Павлодар облысында АИТВ жұқпасының 3 мыңдай жағдайы анықталған
Өңірде жыл сайын тұрғындардың 14 пайызы яғни, 120-130 мың адам тексеруден өтеді екен. Әр адам өзінің АИТВ-статусын анықтай алады. Мұндай шара арқылы дертті дер уақытында емдеуге жол ашылады.
Облыс орталығындағы Бектұров көшесі, 50-үйде орналасқан облыстық жұқтырылған иммунитет тапшылығы синдромының алдын алу және күресу жөніндегі орталығында тест тапсыруға болады.
АИТВ жұқпасын жұқтырғандардың ішінде 485-і — ЖИТС (жұқпалы иммунитет тапшылығының синдромы) дертімен ауыратындар да бар.
Жалпы, біздің өңірде 757 мың адамның ішінде АИТВ жұқпасының 2890 жағдайы тіркелген. Яғни,өңірдегі адам санының аздығына байланысты көрсеткіш те жоғары көрінеді.
Орталық мамандарының айтуынша, бұл дерт жыныстық қарым-қатынас кезінде жұғады.
Диспансерлік есепте тұрған адамдардың 80 пайызы ем шараларын қабылдауда. АИТВ жұқпасы қан арқылы, жыныстық қатынас кезінде және анадан-балаға беріледі. Адам белгіленген уақытта, белгілі мөлшерде дәрі қабылдаса, өзгелерге жұқтыру қаупі төмендейді. Емделушілердің арасында жастар да, ересектер де бар.
Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында арнайы сенім пункттері бар көшпелі көліктер жұмыс істейді. Медбикелер тұрғындар арасында адам саусағы арқылы экспресс-тест алып, тексеру жүргізеді. Соңғы уақытта сілекей арқылы тест алу әдістері де шықты.
Сақтанса-сақтайды. Соныдқтан індеттің алдын алу бағытында түрлі шаралар да өткізіледі.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Дереккөз: http://egemen.kz/