Аңдарды үркіткен тышқан — Ертегілер

0

Жолбарыс тасада тығылып жемтігін күтіп жатты. Жылдам жүгіріп келе жатқан сілеусінді көрді.

— Неден қалдың, қайда бара жатсың? — деді.

Сілеусін сәл демалып жан-жағына қарап:

— Мені арыстан қуып келеді. Сен де жем боларсың, қаш! — деді. Мұны естіген жолбарыс та сілеусінмен қабаттаса қашып келе жатып, түйеқұсқа кезікті. Ол:

— Кімнен қашып келесіңдер? — деді түйеқұс.

— Арыстан аш екен, аңның бәрін қуып келеді — деді олар. Бұларға сеніп түйеқұс қарасын көрсетпей кетті. Алдынан басы қазандай ақырып арыстан шыға келді. Ол:

— Сендер неге атша шауып келесіңдер? — деді. Қорыққаннан ешқайсысы үндемеді.

— Ареке!, бұлар сізден қашып келеді — деп түлкі мазақ етті.

— Мен сендерді қуып келе жатқаным жоқ, өзім пілден қашып жүрмін, — деп арыстан арсылдап бір күліп алды. Аңдар түсінбей аң-таң. Ақ шаңды бұрқыратып піл келіп жетті. Тұмсығын лақтырып, жерді тепкілеп, шыңғырды. Талды тамырымен жұлып, лақтырды. Пілге жақындауға қорқып, бәрі жиналып керікті жіберді. Бойын керіп, өткір көзімен қарап, жалын тарап, мойнын бұрып, тілімен жапырақ жалап, пілге қарап:

— Сіздің бір жеріңіз ауырды ма? — деді.

Піл:

— Мен су ішіп тұрып бір тышқанды көрдім. Ол менің құлағыма кірді.

Піл тағы шу шығарды. Сол кезде кішкентай тышқан пілдің құлағынан атып шықты. Күні бойы бір-бірінен қашып, шаршаған жолбарыс, сілеусін, арыстан, түйеқұс ашуы кеп, тышқанды қуа жөнелді. Ал тышқан болса сол жердегі бір інге кіріп кетті.

Берік Алтынай Айбекқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: