұп-сұр құмдақ. Сарқырамадағы су диірмен дөңгелегіндегі су құсап бұрқырап, сарқырап, жолында кездескеннің бәрін тереңге ағызып әкетіп жатыр. Пері қызына сол ақырып жатқан сарқырамалардың арасынан өтуге тура келді. Содан соң мыстанның үңгіріне баратын жолда көбіршіктенген ыстық лай тұнба басқан кең жазық кездесті, бұл жерлерді мыстан өзімнің шым тезекті батпағым деуші еді. Сол даладан ары бір құбыжық орман қоршаған мыстанның үңгірі көрінді: айнала ағаштар мен бұталардың орнынан тура алдынан шыққан жүз басты жыландардай жартылай өсімдік, жартылай жәндік бір жерде тұрып өсетін теңіз жануарлары полиптер өсіпті, бұтақтары жалқаяқ басқан ұзын қолдарға ұқсас, саусақтары құртша ирелендейді. Жабысқақ полиптер бір минут те тынбай түбінен басына дейін барлық бұтақтары қимылдап, иілгіш қысқаштарменен неге кезіксе соның бәрін қысып алып, қолға түскенді қайтып босатпайды. Пері қызы үрейлене тоқтады, қорыққанынан жүрегі лүп-лүп етеді. Ол тіпті кері қайтып кетпекші еді, бірақ патша баласы, мәңгілік жан есіне түсіп, қайтадан ерлік пайда болды. Жабысқақ полиптер іліп қалмасын – деп ұзын шашын басына айналдыра орап алып, қолын кеудесіне айқастыра ұстап, ирелеңдеп қысқаштарын созып тұрған құбыжықтардың ара-арасымен балықша жүзді. Ол сол құбыжық жабысқақтардың ұстаған нәрселердің бәрін темір қысқашпен қысып тұрғандай қарысып қалғанын көрді. Суға кеткендердің аппақ сүйектері, кеме рульдері, жәшіктер, жәндік қаңқалары, тіпті бір пері қызы да бар. Жабысқақтар оны ұстап алып буындырып өлтіріпті. Бұл, шынында, бәрінен де қорқынышты еді!
Міне, пері қызы ормандағы батпақты алаңға жетті. Онда жиіркенішті ақ сары қарындарын жарқыратып сеп-семіз үлкен-үлкен су жыландары шапшып тұр. Алаңның ортасында адам сүйегінен соғылған үй тұр, үйде теңіз мыстаны кішкене сары шымшықтарға адамдардың қант бергені сияқты, аузымен бір бақаны тамақтандырып отыр. Жексұрын семіз жыландарды ол: «Кішкентай ғана балапандарым», деп өзінің абажадай кедір-бұдыр кеудесіне жорғалата береді.
– Білемін, білемін сенің неге келгеніңді, – деді теңіз мыстаны пері қызына. –Далбасалап жүрсің! Мейлі, мен сенің тілегіңді орындайын. Өйткені бұл сені шерменде етеді, сұлуым! Сен балық құйрығы орнына екі таяныш алып, адамдар құсап жүрмекшісің ғой, жас патша баласы мені сүйсе, мен оған, оның мәңгілік жанына ортақ болсам дейсің ғой!
Осыны айтып, мыстан қарқылдап, ырсия күлгені сонша, үстіндегі бақа менен жыландар құлап түсіп, құмда серейіп-серейіп жатты.
– Мейлі, сен дер кезінде келдің! – деп жалғады сөзін мыстан. – Ал егер ертең келгеніңде, кеш болатын еді. Онда саған келесі жылға дейін жәрдем бере алмайтын едім. Мен саған дәрі дайындаймын, сен соны алып күн шыққанша жағаға жүзіп барып, сол жерде отырып дәріні ақырғы тамшысына дейін қалдырмай ішесің. Сонда сенің балық құйрығың екіге бөлініп адамдар айтқандай, әдемі аяқ пайда болады. Бірақ аяқтарыңның ауыратыны соншалықты, саған біреу қанжар сұғып алғандай болады да тұрады. Оның есесіне сені көрген жанның бәрі өмірде ешқашан да сендей сұлу көрген жоқпын дер! Сенің жүрісің, бұрынғысынша жеңіл, толқымалы күйінде қалады, бірде-бір биші сенімен тең келе алмайды, бірақ біліп қой, әрбір аттаған сайын аяғың өткір пышақ жүзін басқандай ауыратыны соншалық қаны сорғалап тұрғандай болады. Осының бәріне көнуге келіссең, мен тілегіңді орындаймын.
