АЛ, АЛАМАН БАСТАЛДЫ |
Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, жоба жетекшісі
«Сүйінші» деген сөзге тау елітіп, тас егіліпті» дейді бағзыда. Біреу «сүйінші» сұраса, сүйінбейтін жан кем де кем шығар. Ендеше, сүйінші, қазақ! Қазақ әдебиеті үлкен айдынға бет алды. Нақтылай айтсақ, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне: ағылшын, араб, француз, испан, қытай, орыс тіліне аударылып жатыр. Әрине, қай елдің ақын-жазушысы болсын, алдымен өз оқырманын ойлайды, өз оқырманының ықыласына бөленгісі келеді. Жапон жазушылары, тіпті, әлемге түсінікті болудың «әлегінен» қашып, өзінің ішкі дүниесінде қалғанды қалайды. Әйтсе де, әдебиет – адамзатқа ортақ рухани құндылық. Сондықтан әр замандағы дәуір әдебиетінің көшіне ілесуге әркім үмітті. Сондай үлкен үміт жетегіндегі әдебиет – қазақ әдебиеті. Өкінішке қарай, қазақ әдебиеті үлкен кеңістікке шыға алмай келген еді, енді міне, орайлы сәт туды: қазақ ақындары мен жазушылары шырын шығармаларын алты тілдің оқырманына ұсынуда. Ал, аламан басталды… Сілкін, қазақ!
Сөз реті келген соң айта кетейік, әдебиетіміздің дамуына, өркендеуіне, жер-жаһанға танылуына мұрындық болып жатқан ұйым – Ұлттық аударма бюросы. Бұл жоба Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге аса бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі.
Жобаға қатысушы елдер: Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей және Қытай аудармашылары мен әдебиетшілері, Аударма және баспа ұйымдарының өкілдері шығармалары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлармен кездесу үшін Қазақстанға арнайы сапармен келді. Биылғы жылға аударманың көркемдік сапасын арттыруға бағытталған бірқатар арнаулы шаралар жоспарланған екен. 14 қаңтарда Астанада,16 қаңтарда Алматыда сол шаралардың алғашқы жиындары өтті. Жиында Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытайдан келген аудармашылар мен әріптес ұйымдардың өкілдері жұмыс барысы жайлы баяндамалар жасап, авторлармен пікірлесті. Аударма – қотарма емес, ыждаһаттылық пен білімдарлықты, табандылықты талап ететін өнер. Оның үстіне бір тілдегі ой, дүниетаным, әдет-ғұрып, салт-сана, көркемдік әлем екінші тілге со қалпы көше қоймайды. Ал оп-оңай көшіре қоямын дейтіндер …көже жасайды. Сондай «көжені» аудармашылар мен авторлардың бас қосуында мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы айтып берді.
Әсияның айтуынша, әуелгі жаңсақтық шығарманың орыс тіліне аударылған нұсқасында кететін көрінеді. Мысалы, қазақ ақынының Сарыүйек «жойқын» дегені – «нечистая тварь», «тварь на плече» деп аударылған. «Осы сөз осы қалпында ағылшын тіліне аударылса, түпнұсқадан не қалады?» – дейді Әсия. Сөзді емес, мағынаны, идеяны аудару мен түсіндіру де аударма барысында қиындық тудырады. Қазақта жігіт адам жасының мөлшері. Кейде ол адамның мінезіне, болмысына қатысты да айтылады. «Жігіт!», «Нағыз жігіт». Қазақтың «жігіт», «қалқам» деген сөздері тұманды елге «baby» болып барыпты. Яғни, «балақай».
Дүйсенәлі Әлімақын
(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)