Қызылордада «Бизнес-мектеп» аясында 368 жоба қаржыландырылды

0

Жалпы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде «Бизнес-мектеп» оқу курстарын 1363 қызылордалық аяқтап, нәтижесінде жалпы құны 839,608 млн. теңгені құрайтын 368 жоба қаржыландырылды.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясындағы «Бизнес-кеңесші» оқу курсы қызылордалықтардың арасында үлкен сұранысқа ие деп хабарлайды Қызылорда облысы бойынша zakon.kz тілшісі.

Бүгінде аталмыш курсқа қатысып, өз ісін бастаған азаматтар ел ішінде жетерлік. Олардың қатарында қала маңындағы Талсуат елді мекенінің тұрғыны Айсұлу Боранбаева да бар. Ол оқу курсына қатысып, бизнес-жоспарын әзірлеп, нәтижесінде ауылдық округте нан пісіру цехын ашты.

«Қазір ауылды нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз, шүкір, сұраныс жоғары. Сондықтан ендігі кезекте наубайханамызды кеңейтуді де ойластырудамыз. Наннан өзге кекс, рогалики, торттарды пісіріп жатырмыз», — дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан алған 4 млн.теңге несиеге наубайханаға қажетті нан пісіретін пеш пен ұн илейтін құрал және дайын өнімді тарататын көлік сатып алады. Шағын наубайханада күніне 400 бөлкеге дейін нан пісіріп, кәсіпкер өнімін жергілікті дүкендерден өзге көршілес Айнакөл, Қаракөл ауылдарына да өткізеді. Тапсырыспен тоқаш, самсаларды да әзірлейді.

Облыстық кәсіпкерлер Палатасының баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылдың 9 айында Қызылордада «Бизнес-кеңесші» оқу курсы бойынша 1191 азамат оқытылды. Оған қоса «Бизнес-өсу» жобасы аясында 107 адам, «Тәлімгерлік оқыту» бойынша 65 адам өз білімдерін жетілдірді.

Жалпы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде «Бизнес-мектеп» оқу курстарын 1363 қызылордалық аяқтап, нәтижесінде жалпы құны 839,608 млн. теңгені құрайтын 368 жоба қаржыландырылды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!