– Мақұл! – деді пері қызы даусы дірілдеп, патша баласымен мәңгілік жанды ойлап тұрып.
– Тағы да мынаны біліп қой, – деді мыстан, – егер сен адам бейнесіне енеді екенсің, еш уақытта қайтып пері қызы бола алмайсың. Сен екінші қайтып апаларыңды, әкеңнің сарайын көрмейсің. Егер де патша баласы сені, өз ата-анасынан артық көріп сүймесе, жан-тәнімен беріліп, саған үйлену үшін неке қидырмаса, сен мәңгілік жанға ие бола алмайсың. Ал егер ол басқа біреуге үйлене қалса, онда олар некелескен таңнан қалмай сенің жүрегің күл-парша болып, өзің теңіз көбігіне айналасың.
– Мейлі! – деді де, пері қызы өліктей боп-боз болып кетті.
– Оның үстіне сен менің көмегім үшін ақы төлеуің керек! – деді мыстан. – Мен арзан алмаймын. Мұнда, теңіз түбінде сенің даусыңнан әдемі даусы бар ешкім жоқ, сен болсаң өз даусыңмен патша баласын елжіретпекшісің, бірақ сол даусыңды маған беруге тиістісің. Қымбат бағалы дәрім үшін мен сенің ең жақсы нәрсеңді аламын: мен ол дәріні қылыш жүзіндей өткір ету үшін, өз қанымды қосып істеймін ғой.
– Егер сен даусымды алып қойсаң, менің нем қалады? – деді пері қызы.
– Әсем жүзің қалады, толқымалы сұлу жүрісің, үнсіз сөйлейтін көзің адам жүрегін бағындыру үшін осының өзі жетіп жатыр. Жә, болды, қорықпа, сен тілінді шығарасың, мен сиқырлы дәрім үшін оны кесіп аламын.
– Мейлі! – деді пері қызы, – көндім.
Сонымен мыстан дәрі қайнату үшін қазанға от жақты.
– Тазалық, ең бірінші сұлулық, – деп мыстан қазанды тірі жыландармен сүртіп, өз кеудесін тырнап жіберіп еді, қазанға қап-қара қан тамшылай бастады, кешікпей бу көтеріліп қарауға қорқынышты кереметтер құбылып тұрды. Мыстан қазанға дамыл-дамыл жаңа қоспа тастап отырды, дәрі қайнаған кезде крокодилдің жылағанына ұқсас дыбыс шықты. Ақыры дәрі дайын болды, түрі мөп-мөлдір суға ұқсас.
– Мә, ал! – деп күңк етті мыстан, енді не ән сала алмайтын, не сөйлей алмайтын пері қызына дәріні беріп жатып.
– Менің орманыммен кері қарай жүргенде, жабысқақтар сені ұстап алғысы келсе, мына дәрінің бір тамшысын шашып жібер, сонда олардың қолдары мен саусақтары күл-талқан болады, – деді мыстан.
Бірақ пері қызы өйтіп әуре болып жатпады, өйткені оның қолындағы жарқыраған дәріні көріп, жабысқақтар үрейлене теріс айналды. Пері қызы орманнан тез жүзіп өтіп, батпақты ойпаңнан да, бұрқаған сарқырамадан да өтті.
Міне, әке сарайы көрінді, үлкен залдағы оттар сөнген. Сірә, бәрі ұйықтап жатса керек. Пері қызы сарайға кіруге бата алмады. Ол енді тілсіз мақау ғой, оның үстіне туған үйін мәңгі-бақи тастап кетпекші. Қапа мен қайғыдан жүрегі қарс айрылғандай болды. Ол зып беріп бауға кіріп, әр апасының гүлінен бір-біреуден жұлып алып, туғандарын қиялымен мың мәртебеден сүйіп, қара көк суды қақ жарып жоғары көтеріле бастады.
