Жылқының қозғалыс аллюры: Желіс түрлері

0

Желіс – аяңнан гөрі өнімдірек жүріс. Желісті аттың алдыңғы екі аяғының басымы ауыс, артқы екі аяғының басымы тең сияқты болып көрінеді. Ерте де жаугершілік заманда үйретілген қазақ жылқысы сар желіспен тәулігінде 100 шақырым жерді жүріп өтетін болған. Шабыспен мұндай алыс жолды ала алмайды.

● Ит бүлкек. (Бүлкіл) – Атпен ұзақ жолға шыққан адам ит бүлкекпен жүреді. Бұл жүрістің артықшылығы – ат шаршамайды һәм жүрісі өнімді келеді. Нақтырақ айтқанда, сағатына 13-15 шақырым жүріп тастайтын желістің ең қарапайым түрі.

● Жортақ – Бұл жүрістің ерекшелігі – жылқының алдыңғы аяқтары бүлкектеп, екі артқы аяғы жортақтайды. Яғни, артқы екі аяғын шадырлай тастап сауырын екі қапталға кезек лақтыра қозғалады.

● Қоян шоқырақ – Жылқы секіріп желіп, текіректеп барып жүрісінен танып отырады. Алдыңғы екі аяғын қоян сияқты секіртіп қайшылап немесе тең тастайды.

● Сар (зар) желіс – Сар желіске үйренген жылқы жүрісінен ешқашан танбайды. Бұл арнайы жаттықтырылған желісті жылқы тұқымдарына тән. Мұндай шапшаңдықпен сағатына 30-40 шақырымға дейін жүруге болады. Бірақ үйретілмеген жылқы сар желіске ұзақ төзе алмайды.

● Бөкен желіс – Бөкен желісті жылқы тым аз болады. Бұл жүріске шапқан аттың өзі әрең ілесіп отырады. Құлаштап басады. Бөкен желіс ұзақ жолға ұтымды. Сар желіске қарағанда аттың қозғалысы жайлы, тыныштау келеді.

● Қойыртпақ желіс – Қойыртпақ желісті жылқы көп кезіге бермейді. Бұндай жылқының ерекшелігі – жорға мен желістің аралық жүрісіне бейім болады. Сондықтан, қойыртпақ желіс аталған. Жүрісіне келсек, жылқының алды желіп, арты жорғалайды. Қойырптақ желісті жылқы жүргенде басын жерге салып, мойнын созып жібереді. Қаттырақ желгенде алдыңғы аяғы иек сүйегіне тиюге шақ қалады да, артқы аяғы төсін жалап отырады. Егер қойыртпақ желісті жылқы тағалы болса, артқы аяғы төсін жарақаттауы әбден мүмкін.

Аяң түрлері туралы оқығыңыз келсе

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/