Ризықты қалай арттыруға болады?

0
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

Ризықты қалай арттыруға болады?

 

СҰРАҚ: Мұсылман адамға ризық-несібесін молайтуға себеп болатын нәрселер бар ма?

 

ЖАУАП: Алла Тағала және Оның Елшісі (с.ғ.с.) бізге ризықты арттыратын нәрселерді баяндап берген. Ол үшін төмендегі себептерді жасап, оған сай әрекет ету керек:

1) Тақуалық әрі Алладан шынайы қорқу. Алла Тағала Құранда былай дейді:

وَمَن يَتَّقِ ٱللَّهَ يَجۡعَل لَّهُۥ مَخۡرَجٗا ٢وَيَرۡزُقۡهُ مِنۡ حَيۡثُ لَا يَحۡتَسِبُۚ وَمَن يَتَوَكَّلۡ عَلَى ٱللَّهِ فَهُوَ حَسۡبُهُۥٓۚ إِنَّ ٱللَّهَ بَٰلِغُ أَمۡرِهِۦۚ قَدۡ جَعَلَ ٱللَّهُ لِكُلِّ شَيۡءٖ قَدۡرٗا ٣

«Ал кім Алладан қорықса, оған (қиындықтан) шығар жол жасайды. Әрі (Алла) оған ойламаған жерден ризық береді. һәм кім Аллаға тәуекел етсе, Ол оған жеткілікті! Шындығында, Алла – Өз ісін (ақырына дейін) жеткізуші. Алла әрбір нәрсенің мөлшерін белгілеген»[1].

2) Туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болу. Әнас ибн Мәліктен жеткен риуаятта ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын естідім дейді: «Кімде-кім ризық-несібесінің молаюын әрі өмірі ұзақ болуын қаласа, туыстарымен қарым-қатынасын үзбесін»[2].

3) «Истиғфарды»[3] көп айту. Алла Тағала Құранда:

فَقُلۡتُ ٱسۡتَغۡفِرُواْ رَبَّكُمۡ إِنَّهُۥ كَانَ غَفَّارٗا ١٠يُرۡسِلِ ٱلسَّمَآءَ عَلَيۡكُم مِّدۡرَارٗا ١١وَيُمۡدِدۡكُم بِأَمۡوَٰلٖ وَبَنِينَ وَيَجۡعَل لَّكُمۡ جَنَّٰتٖ وَيَجۡعَل لَّكُمۡ أَنۡهَٰرٗا ١٢

«Һәм (оларға) былай деді: «Раббыларыңнан кешірім сұраңдар, расында, Ол Аса Кешірімшіл! (Сонда) (Алла) сендерге аспанды [жаңбырды] нөсерлете жібереді, һәм сендерді мал-мүлікпен және балалармен қолдайды да, сендер үшін (жер бетінде) бақтар жасайды әрі сендер үшін өзендер жасайды»»[4] — дейді.

4) Дұғаны көбірек жасау.Әли (р.а) жеткен риуаятта оған бір «Мукатиб»[5] келеді де: «Мен мына келісімді ары қарай жалғастыруыма шамам келмей жатыр, маған көмектес» деп сұрайды. Әли (р.а.): «Мен саған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) маған үйреткен сөздерді үйретейін бе? Егер сенің таудай қарызың болса да, (ол дұғаны айтып жүрсең) Алла қарызыңнан құтқарады. Ол:

اللَّهُمَّ اكْفِنِي بِحَلَالِكَ عَنْ حَرَامِكَ، وَأَغْنِنِي بِفَضْلِكَ عَمَّنْ سِوَاكَ

«Аллаһуммә әкфини бихаләликә ән харамика уә ағнини би фадликә аммән сиуакә».

«Я, Раббым! Мені халалға қанағат етіп, харамдардан сақтанатын ете гөр және ұлылығыңмен Сенен басқаға мұқтаж болудан сақтай гөр» — деп айтуың»[6] — дейді.

 

 

[1]«Талақ» сүресі, 2-3 аяттар.

[2]Бұхари риуаяты.

[3]Яғни, Аладан кешірім сұрап, өзіне жарылқау тілеу.

[4]«Нұһ» сүресі, 10-12 аяттар.

[5]Қожайынымен белгілі қаражатқа бас бостандығын алуға келісім жасаған құл.

[6]Термизи риуаяты.


Fatua.kz