Ол патша баласының сарайын көріп, айдың сиқырлы көкшіл сәулесіне малынған сәнді мәрмәр баспалдақтың төменгі сатысына отырған кезде, күн әлі шыққан жоқ еді. Пері қызы отты, өткір дәріні ішіп салды, сонда оған нәзік денесін екі жүзді қанжар тіліп өткендей болды, ол есінен айрылып талып жатты. Ол теңіз үстіне күн нұрын төгіп тұрған кезде оянып, бірден денесінің шаншып ауырғанын сезді, оның есесіне қарсы алдында жас сұлу патша баласы қарақаттай көздерін қадап өзіне қарап тұр екен. Пері қызы көзі тайып төмен қарап еді, балық құйрығының орнына жас баланың аяғындай әдемі аппақ екі аяқ пайда болғанын көрді. Бірақ ол анадан туғандай жап-жалаңаш еді, ол жылдам ғана ұзын қалың шашымен үстін бүркеп алды. Патша баласы одан: «Кімсің, мұнда қалай келдің», – деп сұрады, бірақ пері қызы тек әдемі қара көзімен мұңая қарады, сөйлеуге тіл жоқ. Сонда патша баласы оны қолынан ұстап сарайына алып барды. Мыстан рас айтқан екен: әрбір аттаған сайын ине кіргендей немесе өткір пышақ басқандай ауыртты, бірақ ол қиналғанын білдірмей, патша баласымен қол ұстасып, ырғала басып, айдай жарқырап келе жатты. Патша баласы мен оның қасындағылар қыздың әдемі ырғақты жүрісіне таң қалды.
Пері қызына ең қымбатты үлбірек жұқа матадан және жібектен тігілген киімдер кигізді. Сонда патша сарайында одан асқан сұлу болмады, бірақ бұрынғысынша тілсіз күйінде қалды – ән сала алмайды, сөйлей де алмайды. Бір күні жібек пен алтынға оранған өңшең сұлу нөкер қыздар келіп, патша баласы мен оның ата-анасының алдында тұрып ән сала бастады. Бір нөкер әйел әнді бәрінен де жақсы салды, сонда патша баласы қол шапалақтап оған қарап жымиып күлді. Пері қызы қатты мұңайып қалды, бір кезде о да он салушы еді, әлдеқайда жақсы салушы еді ғой! «Шіркін-ай, мәңгі-бақи өзінің қасында болайын – деп даусымнан да біржолата айрылғанымды білер ме еді ол!» – деп ойлады пері қызы.
Сонан соң нөкер қыздар бой балқытқан музыка ырғағымен билей бастады. Сонда пері қызы да әдемі ақ білегін жайып жіберіп, аяғының ұшынан басып, жеп-жеңіл көтеріліп, толықсып билей жөнелді, бұлайша әлі ешкім билеп көрген емес. Әрбір қимылы оның сұлулығын көркейте түсті, оның көзі түсіне білетін жүрекке нөкер қыздар салған әннен де көп жайды айтып тұр еді.
Бұл бишіге бәрі, әсіресе патша баласы керемет қайран болды. Пері қызы жерге аяғы әрбір тиген сайын пышақ басқандай ауырса да билей берді. Патша баласы оған әрдайым менімен бірге боласың – деп, өз бөлмесінің алдында барқыт жастыққа жатуға рұқсат етті.
Өзімен бірге аңға алып жүру үшін оған еркек киімін тіктірді. Олар жас жапырағына құстар қонған, жасыл бұтақтары кішкене салт атты пері қызын иығынан сипалаған хош иісті орманды аралап, биік тауларға өрмелеп шықты, нәзік аяғынан қан тамшылағанына қарамастан, (мұны бәрі көрсе де, пері қызы жарқын жүзбен күліп жүре берді) патша баласымен бірге шыңға шықты: онда олар аяқтарының астында алыс елдерге ұшып бара жатқан құстар тобындай болып қалқып жүрген бұлттарды көріп сүйсінді.
Ал патша баласының сарайына келгенде, жұрттың бәрі ұйықтап жатқанда, пері қызы мәрмәр баспалдақпен төмен түсіп, теңіз жағасына шығып, отша қызып алаулаған аяғын теңіздің суық суына батырып, дария түбінде қалған туыстарын ойлайтын.
Бір күні түнде бір-бірімен қол ұстасып апалары судан шығып, бір мұңды ән салып кетті. Пері қызы бас изеп еді, олар мұны танып, оның өздерін өте қапаландырып кеткенін айтты. Содан бері олар түн сайын келіп тұратын болды. Ал бір түні алыстан тіпті кәрі әжесін көрді, ол көп-көп жылдан бері су бетіне шыққан емес-ті, басында тәжі бар теңіз патшасының өзін де көрді. Олар бұған қарай құшақ жая ұмтылады, бірақ жерге сіңлісі сияқты жақын келуге бата алмайды.
Күн өткен сайын патша баласы пері қызына бұрынғыдан да гөрі үйір бола берді, бірақ оны тіл алғыш сүйкімді жас баладай көріп сүйді. Бірақ оған үйлену, өзінің жұбайы ханым ету оның ойына да келген жоқ. Ал пері қызы оның әйелі болуға тиіс қой, әйтпесе мәңгілік жанға ие бола алмайды емес пе, егер патша баласы басқа біреуге үйленсе, ол теңіз көбігіне айналады да кетеді. «Дүниеде ең жақсы көретінің менмін ғой, рас па?» – деп сұрап тұрғандай болатын пері қызының көзі, оны патша баласы құшып, әдемі маңдайынан сүйген шақтарда.
– Иә, сен маған бәрінен қымбаттысың! – дейтін патша баласы. – Сенің жүрегің дүниедегі ең адал жүрек, сен сияқты маған адал берілген ешкім жоқ және мен бір рет көрген, енді қайтып, сірә, көре алмайтын жас қызға ұқсайсың. Бір жолы мен кемеде келе жатыр едім. Кеме апатқа ұшырап, мені толқындар бір ғажайып ғимараттың жанындағы жағаға шығарып тастады. Ғимаратта жас қыздар құдайға құлшылық етеді екен. Сол қыздардың ең кішісі мені жағадан тауып алып ажалдан құтқарды. Мен сол қызды небары екі-ақ рет көріп қалдым, бірақ дүниеде жалғыз соны ғана сүйер едім. Сен болсаң сол қызға ұқсассың, оның бейнесін сен маған ұмыттырып та бара жатырсың. Ол әулие қыз, ал менің бақыт жұлдызым маған сені жіберіпті, сенен еш уақытта ажырамаймын!
«О дүние-ай! Оны ажалдан құтқарған мен екенімді білмейді ғой! – деп ойлады пері қызы. – Теңіз толқындарынан оны жағаға алып шығып, ғимараттың жанындағы орманға жатқызған мен едім. Өзім сонда теңіз көбігіне жасырынып, оған жәрдемге біреу келер ме екен – деп қарап отырып едім. Әлгі менен артық сүйетін сұлу қызын сонда көріп едім! Пері қызы ауыр күрсінді, ол жылай алмайды. Бірақ ол қыз әулие қыз – деді ғой, ол қыз бұ дүниелік емес, ендеше, олар енді қайтып көріспейді. Мен болсам ұдайы онымен біргемін, күн сайын көремін. Сый-сияпат көрсетіп, оны сүйіп, ол үшін жанымды да қия аламын».
Міне, енді патша баласы көрші корольдің сұлу қызына үйленетін болыпты, сондықтан жолға ең әдемі кемесін жабдықтап жатыр деген сыбыс шықты. Патша баласы көршісіне оның елімен танысқалы барады-мыс, ал шындығында, оның қызын көрмекші екен, көп нөкер ерітеді екен. Осы сыбысты естіп пері қызы басын шайқап, күлетін де: «Патша баласының ойын менен артық білетін ешкім жоқ қой!» дейтін.
– Менің жолға аттануым керек! – деді бір күні патша баласы оған. – Мен ата-анамның талабы бойынша корольдің сұлу қызымен танысуым керек, бірақ туысқандарым мені оған зорлап үйлендіре алмайды, ал мен оны еш уақытта сүймеймін де! Ол мен көрген саған ұқсас қыздай емес қой. Егер қалайда қалыңдық қалау керек болса, онда бәрінен бұрын сені таңдап аламын, менің көзі сөйлейтін тілсіз олжам!
Сөйтіп ол оның ал қызыл ернінен сүйіп, сүмбіл шашымен ойнап, адам бақыты мен мәңгілік жанды соншалықты аңсаған жүрегіне басын төсеп аймалады.
– Сен теңізден қорықпайсың ғой, иә, менің кішкентай әлсіз сәулем? – деді ол, өздерін көрші корольдің еліне апаратын сәнді кемеге жеткен кезде.
Патша баласы оған теңіз сұрапылы, дауыл туралы, теңіз тереңіндегі таңғажайып балықтар жайында, сүңгуірлер көретін ғажаптар туралы айтып берді. Ал пері қызы оның айтқанын тыңдап тек жымия берді, өйткені ол теңіз түбін бәрінен артық біледі ғой.
Бір күні жап-жарық айлы түні, кемені басқарушыдан басқаның бәрі шырт ұйқыда жатқан кезде, пері қызы дәл борттың жанына отырып алып, мөлдір толқындарға қараумен болды. Міне, ол әке сарайын, күміс тәж киіп биікке шығып алып, шайқалған су арқылы кеме түбін байқап тұрған кәрі әжесін көрген сияқты. Көп кешікпей теңіз бетіне пері қызының апалары жүзіп шықты. Олар сіңлісіне мұңая қарап, ақ білектерін бұлғайды, пері қызы болса бас изеп жымия күліп, бұл жерде қандай жақсы екенін оларға айтпақшы еді, бірақ дәл сол кезде жас теңізші келіп қалды да, апалары суға сүңгіп кетті, теңізші толқындағы жалт еткен нәрсе ақ көбік екен деп қалды.
Ертеңіне кеме көрші мемлекеттің сән-салтанатты астанасының айлағына келіп кірді. Қалада қоңыраулар қағылып, биік мұнаралардан кернейлер тартылып, алаңдарда жалтылдаған найза, желбіреген жалаулы солдаттар қаз-қатар тұрысты. Той-мереке басталды, сауық артынан сауық, бірақ король қызы астанада әлі жоқ, ол бір жердегі патшалық әдет-ғұрыптарды үйрену үшін ғибадатханаға тәрбиеге берілген екен. Ақыры о да келді.
Пері қызы оған қадала қарап, ақ еті үлбіреген мұндай сұлу, мұндай сүйкімді жанды көрмегенін мойындауға мәжбүр болды. Ұзын кірпігінің астынан мейірімді қара көздері күлім қағады.
– Сен бе едің бұл! – деп таң қалды патша баласы. – Теңіздің жағасында шала-жансар күйде жатқанымда мені ажалдан алып қалған сенсің ғой!
Ол өзінің ұялып, қызарған қалыңдығын бауырына басып, қатты құшты. – Неткен бақыттымын! – деді ол перизатқа. – Мен арман етуге бата алмаған арманым орындалды! Менің бақытыма сен де ортақсың, мені дәл сендей ешкім де сүймейді ғой!
Пері қызы оны қолынан сүйді, оның жүрегі жарылып паршаланып бара жатқандай болды, ал патша баласының үйлену тойы оны өлтіріп, теңіз көбігіне айналдырып жіберуге тиіс еді.
Шіркеу қоңыраулары соғылып, король қызының ерге шығатыны жайында халыққа жариялап көше-көшемен жаршылар жүр. Барлық шіркеу төрлерінде қымбат бағалы күміс шамдалдарда хош иісті май жанды. Діндарлар хош иісті қара майды шайқады. Күйеу мен қалыңдық бір-біріне қол беріп, епископтың батасын алды. Пері қызы алтындалған жібек киімге оранып, қалыңдықтың ұзын етегін ұстап тұр. Бірақ мерекелі музыканың үнін естімеді, неке қию салты қалай өтіп жатқанын көрмеді, ол өзінің өлім сағаты, өмірмен қоштасатыны жайлы ойлады.
Патша баласы жас әйелімен бірге еліне сол күні кешке жүріп кетуге тиіс еді, зеңбіректер гүрсілдеп, жалаулар желбіреп, кеме палубасында алтын мен қызыл гауһардан асыл шатыр тігіліп, тұтас мамық төселді. Жаңа үйленген патша баласы жас жарымен бұл тынық салқын түнді осы шатырда өткізуге тиіс еді. Міне, желкендерді жел керіп, кеме толқын үстімен жеңіл сырғып, айдынды теңізбен зымырай жөнелді.
Ымырт жабыла кемеде түрлі-түсті көптеген шамдар жағылды. Матростар палубада билей бастады. Пері қызы бірінші рет теңіз бетіне жүзіп шыққанын, сонда дәл осындай сән-салтанат пен ойын-сауықты көргенін есіне алды. Міне, ол лашын қуған қарлығаштай қалқып ұшып, билей жөнелді. Жұрттың бәрі сүйсіне қарап, таң қалысып жатты. Ол еш уақытта мұндай тамаша билеген емес! Әдемі аяқтары пышақ кескендей ауырды, бірақ жан азабын шеккен ол тән азабын елеген де жоқ: ол сүйген адамын ақырғы рет көріп отырғанын білді. Сол адамға бола ол туысқандарын, үйін тастап, әсем даусынан айрылып, күнбе-күн ауыр азапта жүрді. Бірақ мұның бәрін сүйгені білген жоқ. Патша баласымен соңғы түн бір ауамен дем алып, енді өзі үшін кешікпей айсыз-күнсіз, тіршіліксіз мәңгі түн келетінін білген перизат көк теңіз бен жұлдызды аспанды ақырғы рет көруде. Пері қызының мәңгілік жаны жоқ еді ғой және оны таба алмады да. Кемедегі сауық пен музыка түн ортасы ауғанша тынбады. Ал пері қызы кешікпей өлетінін біліп, қайғылы қасіретте жүрсе де күліп-ойнап билей берді. Патша баласы бұл кезде өзінің сұлу әйелін сүйіп тұрған, ал әйелі оның қара бұйра шашын сипалап, ойнады. Сол күйі екеуі қол ұстасып, сәулетті шатырға кетті.
Кемеде тыныштық орнады, тек руль ұстаушы ғана ұйқысыз. Пері қызы бетін шығысқа бұрып, ақ білектерімен бортқа асылып өзіне ажал ала келетін күннің бірінші сәулесін күтті. Кенет ол апаларының теңіз бетіне шыққанын көрді, олар да өзі сияқты боп-боз, бірақ енді олардың желге толықсып тұратын керемет сұлу шаштары жоқ, қырқып тастапты.
Сенің ажалдан құтылуына көмектессін деп біз шашымызды мыстанға бердік. Мыстан бізге мына пышақты берді, көрдің бе өткірін? Күн шықпай тұрып сен пышақты патша баласының жүрегіне сұғып өлтір, сонда оның жылы қаны аяғыңа шапшып, аяғың балық құйрығына айналады да, қайтадан пері қызы боласың, өзің туған теңізге түсіп, үш жүз жыл өміріңді жасамайынша тұзды теңіз көбігіне айналмайсың. Бірақ жылдамырақ! Не ол, не сен екеуіңнің біреуің күн шыққанша өлуге тиіссің! Кәрі әжеміздің қайғысы соншама, қапалықтан ақ шашының бәрінен айрылды, біздің шашымыз болса, мыстанның қайшысымен қырқылды. Патша баласын өлтіріп, бізге қайт! Тез, асық! Көрдің бе, аспандағы қызыл арай таң шапағын. Кешікпей күн шығады да, сен өлесің!
Сөйтіп олар ауыр күрсініп, теңізге сүнгіп кетті.
Шатырдың қызыл күрең етегін көтеріп жіберіп, пері қызы патша баласының кеудесіне басын қойып ұйықтап жатқан сұлу келіншекті көрді. Пері қызы еңкейіп, патша баласының айдай маңдайынан сүйіп алды да, аспанға қарады, таң шапағы шашырай бастапты. Сонан соң ол өткір пышақты бір шолып, патша баласына тағы да қадала қарады, сол кезде ол түс көріп жатып жас әйелінің атын атады. Демек, бұл әйел оның ойынан ұйықтаса да шықпайды екен ғой! Осыны ойлап пері қызының қолындағы пышақ дір-р етті. Бірақ тағы бір сәт зулап өткенде, пері қызы пышақты толқынға қарай лақтырып жіберді, пышақ түскен жер қан жауғандай қып-қызыл болып кетті. Пері қызы сөніп бара жатқан көз жанарымен патша баласына тағы бір қарап, кемеден теңізге секіріп түсіп, денесінің көбікке айналып бара жатқанын сезінді.
Теңіз үстіне күн көтерілді. Оның сәулесі жансыз суық теңіз көбігін аймалай сүйеді, сонда пері қызы өліп бара жатқанын да сезбеді. Ол жап-жарық күнді, өз үстінде қалқып жүрген көптеген әлденедей мөп-мөлдір ғажап елестерді көрді, олардың арасынан кеменің ақ желкендерін, аспандағы ал қызыл бұлттарды көрді. Елестердің даусы музыкадай естіледі, бірақ тым жоғарыдағы асқақ музыка, оны адамдар ести алмайды; бұл бейқам жандарды көре де алмайды. Олардың қанаты жоқ, бірақ салмақсыз мөп-мөлдір күйінде аспанда жүзіп жүр. Міне, енді пері қызы да бірте-бірте солардай болып бара жатқанын, бірте-бірте теңіз көбігінен алыстап бара жатқанын сезді.
– Қайда бара жатырмын? – деді ол өзіне-өзі, әуеге көтеріліп бара жатып, сонда оның даусы адам жанын тебірентерлік керемет бір ғажайып үнмен шықты, ол дауысты жер бетіндегі ешбір музыкамен айтып жеткізе алмас едің.
– Ауа қыздарына барасың! – деді оған әуе жандары. – Пері қызының мәңгілік жаны жоқ, ол оны өзін адам сүйсе ғана таба алады. Оның мәңгілік жасауы бөтен біреудің ықпалына тәуелді. Ауа қыздарының да мәңгілік жаны жоқ, бірақ олар оны игі істерімен табады. Біз ыстық жақтарға, ыстықтан адамдар өліп кетерліктей елдерге ұшып барып салқын түсіреміз. Біз ауаға гүлдердің жұпар иісін шашып, адамдарға қуаныш пен шипа береміз. Үш жүз жыл бойы біз аянбай жақсылық істейміз, сонан соң сол еңбегіміз үшін сыйға мәңгілік жан алып, тек адамдарға ғана тән мәңгілік жұмаққа біз де барамыз. Бейшара пері қызы, сен де бар жан-тәніңмен соған тырыстың, ғашық болдың, азап шектің, бізбен бірге бұлттың ар жағындағы аспан дүниесіне көтеріл: енді сен мәңгілік жанды игі істеріңмен өзің табасың, үш жүз жылдан соң табасың!
Сонда пері қызы өзінің көзге көрінбес мөлдір қолын күнге созды, бірінші рет көзінен жас шықты.
Кемеде бұл кезде қайтадан қимыл басталыпты, жаңа үйленгендердің пері қызын іздеп жүргенін көрді. Жаңа үйленгендер пері толқынға сүңгіп кеткенін білгендей-ақ, лықсып жатқан теңіз көбіктеріне мұңая қарасады. Пері қызы көзге көрінбей келіп, жас жігіттің маңдайынан сүйді, патша баласына қарап жымиды, сөйтіп, ауа қыздарымен бірге аспанда жүзіп жүрген ал қызыл бұлттарға қарай ұшты.
– Үш жүз жылдан кейін біз дәл осылайша жұмаққа ұшамыз!
– Мүмкін, одан ертерек барармыз! – деп сыбырлады әуе қыздарының бірі. – Біз көзге көрінбей балалы адамдардың үйіне ұшып барамыз, сонда әке-шешелерін қуантарлық, олардың сүйіспеншілігіне тұрарлық тіл алғыш тәуір балалар көрсек, қуанамыз, сонда біздің сын мерзіміміз қысқарады. Біз үйге ұшып кіргенімізде, бізді бала көрмейді, сонда біз қуанып, күлсек, біздің үш жүз жылымыздан бір жыл кемиді. Ал егер тілазар жаман бала көрсек күйіне жылаймыз да, әрбір тамшы көз жасымыз біз сыналар ұзақ мерзімге күн үстіне күн қоса бермек.
Аударған Ш. Мұртазаев
Суретші Кристиан Бирмингем